Жүрек толқытар жүздесу

688 Views

Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандық білім беру бөлімі мәдениет Үйінің «Рухани жаңғыру» залында жүрек толқытар жүздесу өткізді. Білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Баймұратова өзінің кіріспе сөзінде Тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін айта келіп конференцияға жиналғандарды алдағы мереке күнімен құттықтады. Одан соң Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы және Максим Горький атындағы орта мектептердің кітапханашылары Мәншүк Есімбекова, Жанат Әуелова мен Назерке Үсейіновалар осы тақырыпқа қысқаша баяндама жасады.

Осы басқосуға 1986 жылғы 16 желтоқсанда Алматыдағы жастар толқуына қатысқан үш ұстаз келді. Осыдан 27 жыл бұрын олардың үшеуі де қаршадай, желкілдеген жас қыз еді. Ол кезде Сабира Нәлібаева ҚазМУ-дің тарих факультетінің студенті болатын. Қазір ол аудан орталығындағы №1 орта мектепте мұғалім. «Тәуелсіздік біз үшін қашанда қастерлі ұғым болып жадымызда мәңгіге сақталып қала береді. Өйткені Қайрат Рысқұлбековтың, Ләззат Асанованың рухы мәңгі жасайды. Біз сол желтоқсандағы үш күнді сүйегімізден суық өтсе де жендеттердің шашқан суы астында көкпеңбек мұзға тоңып тұра бердік. Бізге азаттық керек болды. Біз Қонаевтың орнында қалуын қаладық» десе, сол бір сүреңсіз сәтті Гүлбағира Нұралиева көзіне жас алып тұрып, тебірене еске алды: «Мен ҚазПи-дің бесінші курсында оқитынмын. Бір бейтаныс кісі келіп: «Егер кеуделеріңде намыс болса, ертең тегіс алаңға шығыңдар!» деп нығырлап айтып кетті. Ертеңіне біз Гоголь көшесімен топтанып жүріп отырып ЖенПИ-дің, одан соң Нархоздың студенттерін жатақханаларынан терезе арқылы шығарып, қалың нөпірге қосып алып, орталық алаңға келдік. Мінбеден сойлеп тұрған Камалиденов пен Назарбаевты таныдық. Шевченко көшесінің бойынан Роза Бағланованы көрдік, ол да жастарға жұбату айтып, қала берді.

Біз бірінші күні де, екінші күні де дойыр ұстап, жастарды қуалаған солдаттарға жердегі мәрмәр сынықтарын атқыладық. Бірақ, біздің ұранымыз Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әні болды. Қақаған аязда атылған су мұз болып үстімізге қатып жатса да сыр бермедік. Сонда бір капрон шөлкеймен алаңда жүрдік қой. Өртенген машинаны да, Челябіден келген қараниет қаскүнем солдаттардың да мазағына шыдап бақтық. Олар алаңға жиналған жастарға жала жабуға тырысты, бізге көрсетпей әр жерге арақ-шарап әкеліп қойып кетіп жүргенін абыр-дабырда біз білген жоқпыз. Бір қызымыз төрт күн бойы жоғалып кетіп тобымызға қайта келді. Бірақ, ол кейін жұмбақ өліммен қаза болды. Иә, осының барлығы аймандай шындық. Арада 27 жыл өтсе де менің сүйегімнен өткен желтоқсан ызғары әлі сезіледі. Бірақ мен алаңға шыққаныма өкінбеймін. Өйткені міне, Тәуелсіздігімізді қорғап қалдық. Осы күн жақындағанда желтоқсаншылар бір-бірін құттықтайды, бұл біздің дәстүрімізге айналған» дейді ол.

Гүлмира Нәбиева Халық шаруашылығы институтында оқитын. Ол: «Алаңға жастармен бірге бардық. Сонда ұстаздарымыз: «Осының бәрін ұмытыңдар, тегі қазақ екендеріңді ұмытыңдар!» дейді, Құдай-ау, қазақ екенімізді қайтіп ұмытамыз. Осы күнге жетіп, желтоқсан қаһарманы болып жүрген барлық желтоқсаншыларды мақтан етемін. Өйткені болған жәйды ұмытсақ кейінгі ұрпақ бізді кешірмейді ғой».

Иә, кездесу желтоқсандағы сол бір сұрапыл күндерді тебірене еске түсірді. Бұл өзі шынында да өте бір әсерлі әрі шынайы жүрек толқытқан кездесу болды. Конференция соңында желтоқсаншыларға Алғыс хаттар беріліп, сый-сияпат көрсетілді.

С.ҚОЖЕКЕ.

Поделиться ссылкой: