«Әке» поэмасындағы құндылықтар
Биыл заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының дүниеге келгеніне 85 жыл толып отыр. Бұл жөнінде көптеген газеттерде мақалалар да жарияланып жатыр. Сондай мақаланың бірін біздің газеттен де оқи аласыздар.
Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Әбіш Кекілбайұлының тұлғалық қасиеті, дара болмысы, домбыраға сүйіспеншілігі әкесі Кекілбай Қоқымұлынан дарыса керек-ті. Жазушы әкесіне деген сезімін, сүйіспеншілігін, құрметін, сағынышын «Әке» поэмасы арқылы танытты.
Қазіргі қоғамда баланың әкеге деген сүйіспеншілігін, әкеге құрметті арттырудың маңызы зор. Әкеге құрмет пен сүйіспеншіліктің, құндылықтардың озық үлгісін білім алушылар «Әке» поэмасынан таба алады.
Әбіш Кекілбайұлының «Әке» поэмасы құндылықтарды дәріптейді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» құндылық сөзіне мынадай анықтама береді: құндылық, қымбаттылық, бағалылық, маңыздылық, мәнділік.
Әбіш Кекілбайұлы әдебиетке алғаш қадам басқанда шығармашылығын ақындықтан бастаған. Сол себепті біз «Әке» поэмасына тоқталып отырмыз.
«Әке» поэмасындағы құндылықтар: сағыныш, Отан, туған жер, намыс, сенім, өмір, достық, ұлттық дәстүр, шындық, білім, ұлттық ойындар, еркелету.
Ақынның «Әке» поэмасының оқиғалары ауылда, яғни бір кеңістікте өрбиді. Сол себепті «Әке» поэмасындағы кеңістік – ауыл, соғыс жылдары, ақынның балалық шағы мен жастық шағы. Ақын осы кеңістік пен уақытты суреттей келе, шығармасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптейді. Әбіш Кекілбайұлының «Әке» поэмасында ең бірінші сағыныш құндылығы көрініс табады. Сағыныш – жас Әбіштің әкесіне деген сезімі, ішкі түйсігін жарып шыққан көл-көсір махаббаты.
– Жөн сұрап енді кімге жүгінемін?
Әкем жоқ ақыл айтар, жөн көрсетер,
Амалсыз көрші шалға жүгіремін, – деген жыр жолдары арқылы әкесін сағынған баланың «Өткен күнде белгі бар» демекші, амалсыздан өткенге көз салып, әкесі Кекілбай Қоқымұлын сағына жырлайды.
Отан, туған жер құндылығы «Әке» поэмасында жазушының туған ауылын суреттегенде көрінеді. Ақын туған жерінің табиғатын көңіл-күйімен байланыстыра суреттейді.
«Көзіме күлімдеген көктем емес,
Салпы етек, салыңқы иін күз келеді.
…Оңдыда біздің ауыл бұйығады,
Өңінен күлкі реңі сұйылады».
Жазушы Отан, туған жер құндылықтары арқылы туған ауылы Оңдының сұлу табиғатын ғана емес, «жынды желін» де суреттейді. Осы жыр жолдары арқылы ақынның әкесімен бірге туған жерінің де ыстық болғанын білуге болады.
– Бейнелеп туған жердің кешкі көгін,
Қытықтап сұлулардың ет жүрегін.
Жыр жаздым, риза боп қалыпты жұрт,
Сен оны оқымадың, естімедің, – деген жолдарда жазушы «туған жер» құндылығын ашып көрсетеді. «Әке» поэмасы арқылы әрбір қазақ танымында туған жер, Отан құндылықтары қасиетті болып саналатынын дәлелдеді.
«Жаным – арымның садағасы, арым – малымның садағасы» деген жалынды сөз әрбір қазақ жігітінің ұраны болатын. Әбіш Кекілбайұлы әкесіз өссе де, анасының тәрбиесі арқылы намыс құндылығын жоғары қояды.
Қазақ халқы үшін ұлттық құндылықтар деп дәріптелетін әдет-ғұрып, салт-дәстүр сахналық көрініс қана емес, өміріміздің шынайы бір табиғи көрінісі болатын. Қазақ өмірінің шынайы көрінісін «Әке» поэмасынан көруге болады. Қазақ халқында сүйінші деген ұлттық құндылық бар. Сүйінші – жақсылықтың хабаршысы. Соғыс жылдарындағы сүйінші құндылығы – жарқ еткен үміт сәулесі, бір отбасының қайта жанған шаңырағының қуанышы. Осы қуаныш сәтін көп күткен бала Әбіш:
– Көп болды көп үйде той күбінгелі,
Көп үйге сүйіншісі жүгіргелі, – деген жолдар арқылы сүйінші сұрап жүгірген көрші үйлерді суреттейді.
Қазақтың ұлттық ойындары – қазақтың ұлттық құндылықтарының бірегейі. «Әке» поэмасында ұлттық құндылық асық ойыны да әдемі суреттелген. Ақын Оңды ауылының балалары алашаны жайып жіберіп, асық ойнап, кімнің асығы алшысынан түссе, сол баланың әкесі соғыстан келетініне бала көңіл, пәк сезімдері сенетінін тамаша жыр жолдарымен жеткізеді.
– Жиырып ала шұбар алашаны,
Жиылып бала-шаға бал ашады.
«Келеді көкем, сақа алшы түсті!»
Көп бала көк сақаға таласады.
Солармен мен де бірге таласамын,
…Қуанам, алшы түссе, «Келеді!», – деп.
Үстінде тайраң салып алашаның,– деген жыр жолдарында балалармен көк сақаға таласып, әкесінің майданнан келуін асыға күткен бала Әбіштің бейнесі тартымды сюжет арқылы суреттеледі. Мұнда жазушы ұлттық құндылығымызды жырлап қана қоймай, алшысынан түскен асық – әкесінің қан майдан даласынан оралатынынан хабар беретін жақсылық белгісі ретінде суреттейді.
Білім құндылығы – жалпыадамзаттық құндылықтың бірі. «Білім – таусылмайтын кен» демекші, білім – адамзат үшін ең қажетті құндылық. «Әке» поэмасында бала Әбіш Кекілбайұлы әкесіне:
– Мен де өстім, мектеп бардым, жыр жаттадым,
Жақсы әннің қағып алдым ырғақтарын.
Зерек деп ауыл-аймақ болды риза,
Сен оны естімедің, тіл қатпадың, – деп кішкене кезінен мектепке барып, білім алып, жыр жаттағанын «білім» құндылығына бас қойған шәкірт екенін жазады. Әбіш жастайынан-ақ сұңғыла сөз өнерін бойына сіңірген тума талант иесі болды.
Әбіш Кекілбайұлының «Әке» поэмасында сөзбен өрнектелген құндылықтар қазіргі таңда әрбір адамға, оқушыға ауадай қажет деп түйіндеймін.
Нұрәли Керімбек,
Абай атындағы шағын орталықты орта
мектептің 7-сынып оқушысы.