Жердің аты – тарихтың хаты
Құм қойнауындағы қоныс
Үмбет бидің атымен аталады
Қазақ қазақ болғалы жер-су атауларын жәйдан-жәй атай бермеген. Сол жердің ерекшелігіне немесе жерін көркейтіп, еліне бас болған абыз адамдардың құрметіне орай ат қойып отырғаны тарихтан мәлім. Ауданымыздағы кез-келген жер-судың, елдімекендердің атауын зерттей, зерделей қалсаңыз тарихы тереңге тартатыны анық. Мәселен, өзім мекен етіп отырған ауылдың атауы Көкдөнен туралы бірнеше аңыз бар. Оны жан-жақты тарқатып беруге болар еді, бірақ та менің айтпағым құм қойнауындағы ежелгі қоныс жайында болмақ.
Кезінде Үмбет құмын білмейтін жан кемде-кем болатын. Осы өңірдің мыңғырған малы жайылатын құтты қоныс еді. Қазір ғой, ауыл-аймақтың маңын өріс етіп, ұзаса Алатаудың етегі мен қызыл құмның бергі жиегіне мал жайып келеміз. Үмбет құмында бірлі-жарым шопандар болмаса мал ұстап отырғандар аз. Олардың өзі Үмбет құмының атауына мән беріп, тарихын тарқатып бере алмайтынына сенімдімін. Бәлкім, «Неліктен Үмбет» деп бас қатырып жүрмеген де шығар. Ондағы қой шыларды былай қойғанда мұндағы көпшілік елдің де құм қойнауындағы құтты қоныстың Үмбет аталуын біле бермейтініне күмән келтірмеймін. Сондықтан да қолыма қалам алып, бала кезімде Үмбет жерінің төңірегіндегі қорықшы-малшылардан, көне көз қариялардан естіген «Үмбеттің» тарихына қатысты деректерді хатқа түсіріп отырмын.
Үмбет Сатыбалдыұлы 1808 жылы Көгершін тауының баурайында дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат таныған Үмбет тапқыр, мерген, саяткер, ат үстінде алдырмайтын шабандоз, батыр болып өседі. Есейе келе ел арасындағы жер мен жесір дауына, шиеленіскен көптеген талас-тартыстарға араласып, төрелік етеді. Оның осы әділдігіне риза болған ел оны Үмбет би атап кетеді. Қарапайым халықты қанап күн көрген, зорлықшыл, қиянатшыл, жалақор, бас бұзар алаяқтар Үмбет бидің қара қылды қақ жарған әділ билігінен сескеніп, арам пиғылдарын азайтыпты. Ел ауызында Үмбет бидің төрелігіне қатысты айтылған аңыз-әңгімелер өте көп. Соның бірін тілге тиек етейін. Бірде ауылдас жігіт ағайынның арасындағы бір қызды алмақшы болыпты. Сонда Үмбет би: «Қарындасын қатын қылуға асығып жүрген қай жарымаған? Өзге ауылда қыз құрып қалып па? Жеті атаға толған екен деп, қыз алыса беруге болмайды. Біріншіден: келіннен ұят, күйеуден мейір, баладан мият, ағайыннан пейіл кетеді. Екіншіден: Ұрпағы кем болады, Құлқыны кең болады. Бұл әңгімені осымен қойған жөн болады» деген екен.
Әлгінде Үмбеттің би-шешендігімен қатар батыр болғандыңын да сөз еттік қой. Үмбет Қоқан хандығы кезінде Байзақ датқа, Сұраншы, Сарыбайлармен бірге Жетісу, Әулиеата, Шымкент аралығындағы соғыстарға қатысып, ерлігімен көзге түседі. Оның батырлығы тектілігінде жатыр десек, қателеспейміз. Бұны Үмбеттің бабасы Таңсыққожа батырдың Абылайханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі сенімді серігі болғандығымен байланыстырып айтып отырмын.
Ал, енді сөз басындағы Үмбет құмының атауына келейік. Мойынқұмның қойнауындағы бұл мекен Мойынқұм, Шу өңірлері халқының құтты мекені саналған. Алатаудың етегін ен жайлаған мұндағы халықтың малы көбейіп, өрісі тарылғаны соншалық, ел мал жаяр өріс таппай дағдарады. Бұл тығырықтан Үмбет би алып шығады. «Өзге жерде мал жұтаса да, құмда мал жұтамайды. Құмда жел көп тұрмайды, қар аз түседі. Құмның жусаны, изені, шеттігі, жыңғылы, сексеуілі, жүзгеніне мал қанша жайылса да жетеді» деп қасына жақсы мен жайсаң қарияларды жинап, Мойынқұмды қоныс еткен халықтың ел ағаларына барып жолығады. Төрде отырған жасы сексеннің ар жақ, бер жағындағы сол өңірдің биі «Е, шырақтарым, бір атаның баласы екенбіз. Жер нәсібі, ел нәсібі. Ел нәсібі, ер нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір деген. Жер менікі емес, Құдайдікі. Құдайдың жері бәрімізге жетеді» деп рұқсатын берген екен. Содан бері сол жер үш ғасырдан бері Үмбет жері болып келеді.
Болат Әбдірәшханұлы,
Көкдөнен ауылдық ардагерлер
алқасының төрағасы.