Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
16 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Біз өзі «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейді екенбіз. Көбіне өзіміз жақсы танитын адамдарға ғана осы сөзді қолданамыз. Ал, былайғы өмірде бір сәтке ғана тағдыр тоғыстырып, соның өзінде саған жылуын шашып, жақсылық жасап үлгеретін жандарды сол сәтінде-ақ ұмытып кетеміз. Мен жуырда сондай жақсы адамға жолықтым. Анығында тағдыр жолықтырды. Оқиға былай өрбіді. Көрші Меркі ауданына жолым түсіп бара қалдым да, діттеген мекенжайға тездетіп жету үшін такси ұстадым. Таксист жігіт зуылдатып жеткізіп тастап, кері қайтты. Шаруаны тәмәмдап, қайтатын кез келді де, жан қалтама қолымды салдым. Ондағы ойым әмиянымды алып, таксиге берер пұлымды дайындап қою болатын. Жүрегім зу ете түсті. Әмияным жоқ. Оның ішінде жеке куәлігім, банкомат карточкам, 12000 теңгем, тағы да бір құжаттар бар еді. Қапелімде не істерімді білмей, қатты абыржыдым. Жаңа ғана мінген таксидің ішінде кетті деп топшыладым. Бірақ, ол көліктің нөмірін де, таксиші жігіттің кім екенін де білмеймін. Өзімше қорытынды шағарып, бұдан-былай таксиге отырсам, көліктің нөмірін жазып алып, көлік иесінің аты-жөнін жазып алу керек екен деп қоямын. Осылай әрі-сәрі күй кешіп тұрғанымда ұялы телефоныма белгісіз нөмірден қоңырау түсті. Көтердім. Арғы жақтағы дауыс менің аты-жөнімді сұрады. Әлгі таксиші жігіт екен. Расымен де әмияным таксиде кетіпті. Сәлден соң өзін Айбек Жексенұлы деп таныстырған жігіт әмиянымды қайтарып берді. Құжаттарым да, ақшам да орнында. Сүйіншіңе деп мың теңгені ұсындым.
-Ризашылығыңызбен беріп тұрсыз ба, аға?
-Ризашылығыммен беріп тұрмын інім, ала ғой.
-Онда алайын,-деді де ақшаны алды.
Мен осы оқиғаны аудандық қоғамдық кеңестің мүшелеріне айтып едім, ауданның Құрметті азаматы Түзел Селбайқызы да дәл осыған ұқсас оқиғаны басынан кешкенін айтып берді. Ол кісі аудандағы «Ару» дүкенінің ішіндегі терминалға ақша салып, азық-түлігін алып үйіне кетеді. Арада екі-үш күн өткенде үйіне бір құрбысы келіп, қарызға ақша сұрайды. Ақша берейін десе әмияны жоқ. Аң-таң болып тұрғанда «Ару» дүкенінің иесі Сапаркүл Нұржанова келіп, жоғалған әмиянды ішіндегі 50 (елу мың) теңгесі мен, бар құжатымен әкеліп беріпті. – Әмиянды ешкім іздеп келмеген соң, сол дүкен ішіндегі адамдарды шақырып, әмиянды ашып, ішіндегі ақшаны санап, құжаттарын қарап, иесінің кім екенін білген соң әкеліп тұрмын, -деп ағынан жарылыпты. Түзел Селбайқызы Сапаркүлмен әңгіме барысында оның әр жұма күні келген тұтынушыларға қайырылымдық ретінде қосымша құнын шегеріп, өз бағасында сатуды үрдіске айналдырғанын естіп, ризашылығын білдіргенін жеткізді.
Бұл біз бастан өткерген бірді-екілі оқиға. Өмірде мұндай ізгі оқиғалар көп екені анық. Соның барлығын да жанымызда, айналамызда жүрген жақсы адамдар жасап жатыр. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген жақсы сөз бар. Жақсылық жасауға асығайық, ағайын!
МҰРАТХАН СТЫБАЕВ,
Құлан ауылының тұрғыны, аудандық
Қоғамдық кеңестің мүшесі.