1 104 Views
Жамбыл жұрты тағы да бір “Алтын жұлдызды” адамды қарсы алды
Жамбыл темір жол вокзалына бұл күні Жарлысу жұрты тайлы-таяғымен келген сыңайлы. Өйткені: «Шәушеннің» (шын ныспысы Әліқұл) Сайрамбайы «Алтын жұлдыз» алыпты деген сүйінші хабарды естіген халық жүректері жарыла, екі қолдарын өкпесіне қысып, Жамбыл темір жол бекетіне жеткен. Енді міне, бәрі де перронға шығып алып «Астана-Шымкент» жүрдек поезының келуін тағатсыздана күтіп тұр. Сағат тілі 8-ден 50 минут кеткенде поезд келіп перронға тоқтайды. Мен Сайрамбайдың ұялы телефонына қоңырау шалып, оны ерекше атағымен құттықтадым (автор). Ол өз кезегінде: «Сәке, керемет болды бәрі… Елбасының қолынан осынау мәртебелі награданы алғалы жүрек шіркін кеудеме сыймай келеді» деді шын тебіреніп.
Дегенше болған жоқ жүрдек жолаушы поезы перронға келіп тоқтай берді. «Алтын жұлдызды» адамды күткендердің арасында құшақ-құшақ гүл шоқтарын арқалаған ауылдастары да, аудандық мәдениет бөлімінің нан мен тұз ұстаған қырмызы гүлдей қыздары да, тіпті жоғары лауазымына қарамай алға ұмтылып келе жатқан облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев те, аудан әкімі Асқар Қырықбаев та бар еді. Сол-сол-ақ екен…вагон есігінен «Алтын жұлдызы» жарқырап Сайрамбай бауырымыз да көрінді. Ол осылайша жерлестерінің ыстық құшағына көміліп қала берді. Қазақстанның Еңбек Ерінің жанында бірге келген сенатор Абдалы Нұралиевті де ел шынайы ықыласпен қарсы алды.
Іле-шала жұрт осы жұбымен Төле би көшесіндегі Баласағұн атындағы мәдениет Сарайына келді. Онда Тәуелсіздік Күніне арналған облыс жұртшылығының салтанатты жиналысы өтіп, облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов жиналғандарды мерекелерімен құттықтады. Ол кісі үлкен мінбеде тұрып сахна төріне Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевты шақырды: «Ардақты ағайын! Экономикамыздың егіздің сыңарындай екі саласы бар. Соның біреуі өнеркәсіп те, екіншісі ауыл шаруашылығы. Бұған дейін өндіріс саласында Мұқаш Ескендіров «Қазақстанның Еңбек Ері» деген жоғары атақты омырауына таққан болатын. Енді міне, ауыл шаруашылығынан Сайрамбай Дөненбаев екінші болып «Алтын жұлдыз» тағып отыр. Сөйтіп, біздің екі саланың қос қанаты теңесті. Елбасының Жарлығымен келген мәртебелі наградаң құтты болсын, бауырым!» деді еңбек майталманын барша жамағаттың көзінше құттықтап.
Осынау «ақ түйенің қарны жарылған» қуанышты сәт ертеңіне аудан орталығында, одан соң Еңбек Ерінің өз отанында – Жарлысу ауылында заңды жалғасын тапты. Ауыл халқы өз батырын алақанына салып қарсы алды десе де болғандай еді. Жарлысу жұрты Сайрамбай салған мемориалға жиналды. Онда үлкен жиын-митинг өтті. Аудан әкімінің орынбасары Манарбек Әміреұлы Тілепов, ғалым Тоқтар Абайділдә, ауыл ақсақалдары Кәдірбек пен Аманқұл құттықтау сөз сөйледі. Артынша Сайрамбайға ат мінгізіп, арқасына шапан жапты. Сайрамбай туған ауылына, өзінің тұғырына келген соң жаны жайланып, ел алдында шешіле сөйледі. Елбасымен болған Ақордадағы кездесуден алған әсерлерін тебіреніп, толқи тұрып айтып берді.
Осындайда елге тұлға болған жомарт жүректі жерлесіміздің өмір дерегіне қысқаша тоқталып өтсек те болады ғой деп ойлаймын. Сайрамбай 53 жасында “Батыр” атанды. Ол осы Жарлысу ауылында дүниеге келіп, осындағы орта мектептің сегізінші сыныбын тамамдаған соң Жамбылдағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернатта білімін одан әрі жалғастырды. Әскери борышын өтеп келген соң 1986-1993 жылдар аралығында алғаш әкесіне көмекші болып, кейін аға шопан болып «Алғабас» қой совхозының малын бақты. Ферма басқарып, зоотехник болды. 1997 жылдан бастап «Шәушен» шаруа қожалығының тізгінін ұстап келеді.
Осы жылдар ішінде Сайрамбай Әліқұлұлы көптеген Үкімет наградаларына ие болды. Ол Қазақстан Республикасының 2001 жылғы Жарлығымен тұңғыш рет «Тәуелсіздікке 10 жыл» мерекелік медалімен, 2003 жылы «Ерен Еңбегі үшін» медалімен, 2011 жылы «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалімен, 2012 жылы «Парыз» медалімен, сол жылы «Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен, 2013 жылы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, 2014 жылы «Ұлт даңқы» орденімен марапатталып, ол басқарған «Шәушен» шаруа қожалығы «Парыз-2012» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі конкурсында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша күміс жүлдені жеңіп алды. Ал, 2018 жылғы 4 желтоқсанда Сайрамбай Әліқұлұлы республикалық «Жомарт жүрек» конкурсының «Жыл тұлғасы» номинациясын иеленді.
Ол осы жылдар ішінде туған ауылын көркейтуге көп еңбек сіңірді. Атап айтқанда 2010 жылы «Мұрат баба» мешітін салып ел игілігіне жаратса, 2012 жылы құны 150 миллион теңге болатын 40 орындық интернет салып, оны мемлекет меншігіне берді. Сондай-ақ, ашаршылық құрбандары мен Ұлы Отан соғысында мерт болғандарға арнап мемориалдық кешен салды. 2017 жылы құны 250 миллион теңге болатын 92 орындық «Тәттімбүбі» бөбекжай бала бақшасын пайдалануға берді. Таудағы «Қарабұлақ» жайлауынан қымызбен емдеп, сауықтыру демалыс орнын ашты. Ал, биыл Тараз қаласындағы «Ғибрат» орталығының құрылысына қолұшын беріп, туған өлкенің өсіп-өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосты. Ол Жарлысу ауылындағы әлеуметтік көмекке зәру отбасыларына ұдайы көмек қолын созып тұрады. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына 10 миллион, аудан орталығын көркейтуге 500000 теңге, ат спортын дамытуға миллион теңге көмек беріп, үздіксіз демеушілік жасап, қайырымдылық қаражатын беруден жалыққан емес.
Туған жеріне туын тіккен, жаны жомарт меценатты бүкіл аудан халқы мақтаныш тұтады.
Сайрамбай Әліқұлұлы, Сізді бүкіл аудан жұртшылығы ерекше мемлекеттік жоғары атағыңызбен шын жүректен құттықтайды! Еңбегіңіз жанып, әлі де толағай табыстарға жете беріңіз!
Осы жоғары атақ ат төбеліндей үш азаматқа ғана беріліп отыр. Солардың ішінен сіздің аты-жөніңізді көру біз үшін зор мақтаныш.
Эксклюзивті фоторепортажды газетке әзірлеген: өз тілшіміз С.ҚОЖЕКЕ. СУРЕТТЕ: «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен айырықша ерекше белгі «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін Елбасының қолынан алған «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Әліқұлұлы Дөненбаевты жұртшылықтың Жамбыл темір жол вокзалынан қарсы алу сәті.
Поделиться ссылкой: