Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Атақты қырғыз ақыны Қатағанмен сөз қағыстырып, жыр алыбы а т а н ғ а н Ж а м б ы л Ж а б а е в т ы ң есімін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен өңірімізде айтыс аламаны өтіп жатқаны белгілі. Осы ретте мына жайтты назарға алған абзал. Мұнда ұйымдастырушылар әр ауданнан шыққан танымал ақындарды айтысқа қатыстыра отырып, жырға жаны құштар оқушылардың талабын шыңдауды көздеп отыр. Бұдан ешбір именудің реті жоқ секілді. Біздің пайымымызша, бұл – ертерек қолға алынуы тиіс бастамалардың бірі еді. Өйткені, қазіргі уақытта интернетке желімдей жабысқан жас буынымыз ұлттық өнердің қалыбын мүлде түсінбей барады. Бұлай жалғаса берсе, бабаларымыздан мұра болып жалғасқан ақсүйек өнер айтысымыз құмға сіңген судай жұтылып кетуі мүмкін. Сондықтан айтыс қайта жандансын десек, осындай жыр-додалардың көбірек ұйымдастырылғаны құб-ақ…
Осы аптада аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Жамбыл – менің жай атым, Халық — менің шын атым» атты жыр бәйгесінің аудандық кезеңі болып өтті. Айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов пен «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ақын Ербол Қамбатыров қазылық еткен аламан айтысты аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов сөз сөйлеп, ашып берді. Ақын Жорабек Әбдікерімов те арнау өлең айтып, жырға сусып отырған ағайынның рухын көтерді. Содан соң, уақыт оздырмай жеребе бойынша жұптары анықталған 16 ақын сөз сайысын бастап кетті. Алғаш болып сахнада өнер көрсеткен Айбек Қали мен Жұлдызай Қуатбектің айтысы іш пыстырарлық деңгейде өтсе де, залға жиналған көпшілік қос өреннің таудай талабына қол соқты. Одан кейін, сөз сайыстырған Бекарыс Шаймахамбет пен Мерей Алтынбекованың өнері халыққа ұнағандай әсер қалдырды. Әсіресе, Бекарыстың жыр айту мәнерінен қазақы үнді естіп, қуандық. Санжар Болат пен Жанерке Қалидың айтысында да өзгешелік байқалған жоқ. Сол бір сарын. Жаттанды сөз. Ал Жансая Сәрсенбаева мен Нұргерім Нұрланның сөз қағысы нағыз қыз бен жігіттің айтысына сай болды. Жансаяның Нұргерімге сахна сыртындағы келіскен сөздерді айтпағаның жігіттікке жараспайды д е у і ж а с ө р е н н і ң н а м ы с ы н а тиген болуы керек, бозбала жігіт құйқылжыта жөнелді. Әрқашан шындықтан тайсалмайтын Нұргерім фотоесептің көптігін алға тартып, аудан жастарына тірек болар жүйелі жұмыстың жоқтығын өз жырына арқау етті. Жансая да одан қалыс қалмай, ұйқасты өлеңмен жауап беріп отырды. Студент Бексұлтан Әбіқұл мен оқушы Дәнекер Сәменқұлованың айтысы Нұргерім мен Жансаяның деңгейіндей бола алмады. Алайда, бұл жұптың сөз сайысында ойлы сөздер де айтылып жатты. Нұртөре Жорабек пен Ақбота Есіркептің жыр маржандары көрермендерге ұнады. Әсіресе, Нұртөре өзінің болашағынан зор үміт күттіретін ақын екенін дәлелдей білді. Аға мен інінің айтысын тамаша дәріптей білген Камшатбек Ембердиев пен Нұрдәулет Устемировтың өнерлеріне де алқалаған әлеумет шапалақты аямай соқты. Ал нағыз жыр сүлейлері, республикалық аламан айтыстарда топ жарып жүрген қос мықты Асхат Қылышбек пен Айтбек Тұрсынбай сахнаға шыққан сәтте залдағы көпшіліктің дауыстары жарқын шықты. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, бұл жұптан көрермен ерекше айтыс күтті. Және ол солай болды да. Әуелгі сөзді бастаған Асхат ақын киелі Құлан жерінен талай мықты дарындар шыққанын айта келіп:
Тең болып тұрса-дағы төрт құбылам,
Қоғамда болып жатыр көп тым ылаң.
Жасөспірімдер қылмысы өршіп барады,
Түзеусіз тәрбиеден деп бір ұғам.
Ашық-шашық киініп қыздарың жүр,
Дегендей көзге түсіп, көп қыдырам.
Мұны ойласам есіме түседі ылғи,
Жамбыл-Жәкем пейілі кең, шоқты қыран.
Шапанымен ойнатып бар баланы,
Санасына тәлімді епті жыр-ән.
Еркелетіп батасын беріп жүріп,
Ұрпағын ұлағатты текті қылған.
Ол тәрбие бүгінде көзден ғайып,
Баланың бар жолдасын сотка қылған.
Беттен қақпай ата-ана өсірген соң,
Секіретін жастар көп тоқтығынан.
Көбейді әр үйде мас, сәбиде жас,
Жамбылдай ақсақалдың жоқтығынан.
Жылқыны құлататын түлкіні атып,
Мергенсің-ау пайдасыз жұртыма түк.
Тарқатып тағы айтсақ мәселе көп,
Санасын елдің жүрген сырқыратып.
Әркімге еліктеймін деп жастарымыз,
Барады рухы семіп, құлқы қатып.
Кәрістің сериалын көріп алып,
Жігіттер шаш өсірді бұрқыратып.
Үндінің сериалын көріп алып,
Қыздарың сари киді жылтыратып.
«Қалаулым», «Кел, келінім» эфирде жүр,
Пайдасы болмаса да ұлтыма түк.
Тіріліп, Жамбыл-Жәкем қайтып келсе,
Таяғымен қуар еді тырқыратып.
Барыс болам деп жүрген байтақ елді-оу,
Қайда бастап барасың түлкі уақыт, -деп негізгі тақырыпты қозғай отырып, бүгінгі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз жайттарды жырлап өтті. Өз кезегінде Айтбек ақын да
осалдық танытқан жоқ. Тәжірибелі а ғ а с ы н ы ң ә з і л — ш ы н ы а р а л а с қалжыңына ұтқыр тіркестермен үн қата отырып:
Көздерін көрмесе де сезген ішім,
Ұлы Отан қасіретті кез мен үшін.
Ұлы майдан ұлдарын шақырыпты,
Ұрпақтары жетімдік сезбеу үшін.
Қос ұлын аттандырмақ бопты Жамбыл,
Фашистің езгісіне төзбеу үшін.
Сол кезде Алғадайы атқа қонып,
Екінші ұлы бермепті тез келісім.
Қашып шығып бір талды паналапты,
Тағдыры көрсеткен соң лезде қысым.
Қапаланып қалса да қайран әке,
Ұрпағының кешіріп аз кемісін.
Соңынан адам салып, алдыртып ап,
Түсіндірген деседі сөз мәнісін.
Егерде Отаныңды қорғамасаң,
Деп айтыпты адамның азғанысың.
Осылайша қос ұлын аттандырған,
Тағдырдың тәлкегіне төзді арысым.
Жердегі әкелердің барлығы да,
Жамбылша өтей алса өз борышын, — деп тақырыпты тереңінен қаузай түсті.
Айтыс мәресіне жеткен тұста қазылар алқасының мүшелері өз пікірлерін білдіріп, аталмыш жыр-бәйгесі біреуді жоғарылатып, не болмаса, екіншіні төмендету мақсатында өткізіліп отырмағанын тағы бір мәрте еске салды. Байқау қорытындысы бойынша барлық 16 ақынға аудан әкімінің алғыс хатымен бірге бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Халық шығармашылығы» орталығының арнайы дипломы да ақындарға табысталды. Ал «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты аудандық жыр додасының бас жүлдесін жаңатұрмыстық ақын Асхат Қылышбек жеңіп алды. Жүлделі I орын жарлысулық Айтбек Тұрсынбайға бұйырды.
Марат ДИХАНБАЙ.