Наурыз көже – ынтымақтың дәнекері
18 ViewsНаурыз мерекесінің басты тағамы – «Наурыз көже» екені мұқым қазаққа белгілі. Негізінде, «Наурыз көженің» тарихы туралы ел ішінде көптеген деректер айтылады. Шағын ғана мақаламда…
Айыр қалпақты қырғыз елі мен қазақ жерінің ортасын бөліп тұрған алып Алатаудың бір бөлшегі Мақпал тауы деп аталады. Ортасы сай екі жағын өркеш-өркеш тау көмкерген, қызғалдағы көкірекке сұлу сезім сыйласа, мәңгілік жасыл аршалары сонау ата-бабаларымыздан бері бірге жасап, көпті көрген қариялардай көңілге жылылық ұялатады. Сайдың дәл ортасында Алатаудың биік шыңдарынан басталатын ақ көбік, күркіреген бурыл су тулап ағып жатады. Бұл айналасындағы тіршілік иелеріне өмір сыйлаған құдіретті-Тассай. Ол күркірегенде болмысың аласұратындай күй кешесің, арқырай аққан ағын судың арнасы тарамданып барып,терең өзекке құятын-ды. Өзектің жанындағы елді мекенді «Тереңөзек» деп атап кеткені де сондықтан болар. Ауылым – тұнған байлық, тұнған шежіре.
«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегінде тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі, адам – өзінің жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббаттың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарында дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынада түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. Осы туған жеріміздің табиғатын, бейнесін суреттеуде өзінің ұшқыр ойын өлең жолдарымен, қара сөздерімен әсерлі жеткізе білген ұлы тұлғаларымыз көп болды. Тереңөзек жайлы толғаған ақындар-өзіміздің жерлестеріміз, халқының татулық, бірлігін ойлаған, қазақ ұлтының арман-мұратын келесі ұрпаққа жеткізген, бір ауылды аузына қаратып, ақыл айта білген, тәрбиеші адамдар болды. Ауыл ішінде от ауызды, орақ тілді, сөзге шешен айтыскерлеріміз де бар. Осындай аузы дуалы Өзбек Ақжолұлы, Қожамберді Омаров, Қазыбай Бижанов, Мырзақұлұлы Әмірқұл, Әбдіәкім Жәліметов сынды бірқатар салиқалы, елі үшін еңбегі сіңген, ары таза қарттарымыз – қазынамыз, байлығымыз, мақтанышымыз. Бұл ақындарымыз- жүрек тебірентерлік, көпшілік өсиет- өнеге аларлық ғибратнамалар көптеп жазып қалдырды. Ақындарымыздың осындай еңбектерін көркемдік дәрежесі жоғары, айшықты, уақыт жүгін арқалайтын күнделікті өмірде қолданылатын, үлгі-өнеге тұтатын еңбек деп бағалаймыз. Үйлесімді ырғақ пен ұтымды ұйқасқа құрылған, мазмұны терең ұшқыр даналық сөздері өз мән- мағынасын жоғалтпаған. Әйткенмен, уақыт аттай шауып, тынымсыз алға ұмтылады. Әр адамның өзіндік өмірі өз соқпағымен өте береді. Дегенмен, жақсының жүрген ізі, шешеннің өлмес тілі, ақынның жыры-ұрпаққа мол мұра болып қалары анық. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан киелі, қасиетті Тереңөзек өңірі тума таланттарға бай. Осы бабаларымыздың салған сара жолын жалғайтын әрине, өздерінен кейінгі жастар. Киелі жеріміздегі таланттар осымен тоқтап қалған жоқ. Келесі буын да дәл осы біз мақтан тұтып отырған қарияларымыздың, ақындарымыздың, ақсақалдарымыздың жолын жалғап келеді. Бабалардың жолын үздіксіз жалғап келе жатқан, өлкеміздің ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышы Нұрлан Байкөзов халықаралық деңгейдегі сазгер. Ол кісі өнер жолында шығармашылығының биігіне жетті. Халқының құрметіне бөленді. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, бүгінде танымал, біраз өнер адамдарының жолына бағыт берді. Ал қазіргі қоғамға қарап, бейталанттар бағаланып, шын таланттардың еңбегі ескерусіз қалып жатқанда іштің алақұйын болатыны рас. Біздің қазақ эстрадасының маэстросы Нұрлан Байкөзов өнер саласына тер төгіп келеді. Себебі, онда бір атақ бар, ол шет ел музыка классиктерінің берген бағасы-«Гранда маэстро». Нұрлан атамыз бұл жетістікке қажырлы еңбектің арқасында жетті. Келесі киелі Тереңөзек топырағынан шыққан ақын, жас болса да бас бола білген Хамит Есаман. Хамиттың ауыз толтырып айтарлықтай еңбектері баршылық. Қазір кеңінен танылып, танымал болып жатқан ақын. Өлеңдері, еңбектері өте көп. Өзінің бірнеше кітаптары да бар. Ақын ағамызға арналған кеш өтіп, еңбектерімен таныстық. Ендігі ауылымыздың мақтаныштарының бірі — Айбек Сайлаубаев. Айбек Жайлышұлы өзінің туған жерін ерекше сүйіспеншілікпен, махаббатпен, мақтанышпен жырлайды. Бұл сөзіме дәлел ақынның өз туындысы:
«Туған жер-Тереңөзек тербетілген,
Жыр сүйіп құшағыңда ер жетіп ем.
Сыр тұнған бір өзіңдей ғажап өлке,
Әлі де көргенім жоқ жер бетінен…» деген өлең жолдарынан аңғаруға болады. Бұл шумақтарға Нұрлан Байкөзов атамыз ән шығарды. Қазір бұл өлең Тереңөзектің символына айналғандай. Осы атап айтып отырған Айбек Жайлышұлының қос бірдей шәкірттері Аруна Керімбек және Диана Тұрсынбек Тереңөзек ауылының атын шығарып, талай жыр додаларында жүлделі орындарға ие болып жүр. Ешқандай ақын өзінің туған жері жайлы тебіреніп өлең жазбауы мүмкін емес. Бұл қос ақын әлі жас буын болса да, туған жерге деген махаббаттарын жеткізген. Сөзіме дәлел, Аруна Керімбектің «Таңғажайып Тереңөзек-туған жер, сен мен үшін бәрінен де қымбатсың!» деген өлең жолынан, Диана Тұрсынбектің «Алып жатқан аспан асты, жер үстін, Тереңөзек-менің жалғыз жәннәтім…» деген сөздері. Мұндай дарынның барлығы, әрине, осы бабалар топырағынан дарыды десек, артық болмас.
Қорыта келе айтарым, «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегенді атам қазақ бекер айтпаған. Бұл кісілер біз үшін үлгі, мақтаныш. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан, толықсып шыңдалған ең ізгі адамгершілікке толы халқымыздың тамаша дәстүрлерін жаңғырту-бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Ертеңгі ұрпақ бабалар дәстүрін, рухын жоғары ұстау үшін сол асыл қазыналарымызды қадірлеуіміз қажет. Халқымыздың рухани азығы, әділдігі, ізгілігі, ол-адам жанының рухани байлығы, өнердің шыңы. Яғни, өнерлі ел-өлмейді деген сөз.
Гауһар ОСПАНОВА,
Жамбыл атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.