Ақпейіл мейірім, таза жүрек

822 Views

кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаевты Қазақстанның Еңбек Ері атандырды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпыұлттық мақаласының «Өзгерістерді өзіңнен баста» атты кіші бағдарламасы аясында сейсенбі күні аудандық Мэлс Өзбеков атындағы

 мәдениет үйінде «Еңбегімен еленген Еңбек Ері» және «Еңбегімен ел таныған азамат» атты тақырыптарда кездесу ұйымдастырылып, оған басты кейіпкер ретінде «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев шақырылды. Аудан әкімдігінің білім және ішкі саясат бөлімі, сондай- ақ

 аудандық жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен өткен ілкімді іс-шараға аудан әкімі Асқар Қырықбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ұлт жанашыры Сайрамбай Әліқұлұлының алғашқы ұстазы Мырзанкүл Сатаева, «Аслан» шаруа қожалығының басшысы Асхат Шопаев және «Шәушен» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ақбота Есіркеп қатысып, жүрекжарды лебіздерін айтты.

«Ата марқұм біздерге үнемі халықпен бірге бол, халықтың жолымен жүргін. Қазақпен бірге болсаң, жалғыздық көрмейсің. Осыны ешқашан ұмытпағын дейтін. Момышұлы шаңырағының ұстанып келе жатқан қағидасы – осы» деп сұхбат берген еді республикалық басылымдардың біріне атақты

 Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова. Осынау тағылымды іс шарада Дөненбаевтар әулетінің де негізгі кредосы дәл осындай тәрбиемен өрілгенін байқадық. Кездесу барысында Сайрамбай Дөненбаев залда отырған жастарға тәрбиелік мәні бар мынадай бір әсерлі әңгіме айтып берді.

– «Балапан ұяда нені көрсе

 ұшқанда соны іледі» деген сөз бар дана халқымызда. Бұны айтып отырған себебім, қазіргі таңда ұстаз дейтін ұлы мамандықтың қадірі жоғалып барады. Біз ұстазды ерекше қадірлеп өстік. Ұстаздың алдын кесіп өткен кезіміз жоқ. Сіздерге өзімнің басымнан өткерген бір оқиғаны айтып берейін. Еңбекке баулу пәнінен Сәдірмек деген ағай дәріс берді. Бүгінде көзі тірі. 90 жастан асты. Ағайдың жиен інісі Абаш есімді жігіт көрші ауылдан мектебімізге оқуға келіп оқыды. Ол «А» сыныбында, мен «Б» сыныбында оқимын. Сол жігіт ауыл жеткіншектеріне өзінің күшін көрсетіп, айбаттаныпты. Содан екеуміз төбелесіп, мен оны соққыға жықтым. Ол ағайға айтып барса керек. Ертесі күні Сәдірмек ағай мені дәріс өтетін кабинетіне қамап кетті. Көктемнің кезі болатын.  Жарты сағаттан кейін қолына бір бума көк шыбығын құшақтап, ағайым келіп тұр. Сөйтіп, шыбық ада болғанша сабады. Біраз сөздер айтты енді. Осылайша, әбден сазайымды берді ұстазым. Мен сонда мұғалімнің ұрғанын үйге айтып барған жоқпын. Керісінше, әке-шешем естімесе екен дедім. Жасырасың. Оның үстіне, білесің, әкенің тағы да таяқтың астына алатынын.

Ал қазір ше? Мұғалім балаға сөйлеп қойса болды, ата-ана, ата-әжесі бәрі дірдектеп барады мектепке. Ұстаз бекерден-бекер таяқтамайды ғой баланы. Оқымағандықтан, я болмаса тәртіп бұзғандықтан қол көтереді. Осыны кейде дұрыс түсінбей жатамыз. Содан мен ағайыма күлкі болмайын деп бел жазбай еңбек еттім. Ақиқатын айту керек, Сәдірмек ұстазымның таяғы маған үлкен шабыт берді, ардақты ағайын. Отыз жасыма дейін Сәдірмек ағайды жек көріп келдім. Кейіннен ағайдың үйіне барып тұрып:

– Сіздің таяғыңыз маған өмірлік сабақ болды. Егер сіз мені жөнге салмағанда мен тура жолдан айнып, басқа жолға түсіп кетер ма едім. Ағаттық жасаппын. Мені кешіріңіз,-деп алдынан өттім. Міне, нағыз ұстаздық деген осындай болу керек меніңше,- деп қорытындылады өз сөзін Қазақстанның Еңбек Ері. Бұдан соң, сөз сөйлеген аудан әкімі Асқар Қырықбаев Сайрамбай Әліқұлұлының жасап жатқан баянды тірліктерін айтып, «Шәушеннің» Қазақстандағы 10 іргелі шаруа қожалық қатарына енетінін атап өтті. Ұлағатты ұстаз Мырзанкүл Сатаева болса, шәкіртінің математикаға жүйрік екенін сөз етіп, кеш кейіпкерінің бала күнінен жомарт жігіт болып өскенін баяндап берді. Аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы Сайрамбай Әліқұлұлының әке-шешеден тараған тектілік болмысын, адамдық қасиетін айта келіп:

– Адал болсаң ақ көңіл бауырыма балаймын,

Дос болуға ұмтылсаң достасуға  жараймын.

Қажет емес мен үшін сенің атақ-дәрежең,

Мен алдымен адамдық қасиетіңе қараймын— деген жыр-жолдарын оқып берді. Ал «Шәушен» мектеп-интернатының тәрбиеленушісі, жақында ғана өткен «Жамбыл — менің жай атым, Халық – менің шын атым» атты аудандық айтысқа қатысып, өз өнерімен дараланған Ақбота Есіркеп есімі елге белгілі меценат ағасына:

Сіздей адам мен әліде-ау көрмеппін,

Осының бәрі жемісі ме еңбектің.

Жұртыңызға жанашырлық танытып,

Жарлысудай бір ауылды жөндеттің.

Көрсем болды, қуанам төбеңізді,

Әрбір айқан сөзіңіз ғұмыр ізгі.

Сайрамбайдай аяулы ағам менің,

Мақтан тұтам мәңгілік өзіңізді,-деп арнау өлең арнады. Әсерлі кездесуде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында есті әндер шырқалып, кеш соңында аудан жастарының атынан Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевқа қос қанатты пырақ бейнеленген картина сыйға берілді.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: