Қазаққа қажет емес сөз

1 253 Views

Қазаққа қажет емес сөз

Газеттің 29 қаңтардағы санында (№8 ) «Сіз не дейсіз?» деген айдармен берілген «Бешбармақ» — біздің ас емес» атты мақалада өзекті мәселе қозғалған екен. Мақаланы оқи отырып, тіл маманы ретінде үн қосқым келді. Мен бала кезден көркем әдебиетті жата-жастана оқып өскен қазақтың бірімін. Классик ақын-жазушылардың шығармаларын көкейіме түйіп оқып, жыраулар поэзиясын жаттап ер жеткенмін. Әлі күнге дейін, қолым қалт етсе, көркем әдебиет оқимын. Айтайын дегенім, бірде-бір көркем әдебиетте «бешбармақ» сөзі кездеспейді. Яғни, бұл сөз әдеби тілде жоқ. Әдеби тіл былай тұрсын, қазақтың сөздік қорында жоқ. Бізде қазақ тілінің бүкіл лексикалық байлығы жинақталған «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бар. Бұл түсіндірме сөздікке қоғамдық өмірдің барлық салаларында жиі қолданылатын сөздермен қатар, көпшілікке арналған ғылыми әдебиетте, мерзімді баспасөз тілінде қолданылатын терминдер мен атаулар, тұрақты тіркестер, ХV-ХVІІІ ғасырлардағы әдеби тіл үлгілерінде кездесетін сөздер мен фразеологиялық тіркестер, диалектілер, кәсіби сөздер мен көнерген сөздер, жаңа атаулар да енгізілген. Ең алғашқы «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» 1959 жылы шыққан болса, соңғысы 2008 жылы шықты. «Бешбармақ» сөзі бұл жинақтардың ешқайсысында жоқ. Өйткені бұл қазаққа қажет емес сөз. Ендеше бұл сөз қалай, қашан пайда болды? Бұл сөзді біз не үшін қолданып жүрміз және оны кімдер көбірек қолданады? Сол мәселе жөнінде өз пайымдауларымды айтайын. Алдымен бұл сөздің пайда болуы туралы мынадай екі деректі алға тартқым келеді.

«Бесбармақ (Бешбармақ) — қырғыздың бас тағамының атауы және қазақтың бас тағамының орыс тілінен ауысып қалыптасқан атауы. XIX ғасырда қазақ арасына орыстарға тілмаш боп келген татар-башқұрттардың қамыр қосып тартқан етті қолмен алып қабылдауын білдіретін «беш бармақ» деген атаумен байланысты қалыптасса керек. Соңғы жылдары басқа халықтардың, әсіресе, орыстардың айтуымен қазақша еттің жалпы атауы ретінде қолданысқа еніп кеткен. Шынтуайтында, қазақ даласындағы патшалық әкімшіліктің жергілікті шенеуніктерінің ет тағамын кемсітіп атауы. Қазақ ешкашан қонағына тартқан етін бұлай атамаған» (ғаламтор желісінен https://baribar.kz/).

Екінші бір деректе бешбармақ тағамға берілген баға атауынан шыққан дейді: «…Сондай бір мейрамдағы аспаздар жарысында қазақтар өздерінің ұлттық тағамдарының ішіндегі ең кереметін, қазы, қарта, жал, жая және жылқының басқа да еттеріне қамыр, пияз және өзге де дәмдеуіштер қосылып пісірілген, дәмі тіл үйірген тамағын көрсеткен. Жарыстың төрешілері әділқазылар алқасына қазақ аспаздары әзірлеген ауқат өте қатты ұнап, төреші боп отырған 5 реферидің барлығы бірден бармақтарын көтеріп «5 бармақ» бағасын берген, ал егер судья жалғыз болса, бармағын бір емес 5 рет көтеріп «5 бармақ» бағасын берген, яғни, қорыта айтқанда, бұл тағамның сапасы бармақпен көрсетіліп, анықталып, белгіленіп «5 бармақ» деген немесе, бізше айтқанда, «5 – бес» деген бағаға ие болған, сондықтан «Бесбармақ» деп атау алған» (ғаламтор желісінен https:// baribar.kz/). Екінші дерек қисынға келмейді. Өйткені бұл сөздің мағынасы тағамның сапасына берілген бағаны білдіретін болса, онда бұл сөз өзге халықтардың да тағамына қатысты қолданылатын еді. «Бешбармақ» сөзін қолданысқа енгізіп жүрген адамдар осы деректі тілге тиек ететін шығар. Қалай болған күнде де, бұл сөздің астарында қазақты кемсіту бар. Оның астарына үңіліп жатқан қазақ жоқ. Ауызекі тілде жиі қолданып жүр. Өкінішке орай, соңғы он-он бес жылда газет беттерінде, публицистика стилінде де көп қолданылып келеді. Біртіндеп жазба тілге де енетін түрі бар. Бұл жерде журналистер абай болу керек. Олай дейтінім, кез келген мақаланы редакциялауға болады ғой.

Мен өмір сүріп отырған аймақта, басқа да өңірлерде, құрбы-құрдас, келін-кепшік, ағайын-туыстардың арасында «Бешбармақ пісіремін» деген сөз қолданылмайды, «Ет асамын» дейді олар (Ендеше ұлттық тағамымыздың атауын «Ет» десек те, «Қазақша ет» десек те жарасады). Яғни «бешбармақ» сөзі қарапайым халық арасында өте сирек қолданылады. Сондықтан бұл сөзбен күресуге болады. Ол үшін, біріншіден, БАҚ материалдарында бұл сөз қолданылмасын. Екіншіден, тіл мамандары, яғни біз мектепте оқушыларға жиі насихаттауымыз керек. Отбасы мектебі тағы бар.

Мынадай еркін заманда өз ұлтымызды қорлауға жол бермейік, ағайындар!

Р.Мәмбетиярова,

Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің

 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің

мұғалімі, Қазақстан Республикасының үздік педагогі.

 

 

Поделиться ссылкой: