Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
САЛА САҢЛАҒЫ 45 жыл ШОТ ҚАҚҚАН
Экономика саласында оңқай асықтай болып төбе көрсетіп жүрген саңлақтар еске түскенде санақ сардарлары Қанымбек Сейдахметов, Қыстақ Дәулетов пен Герасим Хан көкейге ілігеді. Осылардың бәрінен әңгімемізге арқау еткелі отырған азаматымыз Серік Мұхатайұлы кезінде тәлім-тәрбие алып, ауыл шаруашылығындағы бухгалтерлік есепті үйренген. Жәй емес, жата жастанып жадына тоқыған. Сөйтіп, сабырлы санамен табаны күректей 45 жыл шот қаққан. Иә, бұл жәй айтқанға жеңіл. Әйтпесе, мұндай іске таудай төзім керек-ау. Бәрін әріден бастайықшы…
Бұрынғы Калининнен, қазіргі Көкдөненнен сексеуілдің шоғындай жайнап шыққан Секең сияқты азаматтар көп-ақ. Ал, аты аңызға айналғандары дөңге қаққан алтын қазықтай болып анау жотада жатыр мәңгілік жер құшағына еніп. Серік туған ауылындағы орта мектептің оныншы сыныбын тауысқан 1966 жылы Ленин атындағы колхозды Қызыралы Ауғамбаев басқарып отырған. Малға бас жіп, ал, елге басшы жарасқан ғой, Қызырлы аға көпке жаққан кеуілімжай кісі еді. Серікті «жас екенсің» демеді Әбдіқадыр Садырбаев басқарған егіс- трактор бригадасына тракторшы етіп жіберді. Сонда ғой бұл қозы өрісіндей жерді жыртып келіп: «Көке, тағы қандай жұмыс бар?» дейді ғой, бригадир кісі сәл ғана жымиып: «Серік қарағым, жыртам десең жер жетеді. Мәселе оның сапасында ғой» деп алып күн жамбасқа ауғанша жастарға ақыл айтатұғын. Серік сайын даланың саумал иісін жұтып көп жүрген жоқ, бір жылдан соң-ақ, Қырғызстанға оқуға түсіп кетті. КирГУ-дің экономика факультетінде төрт жыл жүріп көз майын тауысқан ол енді Құлан ауыл шаруашылығы колледжіне оқытушы болып жұмысқа орналасты. Студенттерге «экономика және ұйымдастыру» пәні бойынша дәріс бере жүріп өзінің жоғарғы оқу орнында алған теориялық білімін қал-қадірінше жастардың санасына құюға тырысты. Бірақ, ол мұнда бір жыл ұстаздық еткен соң әскер қатарына алынды. Ол әскерде жүріп те қаржы бөлімін басқарды.
Әскер қатарынан оралған 1974 жылы Серік тірліктің мың тарау көшіне ілесіп жүре берді. Енді оның қайда барса да қолтығынан шоты түспейтін болды. Туған ауылына оны бас экономист етіп тағайындаған. Секең іске білек сыбана кірісті. Өзінің көптен көкейіне түйіп жүргені де осы ауыл шаруашылығының қайнаған ортасында болу еді. Сол арманы орындалды. Енді ол кеңседе күнібойы шот қағып отырып қалмай дала қостарына, шопан қыстауларына шығып, колхоздың тыныс-тіршілігіне етене араласып, механизаторлар мен жел өтінде жүрген малшылардың шаруасын өз көзімен көріп, әркімнің еңбегіне қарай бағалау коэфицентін қоятын болды.Туған ауылында бас экономист болып істеген үш жыл оны шаруаға мықтап шегелер ме еді, қайтер еді… іскер азаматты енді аудандық партия комитеті өзіне нұсқаушылыққа шақырды. Серік бұл кезде тұрмыс құрған. Күлжамал екеуінің кенжесі Ғалинұр дүниеге келгенде олар аудан орталығында тұратын. Секең енді партияның сенімді жауынгері болып алған, партия қайда жіберсе, сонда баруға құлшынып отырған. Сонымен, аупартком оны «Жаңатұрмыс» колхозына бас есепші етіп жібереді. Партиялық пәпкіні екі жыл қолтығына қысып, кеңсенің қоңторғай тірлігіне үйрене бастаған есепші сонымен қырманында шаңы, өрісінде малы шулаған ауылға қайта келеді. Бұл колхоздың өрісі мен қырманындағы байлығын түгендеп жүргенде екі жыл тағы сынаптай сырғып өте берді. Серік үшін бұл өсу, өркендеу жылдары болатын. Білікті маманды енді облыс жұмысқа шақырды.Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бас маман яғни аға экономист етіп тағайындады. Осы кезде артта қалған шаруашылықтардың экономикасын алға тарту үрдісі бар болатын. Осы мақсатпен Секеңді қалаға таяу жатқан Свердлов атындағы колхозға бас есепші етіп жібереді.
Серік Мұхатайұлы Кенжебаев қайда барса да шаруашылықтардың есеп- қисабын түгендеп, ондағы бухгалтерлік есеп пен аудиттің жағдайын жөнге келтіріп, басшылардың алғысына бөленді. Ол 1984 жылы ауданға қайта келді. Сөйтіп, 17 жыл табан аудармастан Карл Маркс атындағы колхозға бас есепші болды.
— Иә, Артур Кондратьевич Роккельдің есімін ол кезде атақты Головацкий, Нахмановичтермен қатар атайтын, -дейді Серік. — Мен ол кісімен жеті жыл бірге жұмыс істедім. Шаруашылықта сол кезде 42 мың бас қой бар болатын. Жазға қарай төлдегенде мал басы 70 мыңға жететін. 900-ге тарта жылқы, 1500 бас ірі қара, 600 сауын сиыр қорамызда бар еді. 12 мың гектарға ақ егіс, 400 гектарға қант қызылшасын себуші едік. Жыл басына яғни 1 қаңтарға шаруашылық кассасында үнемі 1,5 миллион сомдай ақша тұратын. Колхозымыз расында бай болатын. Біз де есептен жаңылмаушы едік. Менің Азамат Шолпанқұлов пен Гүлмира Егембердиева сияқты шәкірттерім болды. Олар тоқсандық, жылдық есеп тапсыру кезінде кеңседе тапжылмай отырушы еді. Шынында бейнетқор еді, екеуі де. Қазір Азамат рельс дәнекерлеу зауытында жоспарлау бөлімін басқарады.
Секең шаруашылықтың бас есепшісі ғой, бірақ оны аудандық партия комитеті өзіне мүше етіп сайлап алды. Оның алдында ауданға депутат болғаны да бар. Осының барлығы азаматтың өз ісін тындырымды әрі үлкен жауапкершілікпен атқаратындығында болса керек. Ол осы шаруашылықта бас маман бола жүріп үш бастықпен істес болды. Нарықтық қатынастар өзгеріп, өмірге жекешелендіру келді. Секең бірақ көштен қалған жоқ, Жамбылдағы Гидромелиоративтік — құрылыс институтының «Бизнес және басқару орталығы» курсын оқып бітіріп, жаңа заманға бейімделді. Бұрынғы колхоз тараған кезде де «Шалтау» өндірістік коперативінде сол шотын қағып, жұрттың тың жоқ-жітігін түгендеумен болды. Ол кейінгі жылдары зейнетке шықса да жұмыстан қол үзбей «Шәушен» шаруа қожалығында он жыл үзбей бас есепші болды. Секеңмен бірге қожалықтың тасын өрге домалатқан, жақында ғана Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған қожалық басшысы Сайрамбай Дөненбаев: — Секең нағыз өз ісін жетік білетін маман. «Көсеу ұзын болса, қол күймейді» дейтін шешем. Секең біздің есеп-қисабымызды жаңылмай жүргізді, үнем дегеннің не екенін қожалық мүшелерінің санасына сіңіре білді. Егер өрістегі малымыз көбейіп, қырмандағы астығымыз молайып жатса, оған Секеңнің қосқан үлесі бар деп айта аламын. Көрпеміздің ұзарып, көсегеміздің көгеруі осындай азаматтардың арқасы дер едім,- дейді ол.
Иә, есепші мен үнемші қалта тесіліп, қарын жұқарған шақта да керек. Серік бас зоотехник Нұржан Мырзалиевті, бас инженер Сағади Балғаевты, экспедитор болған Қалила Әліқұлұлын үнемі аузынан тастамайды. Өйткені олар қожалықтың түтінін түтетіп, табыстың тайқазанын тасытуға қатысқан майталмандар. Серіктің зейнетке шыққанына биыл жеті жылдың жүзі болады. Бірақ ол зейнетке шыққан соң да төрт жыл шаруадан қол үзген жоқ. Өйткені білікті маман кімге болса да керек. «Айдаһардың жеті басы бар. Жетеуі кесілсе, жетпіс жұмыртқасы қалады» деген сөз рас болса айдынын ай шарпыған Секеңдей саңақ ісінің саңлақтары болмаса кешегі кеңес өкіметінен кейін осыншама байлық қалар ма еді. «Ырыс – жұғыс» деген осы емес пе. Секеңнің алтындай жары, төрт баласы, 7 немере, үш шөбересі бар. Күлжамал колхозда 17 жыл кадрлар бөлімін басқарды. Үлкен ұлы Бекнұр – кәсіпкер, кенжесі Ғалинұр электр маманы, қызы Гүлшира – Алматыдағы банкте басқарма басшысы. Секеңнің бағы да, бары да солар. Ал, алған пәлендей атақ, даңқы жоқ. Дегенмен адалдығы үшін Салық комитеті мен аудан әкімінен алған екі Құрмет Грамотасы, «Шәушен» шаруа қожалығы берген бір алғыс хаты бар. Осының өзі 45 жыл шот қаққан азаматқа аз көрінбейді. Ол биыл ақпан айының басында 70 жасқа толды. Секеңді торқалы жасымен шын жүректен құттықтаймыз.
С.ҚОЖЕКЕ,
Көкдөнен ауылы. Суретте: санақ ісінің саңлағы,
зейнеткер Серік Мұхатайұлы Кенжебаев.