Құдай таза жаратты, сен таза бол

737 Views

Құдай таза жаратты, сен таза бол?

Халифа Алтайдың «Ғибатул-Ислам» деп аталатын еңбегінде «Алла тағала бізге көптеген нығметтер (игіліктер) берген. Олар: мына дүниеде бар болып, тірі жүруіміз; он екі мүшеміздің сау болуы, жеген тамағымыз, алған деміміз, жасаған өміріміздің әрқайсысы Алланың бізге берген игілігі, жақсылығы» деп жазылған. Иә, асыл дініміздің басты мақсаты да – Алланы тану. Оның өзімізге берген нығметі үшін шүкірлік етіп, Аллаға жан-тәнімізбен, мал-мүлкімізбен құлшылық етіп, бүкіл әмірлерін орындап, тыйым салған нәрселерден тыйылуымыз «ғибадат» деп аталса, Жаратқанға жалбарынып, ғибадат ету – барша мұсылманның міндеті.

Әсіресе, соңғы уақыттарда әртүрлі діни ағымдардың белең алып, кейбір жастарымыздың алданып, солардың теріс пиғылдарының жетегінде кеткені бізге мәлім. Олардың бойында күші тасыған, ерік-жігері мықты, қайратты саналатын біздің жастарымызға көбірек көз тіккенінің себебі де жастардың аңғалдығы мен албырттығын пайдалану болар, сірә… Болашағымызды тапсырып отырған жас ұрпақтың тәрбиесі қашан да бірінші орында тұруы тиіс. Дегенмен, бүгінгі нарықтық заманда тіршіліктің қамы үшін еңбек етіп жүріп бала тәрбиесіне үлгермей қалып жататын ата-аналар да жоқ емес. Кешегілер тәрбиені тал бесіктен бастаған еді, ендеше, біз де бесігімізді түзеуді бірінші орынға қоюымыз керек.

Жанына жара түспеген жасөспірімдер қашан да сенгіш, аңғал келеді. Һәкім Абайдың қара сөзінде айтылғандай, «білсем, көрсем, танып үйренсем деп тұратын, жан қалауы күшті, білімге құштар» жасөспірімдер бейне бір жаңа бүр жарған өскін секілді, тамыры қатаймаған жас өскін жел қалай соқса, солай бұрылатынындай, баланы да қанаты қатпастан бұрын жақсылыққа қарай бейімдеген жөн. Қазақта баланы «бағып-қағу» деген тіркес бар. Бұл жердегі «бағу» — қажеттіліктерін өтеп, тамағын тоқ етіп, киімін бүтін ету, өсіру болса, «қағу» деген – жаман қылықтардан қағу, бала жағымсыз әдеттерге бейімделе бастаса, райынан қайтару, тәртіпке шақырып, тәрбиелеу дегенді білдіреді. Жас сәби өмірге күнәдан пәк, таза болып келеді. Сол тазалықты өмір бойы сақтап, Алланың аманатына қиянат етпей, түзу тіршілік кешу – біздің өмірлік мұратымыз болуы шарт. Әсіресе, жастар қауымын жастайынан жақсылыққа, игілікке бағыттап, қайырымдылық жасауда аға буын өкілдері үлгі болса, нұр үстіне нұр болмай ма? Осы орайда, мемлекет басшысының сындарлы саясатын тілге тиек ете кенкен жөн болар, Елбасымыздың 2017 жылғы жарық көрген «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, жыл сайынғы Жолдаулары мен күні кеше жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы да жастар қауымын ізгілікке, тектілікке бағыттайды.

Қазақта «тектілік» деген ұғым бар. Тектілік – адалдық пен әділдіктен, игілік пен ізгіліктен, тәртіп пен ізеттен тұрады. Кім үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әлсізге қамқорлық танытып, ұлы Отаны үшін адал қызмет етсе, нағыз тектілік міне, осы. Демек, тектілік «тазалықтан» құралады. Яғни, жүректегі тазалық, көңілдің пәктігі, адалдығы ғана бізді текті ете алады. Ендеше, ұлы Жаратушымыз бізді қандай таза етіп жаратса, сол тазалыққа дақ түсірмеу – саналы адамзаттың міндеті. Сөзімді қорытындылай келе, «Алла таза жаратты, сен таза бол!» дегім келеді.

Айбек СӘРСЕХАНҰЛЫ,

«Жастар ресурстық орталығы»

КММ директоры

Поделиться ссылкой: