Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Халық сеніміне ие болу
басшылық қызметтегі негізгі мүдделердің бірі
Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың 2018 жылы атқарылған ауқымды жұмыстары төңірегіндегі кезекті есеп беру жиыны орталықтан шалғай қашықтықта жатқан Қайыңды ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауылдық клубтың ғимаратында өткен әкім есебіне қайыңдылықтар әдеттегідей көп жиналды. Жиында ең алдымен ауылдық округтің әкімі Азамат Асанбай сөз алып, ит жылында атқарылған баянды тірліктердің ретін жіпке тізді. Одан кейін мінбеге көтерілген аудан басшысы Асқар Санатұлы жергілікті жұртшылыққа өткен жылғы оң шешімін тапқан игі істерді баяндап берді.
Ілгеріде осындай есеп беру жиналысында қайыңдылықтар көгілдір отынның жайын сөз етуші еді. Көгілдір отыннан мұнда енді проблема жоқ деуге болады. Газ мәселесі шешілгендіктен бе, есепті жиын 1 сағаттың ішінде тәмамдалып қалар деп ойлағанбыз. Алайда, округ тұрғындарының қос әкімге қояр сұрақтары таусылмады. Жиынға қатысушылардың көпшілігі таудан келетін судың аздығы шаруаға өз кедергісін тигізіп отырғандығын айтады. Ал ауыл ақсақалы Әбділда Нұржанов Қайыңдыға балабақша салудың кезі келгенін сөз етіп, мәселе көтерді. Округ тұрғындарының тарапынан қойылған сауалдарды зейін қоя тыңдаған Асқар Санатұлы көктем айында таудағы бұлақтардың көзін ашу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Балабақша жайындағы мәселеге өз пікірін білдірген аудан басшысы жыл соңына дейін бұл проблеманың да шешілетінін жеткізіп, қайыңдылықтарды қуантты.
Шыны керек, көп мәселенің түйіні тарқатылған ауылдық округтің бірегейі — Тереңөзек. Газ, ауыз су мәселелері расымен де Тереңөзекте шешілген. Ауылдық клуб заманауи үлгіге сай күрделі жөндеуден өткен. Рас, балалар бақшасының жоқтығы ауылдағы басты проблемалардың бірі еді. Былтыр ол мәселе де өз шешімін тапты. Яғни, ауылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде Талғат Жүнісқадыровтың демеушілігімен «Балауса» балалар бақшасы ашылған болатын. Сондықтан болар, округ әкімі Мұхтар Мұсаев пен аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың өткен жылдың он екі айында атқарылған жүйелі жұмыстары жөніндегі есепті жиналысында тереңөзектіктер қос әкімге көп сұрақ қойған жоқ. Тек Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі Айбек Жайлышұлы көтерген мына бір мәселе жиындағы өзекті сұрақтардың бірі болды біздіңше. «Құрметті Асқар Санатұлы, бүгінгі сіздің ауылдық округтің әкімі Мұхтар Мұсаевпен бірлесіп өткізген жылдық есебіңізді өз басым қанағаттанарлық деп бағалаймын.
Дегенмен, мен өзіңізге ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген сауалды қойсам деп отырмын. Әмзе Исаев көшесінде ауылымыздың мектебі орналасқан. Мектепте 535 оқушы білім алады. 5 күндік оқу жүйесіне көшкеннен кейін оқушылар таңғы 7.00-ден бастап келе бастайды. Өкінішке орай, бұл көшеде ешқандай жол ережелерін сақтау белгілері қойылмаған. Тілім тасқа, егер де оқыс жағдай орын ала қалса, жасөспірімдердің күйі нендей халде болмақ. Қазір көлік жүргізушілердің тәртіп сақтамайтыны баршамызға белгілі. Яғни, жылдамдықты межесінен асырып айдайды. Негізінде, бұл сұрақ былтырғы есебіңізде қойылған болатын. Алайда, мәселе сол айтылған күйінде қалып қойды. Жалпы, осыны түбегейлі шешуге бола ма?» дейді ұстаз. Мұғалім сауалына жан-жақты мысалдар арқылы жауап берген аудан басшысы биыл бюджеттен 11 миллион теңге қаражат бөлінгенін тілге тиек етіп, бұл мәселе толығымен шешілетінін ескертті.
Ал жуырда ғана Малдыбай ауылында өткен есепті жиналыста тұрғындардың тілегінен гөрі базынасын көп естіген Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі Айбек Әбішев бұл жолы жергілікті халықтың қошеметіне кенелді. Ақыртөбеліктер аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың да іскерлігін жоғары деңгейде бағалайтындықтарын жарыссөз барысында ұқтырып жатты. Иә, 2018 жылы ауылдық округте атқарылған бірқатар оңды тірліктердің жай-жапсары қос әкімнің баяндамаларында жан-жақты айтылды. Дегенмен, ақыртөбеліктер ұзақ жылдан бері жөнделмей келе жатқан ауыз су құбыры мен ауылдық клубтың жоқтығын есепті жиында басты мәселе етіп көтерді. Аталмыш мәселелердің барлығын өз бақылауында ұстап отырғанын ескерткен аудан әкімі көп ұзамай бұл проблемалардың да түйіні шешілетінін айтты.
Өрнек және Құмарық ауылдық округтерінде өткен есепті жиналыста жергілікті тұрғындар айтарлықтай мәселе көтерген жоқ. Әсіресе, өрнектіктер ауыл әкімі Бауыржан Ақүрпековтің жасап жатқан жүйелі жұмыстарына көңілдері толатынын жеткізді. Ал, Құмарық ауылдық округіне қарасты Қаракемер елдімекенінің тұрғындары ауылда балалар бақшасының жоқтығын айтып отыр. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев егер де бала саны белгіленген есептік межеге жетіп жығылса, алдағы жылдары Қаракемерде де жаңа балалар бақшасының салынуы мүмкін екенін жеткізді.
Аудан орталығы болып есептелетін Құлан ауылындағы 89 көшенің 75-не бүгінгі таңда көше жарықшамдары орнатылған екен. Ал 59 көше толығымен асфальттанған. Осы және өзге де атқарылған ілкімді істердің жай-жапсары «Сұлутөр» кинотеатрында өткен Құлан ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұрат Жайлыбаев пен аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың халық алдындағы бірлескен қорытынды есебінде кеңінен сөз болды. Әрине, Құлан жұртшылығы қаракемерліктер секілді балабақша мәселесіне алаңдаушылық білдірмейді. Өйткені, Асқар Санатұлы өз баяндамасында 2019 жылы аудан орталығынан кәсіпкерлердің демеушілігімен тағы да екі балалар бақшасының ашылғалы отырғанын атап өтті. Былтыр құрылысы басталған орталық Жібек жолы көшесіне асфальт төсеу жұмыстары биыл да өз жалғасын табатын болады. Жиын соңында Құлан ауылының тұрғыны Любовь Иванюкова сөз сөйлеп, Асқар Санатұлының еңбегіне табыс тіледі.
Марат ДИХАНБАЙ.