сіз не дейсіз? Ақ жаулықты аналар азайып барады

1 321 Views

сіз не дейсіз? Ақ жаулықты аналар азайып барады

Қарап тұрсаңыз, орамал бір жапырақ мата ғана. Дегенмен, оның да өзіндік қадыр-қасиеті мен киесі бар. Қазақ «орамал тон болмайды, жол болады» дейді, демек, сол бір жапырақ шүберектің де дәстүрімізде, дінімізде, өмірімізде алатын орны ерекше болғандығының айғағы бұл. Ендеше, сол орамалдың қасиеті мен жөн-жосығын біле жүргеніміз де абзал болар. Бәлкім, сонда ғана елуден асқан шақта тырнағын өсіріп, шашын кескен жалаңбас әйелдер мен шашын жайған келіншектер ойлана жатар…

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында «Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 59-шы аятында: «Әй, пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмін әйелдерге айт! Үйлерінен шығатын болса, үстілеріне жилбәбін (яғни, жамылғысын) жапсын! Бұл оларды (күң емес, жезөкше емес, азат әрі пәк әйел екендігін) тануға, оларға бөтен еркектердің тиіспеуіне жақын!» деп бұйырды. Осы аят көпшілік ғалымдардың мақұлдауымен негізгі «хиджаб аяты» деп саналады. Бұл аят барлық мүмін әйелдер бөтен еркектерден бүкіл денесін жасыруы парыз екенін ашық білдіреді. Осы аяттағы «жилбәб» сөзі араб тілінде бүкіл денені жабатын жамылғыш. Сахабалардың әйелдері осы аяттан соң бүкіл денесін жапты» деп жазылған. Демек, дінімізде орамал ең бірінші, ар-ұяттың, тазалықтың, пәктіктің белгісі. Екіншіден, мүмін әйелдерді арам ойлы ерлерден қорғайтын қорғаныш. Ал дәстүрімізде ше?

«Адам көркі – шүберек» дейтін қазақтың салты бойынша, қазақ қызы келін болып жат жұрттың табалдырығын аттаған соң, орамал тағуға міндетті Содан соң, көпшілік орамал таққан жас келінді көргенде «орамалың құтты болсын» деп тілегін айтады. Демек, қазақтың салтында орамал ең бірінші келіннің келін екендігін, тұрмыс құрғандығын білдіретін бірден бір белгісі. Ал қазір ше? Өкінішке орай, қазіргі қыз-келіншектердің қайсысы тұрмыс құрған келіншек, қайсысы тұрмыс құрмағандығын ажырата алмай да жатамыз кейде. Себебі, байырғы «келіннің байрағы» саналатын орамал қолданыстан шығып барады…

Мейлі, келінді жас дерміз, дәстүрді білмегендіктен деп ақтап алармыз, ал келінге үлгі көрсетер енелер ше? Аналардың жалаңбастығын қайтіп түсіндіреміз? Қайта көшеде орамалсыз жүрсе де, ата-енесінің алдында, ағайын-туыстың жанында келіндердің кейбірі әлі күнге орамалын тағады. Бірақ, өкініштісі: жас келінге орамалын таққызып, өзі жалаңбас жүретін егде жастағы енелер көп. Бұны қалай түсіндірер едік? Қазақ «ақ жаулықты ана» деген сөзді жиі қолданады, «ана» десек, ә дегеннен- ақ осы сөз оралады ойымызға. Бұрындары үлкен аналарымыз, әжелеріміз «жалаңбас жүрген әйелге жын-жыпыр үйір болады, шашын жайған әйелден періштесі қашады» деп отырушы еді. Елбасымыздың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөзіне мән берсек, қазақ тарихындағы, аңыз- әңгімелеріндегі, тарихи суреттердегі әйелдердің қайсыбірін қарасақ та, ақ жаулығын басынан тастамағандығын көреміз. Ал қазір «ақ жаулықты аналар» азайып барады! Көшеге шығып, айналаға бір сәт көз жүгіртіңізші. Ақ орамалын жамылған ақ жаулықты ананы көресіз бе? Ондайлар бірен-саран болмаса, көпшілігі жалаңбас әйелдер.

Тәуелсіздік бізге көп нәрсе сыйлады. Еркіндікті, азаттықты, әркім өз қалауы бойынша білім алып, қызмет етуге, өз тарихын қысылмай жырлауға, өз тілінде ұялмай сөйлеуге құқылы болды. Тарих осыны көріп қуана алады, кешегі еркіндікті аңсаған бабаларымыз бүгінгі «Егемен елді» көрсе, шексіз бір бақытқа кенелер еді-ау. Бірақ, тарих ешқашан салт-дәстүрін ұмыт қалдырып, еркіндік деген осы деп есіргендерді кешпейді! Кешегі тарихымызбен бүгін мақтанып отырмыз. Ал, келешек ұрпаққа мақтан тұтарлық не қалдырамыз?

Қазіргі қоғамда қылмыс өршіп тұр. Әсіресе, әйел азаматшаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың да басты себебі – қыздарымыздың оранбауы секілді… Қысқа етекті белдемше, кеудесі ашық көйлек, санның ортасынан келетін шолақ шалбар киіп, шаштарын жалбыратқан қыз-келіншектерді «мүмін әйел» деп қалай айтамыз? Яғни, жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, «өзгелерден» қалай ажыратамыз? Әурет жерін жабу дінімізде де, дәстүрімізде де міндетке саналған. Ал діні мен дәстүрін ысырып қойып, батысқа еліктеудің арты жақсылықпен аяқталмайтынын имамдарымыз да, зиялыларымыз да айтып келеді. Құлақ түріп, ес жиып, етегін жапқандарға бұл сөзіміз жақсы бір маржан болар еді…  Айта берсек, орамал мен «оранудың» мән-мағынасы тереңде жатыр… Білгеніміз бен түйгенімізді жеткізу біздің – БАҚ өкілдерінің міндеті, ал оны көкейге түю не мән бермей өтіп кету патша көңілді оқырманның өз еркінде…

 Салтанат ҚАРАСАЙ.  

Суреттер интернеттен алынды

 

 

Поделиться ссылкой: