Өмірден ерте өткен ақын
Өмірден ерте өткен ақын
ӨМІРДЕРЕК
Салтанат Абашова 1983 жылы Жаңатұрмыс ауылында туған. Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің түлегі. Республикалық «Зерде» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Қазақтың ақын қыздары» деген жыр мүшәйрада жүлделі III орын иеленген Салтанат ақынның өлеңдерін зиялы қауым өкілдері жоғары бағалаған. 2006 жылы өңірде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағдарламасы шеңберінде жарық көрген «Тұсаукесер» атты кітапқа, сондай-ақ, жас әдебиетші Мадина Мақашеваның құрастыруымен 2016 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан шыққан «Өрімтал» атты жыр-жинаққа Салтанат Қуандыққызының да өлеңдері енген.
Салтанатты оқырмандар тани да бермеуі мүмкін. Әрине, ол аз жазды. Бар-жоғы 7-8 өлеңі бар. Бірақ, соның өзі оның нағыз талантты ақын екенін дәлелдеп тұр. Салтанат Абашова тірі болғанда сақа журналистердің бірі болар ма еді деп те ойлаймын кейде. Өйткені, қазіргі таңда жазушы Әзілхан Нұршайықов айтпақшы, «Дүрмек ішінде дүмбілез журналистер де жүре бередінің» заманы туды ғой…
Жақында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, бүгінде мұқым елге есімі белгілі ақын Қуандық Шолақ ерте солған Салтанаттың мына бір өлеңін қолыма ұстатты. Тақырыбы да сұмдық. «Кеткім келіп тұрады, кеткім келіп»… Журналистиканы тәмамдаған соң, анда-санда шатпақ-шимақ шығаратыным бар. Салтанат ақынның әлгі жырын жылап оқып отырып, мен өз-өзіме « мүлде өлең жазбаймын» деп серт еттім. Өлеңнің толық нұсқасы былай өріледі.
Аңқалаумен жете алмай арманыма,
Ілінгем бе қасірет қармағына.
Кеткім келіп тұрады, кеткім келіп,
Өмір — деген өзеннің ар жағына.
Тоңдырғасын тірліктің мұзы, қары,
Қалмағандай мен үшін қызығары.
Жапырағын жанымның жасын ұрып,
Табанымнан төбеме сыз ұрады…
Тарылғасын кеудемнің тынысы анық,
Көрінеді аймақтың қыры шаңыт.
Күннен күнге қисайып бара жатыр,
Арман атты ақ бұлақ бұрыс ағып.
Шырмағалы кеудемді күдік табы,
Қаш-а-а-а-н жаным үмітті ұмытқалы!
Аспан ашық, күн жарық, бірақ, бірақ,
Суық бәрі, сүйкімсіз, суық бәрі.
Жүрегімді қариды мұңым тастай,
Кештеу келген сен, шаттық шұғыл қашқай.
Балауса едім, балғын ем, кетер ме екем,
Он екіде әлі бір гүлімді ашпай.
Көкірегім көк тұман, бұл іс анық,
Түнге айналып күндізім жылыса ағып.
Үсік ұрып, үркектеп, үрей ұшып,
Үмітімнің барады гүлі солып.
Қиын екен жетуі бақытқа адам,
Бермеді ме мұрша әлде уақыт маған!
Қаңқам кеуіп, сұлбасы сағымданған,
Кең дүниеге сыймастан кетіп барам.
Көкірегімнің құлазып арғымағы,
Өзегімді өкініш жандырады.
Қара түнек – қара өлім, құшағыңды аш,
Тұңғиығыңа кеп тұрмын қарғығалы…
Бар дегенге бақыт күн алда небір,
Бос үмітке жүргем бе алдана құр.
Отансыздай опасыз, былш еткіздім,
Былш еткіздім бетіңе жалған өмір.
Жазушы Қалихан Ысқақтың «Аймауытовты бұрын оқысам, мен басқаша жазар едім» дейтіні бар еді. Сол айтқандай, Салтанат ақынның жырларын ертерек оқысам, бәлкім, басқаша жазар ма едім.
Өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Салтанат Абашованың жырларын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында мазмұнды іс-шара болып өтті. Шараға ақын Қуандық Шолақ пен оның немересі Ерсайын Қуандық арнайы қонақ ретінде шақырылды. Сондай-ақ, еске алу шарасына аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ардагер ұстаз Қуанышкүл Ермекбаева, қаламы қарымды журналист Сейсен Қожеке, Салтанат ақынның сыныптас құрбысы Алиса Малаева, аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Есназар Құрымбаев және аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаева қатысты. Жүрекке ой салатын рухани кештің шымылдығын аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков сөз сөйлеп, ашып берді.
Содан соң, Қуандық Абашұлының Әсел және Ахмеди есімді немерелері өлең оқыды. Одан кейін сөз алған Қуандық Шолақ қызының ақындық шеберлігі жайында сөз қозғап, оның адами болмысына тоқталды. Әдебиетке жаны құштар Ерсайында ақын әпкесі туралы беймәлім деректерді айтып берді. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің шәкірті Айгерім Бегімқұлдың орындауындағы Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйі іс-шараның негізгі тақырыбын аша түскендей болды. Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушылары Ахмет Қамшыбек, Жәнібек Әміреев, Есмат Оразбаев, Нұрсұлтан Құдайберген, Бақытжан Сәрсеналы сынды ұшқыр ойлы жасөспірімдер өлең оқыған сәтте шараға қатысушылар көздеріне жас алды тіпті. Ал аудандық мәдениет үйінің әншісі Рысбек Қадырқұлов Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған Қуандық Шолақтың «Аққайыңдар» әнін шырқағанда асқар таудай әкенің күрсінісінен қызына деген іңкәр сағыныштың самалын сезгендей болдық. Зейнеткер ұстаз Куанышкүл Ермекбаеваның мына пікірі шараға қатысушылардың жүрегін елжіретпей қоймады.
«Бірде шәкірттерім менен Салтанат ақынның өлеңдерінде мұң басым. Неге апай? -деп сұрады. Сонда мен:
-Өмірді ерте түсінген, жасымыз жетсе де, басымыз жетпейтін нәрсеге басы жеткен, ащы мен тұщының дәмін ерте татып білген, өзі татпаса да, өзгені көріп жаны тітіркенген, айналасындағыларға ерекше тұңғиық көзбен қараған, жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты ерге қонғандай екі үзеңгінің басына тартқан ақын қыз ғой бұл. Мына шумақтардың барлығы осындай ойдан туған өлеңдер ғой. Мүмкін жүз жасайтын ғұмырында Салтанатқа он тағыз жасында бергізген шығар Алла Тағала,-деп жауап бердім» деді ол. Ал аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы «Көзіңді ашып, анаңның құрсағынан шықсаң – туды, көзіңді жұмып, жердің құшағына енсең – өлді, осы екі аралықтағы қамшының сабындай ғана бір сәтті – өмір, -дейді екен. Салтанат қарындасымыздың өлеңдері расымен де тұңғиыққа толы. Ол нағыз талант иесі меніңше» дей келіп:
— Көтеріп тұрып құлатады өмір,
Күлдіріп тұрып жылатады өмір.
Етегің еңіреп жасқа толғанда,
Қайтадан өзі жұбатады өмір.
Күдеріңді үзіп түңіле көрме,
Құлап барып та гүл атады өмір.
Үп еткен желге дірілдей берме,
Шыдамдылықты ұнатады өмір,
– деген жыр-жолдарын оқып берді. Шара соңында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Сүйерханұлы табиғат тамыршысы атанған Қуандық Абашұлының қолына Салтанат ақынның өлеңдері топтастырылған шағын кітапшаны табыс етті.
PS: Қуандық Шолақ – ауданымыздағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанған жалғыз ақын. Салтанаттың көзі тірі болғанда ол осы қоғамдық ұйымның тізімінде болатыны сөзсіз еді.
Марат ДИХАНБАЙ.