АЛТАЙДАН ӘКЕЛГЕН ҚҰНАЖЫНДАР

611 Views

АЛТАЙДАН ӘКЕЛГЕН ҚҰНАЖЫНДАР

«Жаңатұрмысты» жерсіне ме?

Жаңатұрмыс ауылының төменгі жағынан Бишкекке баратын темір жол өтеді. Осы жолдың асты ілгеріде қалың ши болушы еді. Базарбай Сүлейменов колхозға бастық болып тұрғанда адамның бойынан асатын шиді түгел айдатып тастады. Бірақ, сол жарықтық ши қылтиып шыға бастапты. Ауыл әкімі Нұрболат Жамалбековтың «Нива» көлігімен болат жолды қиып өте бергеніміз сол еді, бір табын болмаса да соған жетеқабыл, дәлірек айтқанда, 42 бас қызыл ала тайыншаны өріске айдап бара жатқан ауыл тұрғынын көрсетіп: «Мынау бұқашалар да жақында Семейден әкелінді» деді әкім. Көп ұзамай машина колхоздың бұрынғы сиыр фермасы тұрған жұртқа келіп тоқтады. Кеңестік ферманың жұрнағы болса керек ескі қораның бетон қабырғалары сойдиып-сойдиып көрінеді.

Сол бір сиыры мен бұзауы мөңіреп, сауыншыларының шелегі сыңғырлап, флягтары сүтке толып, ауыл аймағымен азан-қазан болып жататын сиырлы ауыл орнына бір азамат қора-жай салып, тырбанып  тіршілік жасамақшы болған. Амал қанша ол істің «өмірі» ұзаққа бармады. Осыдан бес жыл бұрын осы ескі жұрттағы сиыр фермасын «Сағыналы» шаруа қожалығының басшысы Болат Омархожаев 55 мың долларға сатып алған. Сөйтіп, өз қожалығын таратып, баласы Маратқа жеке кәсіп ашып берген.

– Сол қожалықтан қалған 43 бас сауын сиырымыз бар, оның қазір 15-і сауылады. Сиырлар болса да жаңа бұзаулай бастады. Ертелі-кеш екі келінім, Айжан мен Сәлима осы сиырларды сауып жүр. Олардың екеуінің де жұмысы бар. Біреуі мұғалім, екіншісі бала бақшада. Әйтеуір сиыр сауғанға уақыт табады. Сауылған сүтті, шамамен елу литрдей болып қалады, 90 теңгеден сатамыз да нақты ақшасын аламыз. Қазір ғой сауынға келген сиырдың қарасы аз. Бұрын сүтті келісім-шартқа тұрып Меркінің сыр зауытына өткізетінбіз. Олардан қайыр болмады. Өйткені өткізген сүтіміздің ақшасын айлап бермей қойған соң, жекешеге өткізетін болдық,-дейді осы шаруаның жай-жапсарын жақсы білетін кәсіпкердің әкесі Болат Омархожаев.

Осы кезде Бөкең бізді әр қайсысын 600 мың теңгеге бағалап, сонау итарқасы қияннан яғни, Алтайдан сатып әкелген бағанағы біз жолда көрген қызыл ала сиырлардан аумайтын құнажындарды көрсетті. Айтары жоқ, бәрі де астау толы пішенге тойынып алып күйіс қайырып жатып алыпты. Айналасы 67 бас болатын құнажындардың әзірге күйі жаман емес. Бірақ, бұл шіркіндер Алтай сияқты орманды-таулы алқаптан келіп алып Жаңатұрмысты жерсіне ме екен? Құдай сақтасын, мал ауру-сырқаудан әзірге аман.

Осы тұста әңгімемізге әкім араласып: -Секе, осы «Бастау» бағдарламасы бойынша Шоқан Молдашев деген азаматымыз «Құлан-Дән» несие серіктестігінен 10 миллион теңге несие алып, осы маңда 3 0 с и ы р б а ғ ы п о т ы р . А л, жаңағы жолда көрген 42 бас тайынша Данияр Шөңкеев деген азаматтікі. Ол ет бағытында өсіріліп жатқан мал, ал, Марат Омархожаев болса осы банктен 20 миллион несие алды. Бұлар сүт бағытында өсірілетін малдар және әлі үш бұқа сатып әкеледі. Сөйтіп, алдағы жылдан бастап құнажындар бұзаулаған соң дәл осы жерге сүт салқындататын танкер қою ойымызда бар. Болашақта ауылдағы барлық сүтті осы жерге жинасақ дейміз.

Иә, Марат пен оның әкесі Болаттың, шешесі Бейсекүлдің тіршіліктері жаман емес. Олардың жеке меншігінде сиырдан бөлек бір үйір жылқысы да бар. Ферма маңында екі «Беларусь-МТЗ-82», бір «Т-150», бір «Зил», екі «Уаз» автокөлігі мен бір минитракторы тұр. 50 гектар егістік жері мен 25 гектар шабындығы бар. Бірақ, мынадай ірі шаруашылығы бар кәсіпкерге бұл жер аздық етеді. Дегенмен, Мараттың аяқалысы жаман емес, егер оның келешек жоспарларына сенетін болсақ, сауын фермасынан сүт селдей ағатын күн алыс емес. Әзірге олар қолда бар малды қыстан дін аман шығаруды ғана ойлап отыр.

С.ҚОЖЕКЕ.  СУРЕТТЕ: жеке кәсіпкер

Марат Омархожаевтың зейнеттегі әкесі

Болат пен оның әйелі Бейсекүл табын басында.

Поделиться ссылкой: