Жастарда да жастар бар…

888 Views

Жастарда да жастар бар…

Мемлекет басшысының Жарлығымен биыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Қаңтар айының 23 жұлдызында Елбасының қатысуымен жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Қазір елімізде жастар жылына қатысты кең ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Оған 29 жасқа дейінгі жастар тартылып, белсенділік танытып жүр. Барлық шаралар алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен өтіп жатыр.

Президент «Ел ертеңі – жастардың қолында» деп жастарға зор сенім артып отыр. Ал, жастарымыз сенімді ақтай ала ма? «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті бас редакторының бірінші орынбасары Серікбол Хасан Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Абай «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан» деп басталатын өлеңін 41 жасында жазыпты. Бейімбет Ілиясқа арнаған «Біз шал болып қалдық-ау, Ілияс, білесің бе?» деген хатын жазғанда, Бейімбет пен Ілияс 35-те екен. Мағжан «Мен жастарға сенемін» деп келетін өлеңін 25 жасында жазған. Шәкәрім «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» деген өлеңін 19 жасында жазып қалдырды.

Қазір ғой қырықтағылар да өзін жаспын деп жүр. Қайбір замандағы жастықтың шегі сонда қай шамада болды екен?» деп толғаныпты. Ойланатын-ақ жағдай. «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас жігіт отызында жаспын дер» дейді халқымыз. Жоғарыдағы ұлт зиялыларының сөзінен он бесінде бас болғандарын аңғару қиын емес. Себебі, 19 жасында-ақ ұлттың жайын ойлап, жол табуға тырысса, 25 жасында кейінгі толқынға сенім артады.

Журналист Серікбол Хасанның әлгі жазбасына әлеуметтік желі қолданушылар түрлі пікірлер қалдырған екен. «31-ге келемін, жап-жаспын», «Мен елуге келсемде көңілім баяғыдай. Қайта бұрынғыдан да жастау боп бара жатқандаймын», «Нағашылардан болып келетін бір ағамыз, 60-қа келіп жатыр. Стақанын ұстап тұрып «біз әлі жаспыз ғой» деп сөз бастайды» деген пікірлерді оқып, қазіргі жастар да, жасамыс та жастықты тек түр әлпеттің өлшемімен өлшейтіндерін ұғындық. Абайдың «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман…» дегенін шын мәнінде қартайып, қаусап қалғандай сезінсе керек.

Жастар жылының ашылуында 13 жасар өнертапқыш Абзал Мырзаш есімді дарынды жас сөз сөйледі. Диграфтық тәсіл арқылы компьютердің пернетақтасына ыңғайлап қазақ-латын әліпбиін жасаған Абзалдың кириллицадан латын қаріпіне аударатын конвертер бағдарламасы да қазақ қоғамы үшін ауадай қажет екені даусыз. «Бұл бағдарлама арқылы кириллицадан латын қаріпіне бір минутта 1200-ден астам кітапты аударуға болады» дейді өнертапқыш. Меніңше, кешегі Мағжан ақын, бүгінгі Елбасы сенім артқан жастар Абзалдай болуы керек секілді.

 Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: