Қысқы спорт түрлерін дамытуды қолға алсақ…

907 Views

Қысқы спорт түрлерін дамытуды қолға алсақ…

17 ақпан күні Оңтүстік Сахалинде «Азия балалары» халықаралық қысқы спорттық ойындары өз мәресіне жеткен болатын. Ақпанның 8-інде жалауын желбіреткен жарысқа мыңнан астам спортшы қатысып, өз бақтарын сынап көрген еді. Олардың арасында елімізден барған 73 жас спортшыларымыз да бар. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан бөлек Өзбекстан, Түркіменстан, Непал, Корея, Таиланд, Гонконг, Иордания, Тәжікстан, Филиппин, Жапония, Ауғанстан, Қырғызстан, БАӘ, Үндістан, Кувейт, Моңғолия, Сирия және Армениядан 16 жасқа дейінгі балалар қатысты. Қазақстандық спортшылар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы, трамплиннен шаңғымен секіру және хоккей сынды спорттың сегіз түрінен бақ таластырған еді.

Бір қызығы осы бір дүбірлі додаға қатысқан 73 спортшыларымыздың көбісі еліміздің солтүстік, шығыс, орталық өңірлерінен екен. Бұл – қысқы спорт түрлерінің аталмыш өңірлерде жақсы дамығандығының айқын көрінісі. Бірақ, елімізде қыстық спорт түрлерінен өткізілген бәскелерде оңтүстік аймақтардың ішінен алматылықтар мен шымкенттік спортшылардың біздің облысқа қарағанда аяқ алысы жаман емес екендігін аңғаруға болады. Мәселен, ауа-райы бізге қарағанда ыстық болып келетін Шымкентте Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова сынды фристайл-акрабатшы арулар бар екендігін қазақ жұртшылығы жақсы біледі. Бұдан Жамбыл жерінде қысқы спорт ойындары кенже дамып келе жатқандығын анық аңғаруға болады. Жазғы Олимпиада ойындарында талай тарланды мінбенің биігіне көтере алған облысымыз үшін бұл қуанарлық жағдай емес. Ал, төрт бірдей Олимпиада чемпионы бар біздің ауданымыз үшін тіпті ұят.

Біз «Жерлесіміз қысқы спорт түрінен жарысқа қатысуға барады» деген сөзді естіген емеспіз. Осыдан-ақ ауданда қысқы спорт түрін дамыту бойынша ешқандай іс-шаралар өткізілмейтіндігін байқауға болады. Сондықтан болар, әлі күнге дейін қысқы ойындардың жүлдесінен құр қалып келеміз. Ол үшін не істеуіміз қажет? Ендеше, санадағы ойды саралап көрелік.

Бізге бірінші кезекте заманауи мұз айдыны бар спорт кешені соғылуы керек. Аталмыш спорт кешенінің әмбебап болуы өте маңызды. Себебі, ауданымызда әмбебап мұз айдыны болған жағдайда мұз үстінде хоккейден бөлек, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, керлинг, конькимен жүгіру сынды бір емес бірнеше спорт түрлеріне жаттығуға болады. Екіншіден, тау шаңғы спорты, сноуборд, биатлон, шаңғы жарысы сынды ойындарды өткізе алатын арнайы алаң қажет. Оған Қарақыстақ тауы сұранып тұр. Егер спорт кешені сол жаққа салынатын болса, жол мен жарық және су жүргізу мәселесіне алаңдаудың еш қажеті жоқ. Себебі онда инфрақұрылым жолға қойылған. Бұл ұсыныстың екі ұтымды жақтары бар. Бірі – қысқы спорт түрін дамытсақ, екіншіден, мемлекеттің басты назарында тұрған туризм саласының дамуына үлкен сеп болары анық.

Міне, біздің тарапымыздан аудан басшыларына жолдаған ұсынысымыз дәл осындай. Аталмыш нысандарды салуға көп қаражат кететіндігін білеміз. Бірақ, 5-10 жылдан кейінгі нәтижелер сол қаражаттың орнын жабатынына кәміл сенімдіміз. Кім білсін, алдағы уақытта біздің ауданнан да қысқы спорт түрлерінен чемпиондар шығып қалар.

PS: Ауданымызға Асқар Санатұлы Қырықбаев әкім болып келгелі бірқатар іргелі істер атқарылып, ауқымды жобалар іске қосылды. Сонымен қатар, бірнеше нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілгендігін жақсы білеміз. Осы үшін де тұрғындар арасында «Асқарға алғыс айтамыз» дегендер көбейіп келеді. Егерде біз ұсынған ұсыныстар қолға алынып, жұмыстар өз мәресіне жететін болса, алғыс айтушылардың қатары одан әрі көбейетіндігіне сеніміміз мол.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: