Қарт ананы құттықтады
34 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Жиырма жылда үш мыңға көбейдік
Тәуелсіздік алған 28 жылда елімізде екі мәрте ұлттық халық санағы ұйымдастырылды. Биыл үшінші рет ұлттық санақ өтуі тиіс болған. Алайда, Статистика комитетіне сілтеме жасаған бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан «Ұлттық санақ келесі жылы өтуі мүмкін» деген ақпарат тарады. Қазір халық санағын келесі жылдың ақпан-наурыз айларында өткізуді тиімді санаған Статистика комитетінің ұсынысын Үкімет пен әкімдер талқылап жатқан көрінеді. Егер Үкімет дайындық пен ұйымдастыру жұмыстарына біраз уақыттың қажеттігін айтқан Статистика комитетінің ұсынысын қабыл алып, арнайы қаулы қабылдаса, ұлттық санақ 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурызы аралығында өтетін болады.
Статистика комитетінің ресми сайтында еліміздегі халық санына қатысты әр жылдың қорытындысына сәйкес мәліметтер түзілген. Қазақстанда 21 ақпандағы мәлімет бойынша 18 424 645 адам тұрады. Демек, Ұлттық санақ қай жылы өткізілсе де негізгі индикаторлық көрсеткіштен аса көп алшақ кетпейтін шығар.
Біз Жамбыл облысына қатысты мәліметтерге баса назар аудардық. Әсіресе, аудан халқының демографиялық өсу динамикасы қызықтырды. Статистика комитетінің 2019 жылдың 1 қаңтарындағы деректеріне сүйенсек, Жамбыл облысында 1125,297 халық бар екен. Ауданда 64 505 тұрғын тіркелген. Енді осыны 1999, 2009 жылдардағы халық санымен салыстыра қарасақ, 20 жылда 3 мың елу бір адамға көбейген екенбіз. Өсім бар. Алайда, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш емес. Талдап көрейікші. Егемен ел ретінде 1999 жылы ең алғаш өткізген ұлттық санақта аудан халқы 61454 адамды құраса, 2009 жылы 63691 адамға жеткен. Екі санақтың арасындағы он жылда 2237 адамға көбейсек, одан кейінгі он жылдықта 814 адамға ғана көбейіп отырмыз. Сонда осынша баяу қозғалыстың сыры неде? Табиғи өсім аз ба, әлде өлім-жітім көп пе? Мүмкін көші-қон мәселесіне назар аударған жөн бе? Осы сұрақтардың себебін іздеп көрген едік.
Жиырма жылдың статистикасын таппадық. Соңғы сегіз жылда 12299 сәби дүниеге келіпті. Өмірден өткендердің саны – 2947. Алдыңғы саннан соңғысын алып тастасаңыз 2011 жылдан бері де 9352 адамға көбеюіміз қажет еді. Демек, бар мәселе көші-қонда секілді. Қозғалыссыз өмір болмайтынын ескерсек, адамдардың көшіп-қонуы заңды құбылыс. Өйткені, өмірдің өзі қозғалыс екені дау тудырмайды. Көшіп-қонған халыққа кінә арта алмайсың. Бірақ бұдан ауданнан ел үдере көшіп жатыр деген түсінік қалыптаспауы керек. Арысын айтпағанда, біз сөз еткен соңғы сегіз жылдың өзінде аудан аршынды дамып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы күн санап жақсарып келеді. Жыл сайын ауданға үлкен көлемде инвестиция тартылып, тиісінше жұмыс орындары да ашылып жатыр. Аудандағы 42 елдімекеннің жартысынан көбіне көгілдір отын жалғанса, қалған ауылдар да алдағы бір-екі жылдың көлемінде газға қосылмақ. Бір сөзбен айтқанда, Құлан өңірін өмір сүруге жайлы өңірлердің бірі деп есептеуге толық негіз бар. Ал, өмірге келу мен өмірден өтудің арасындағы сан айырмашылығы уақытша тұрғылықты жерін ауыстырған студент жастардың есебінен орын алған болар, кім білсін. Анығын алдағы ұлттық санақ көрсетіп берер. Күтейік.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.