Медициналық сақтандыру міндетін тұрғындар қалай түсінеді?..
Медициналық сақтандыру міндетін тұрғындар қалай түсінеді?..
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дамыған мемлекеттер әлдеқашан көшіп алған. Мәселен, медициналық сақтандыру ең алғаш Германияда XIX ғасырдың аяғында канцлер Отто фон Бисмарктің бастамасымен енгізілгенін баспасөз беттерінде әріптестеріміз жазып жүр. Әуелгіде жұмысшыларды жазатайым жағдайдан сақтайтын әлеуметтік сақтандыру қолданылса, кейін медициналық көмек жұмыс берушілер мен жұмысшылардың міндетті төлемдері арқылы қаржыландыра бастаған. Осылайша, бұл жүйе «Бисмарк моделі» деген атаумен тарихта қалды. Кейін оны дүние жүзінің көптеген елдері іліп әкетіп, өздерінде қолданып көрді.
Осы орайда, біз аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұловаға хабарласып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында мәлімет алған едік.
– Жалпы, әлемде медицина саласын дамытуға бағытталған үш модель бар. Оның біріншісі – нарықтық экономика принциптеріне негізделген жекеменшік жүйе. Медициналық сақтандырудың бұл түрі қазіргі таңда Америкада қолданылады. Медицина саласының екінші моделі – мемлекеттік сақтаныру жүйесі, яғни, бюджет есебінен қаржыландырылады. Қазіргі нарықтық жағдайда бұл жүйе тиімсіз. Себебі, медицина жүйесін түгел мемлекет қаржыландырса, бюджетке салмақ түседі. Ал, аталмыш саланың үшінші моделі – қоғамдық сақтандыру жүйесі. Айта кетейік, Қазақстан сақтандырудың осы түрін таңдап алды. Оның ерекшелігі, әлеуметік жағдайы әлжуаз топтарды мемлекет өз қамқорлығына алып, олар үшін жарна төлейді. Мұндай азаматттар 14 топқа бөлінген. Олардың жалпы саны 10 милионнан асады. Яғни, бұл Қазақстан халқының жартысын құрайды деген сөз. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, мемлекет босатылған азаматтар үшін жарна төлей бастады. Аталған топтың қатарына: балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиелеп отырған және жаңа туған сәбиді асырап алғандар, баласы үш жасқа толғанша демалыс алған тұлғалар, 18 жасқа дейінгі мүгедек баласының күтімімен отырғандар, зейнеткерлер мен Ұлы Отан соғысына қатысушылар, қылмыстық-түзету колониясында жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар және жұмыссыз оралмандар. Одан бөлек, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар, мүгедектер. Бұл азаматтар амбулаториялық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін станционарлық көмекті тегін пайдаланатын болады. Азаматтардың денсаулығын сақтандыру алдымен емханаға тіркелуден басталады. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу барлық азаматқа міндетті болғандықтан әркім өзінің қаралып жүрген емханасына баруы керек. Ол үшін емхананың тіркелу бөліміне жеке куәлікпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті немесе ұялы телофон арқылы да мәртебеңізді анықтауға болады. Бұл ретте, ешқандай да мекенжай анықтамасы талап етілмейді. Сондай-ақ, дәрігер мен емхананы еркін таңдау құқы жылына бір реттен аспау керектігін есте ұстаған жөн. Өзге клиникаларға немесе дәрігерге қаралу үшін қолыңызда міндетті түрде жергілікті емхана дәрігерінің жолдамасы болуы қажет, онсыз ешкім сізді тегін қабылдамайды. Егер дәрігер тиісті жолдаманы бермей жатса, онда құқыңызды қорғап, міндетті медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына арыз-шағым қалдыруға болады,-дейді Раушан Көшербекқызы.
Марат ДИХАНБАЙ.