Қазақ тарихын дәріптеген татар ұлы

648 Views

Қазақ тарихын дәріптеген татар ұлы

Қазақ халқының тарихы тереңде жатқаны белгілі. Оны алысқа бармай-ақ, өз аймағымызда орналасқан тарихи орындардың көптігінен анық аңғаруға болады. Дегенмен, қазақтың тарихи жәдігерлерін, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарын өскелең ұрпаққа татар ұлы дәріптеп жүр дегенге сенесіз бе? Иә, бірден сенбеуіңіз мүмкін. Алайда, біздің айтып отырғанымыз шындыққа жанасатын дүние.

Виль Баязитов – Ақыртөбе ауылының тумасы. Ол 1971 жылы Равиль мен Риманың отбасында дүниеге келген татар баласы. Бүгінгі таңда аяулы жары Альфия екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Екеуі де ауылдағы мектепте қызмет атқаратын ұлағатты ұстаздардың бірі әрі бірегейі. Себебі, аталмыш мектептегі әрбір іс-шара ерлі-зайыпты ұстаздардың қатысуынсыз өтпейді. Сондықтан болар Виль Равильұлының бастамасымен мектепте облыстық, аудандық семинарлар мен форумдар көптеп ұйымдастырылып тұрады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шаралардың көбісі әскери-патриоттық бағытта өткізіледі екен. Оның себебін кейіпкеріміз былай деп түсіндірді: «Қазақ халқы – ержүрек, батыр халықтардың бірі. Сонау жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Қабанбай мен Наурызбай, одан кейінгі Ұлы Отан және Ауған соғысына қатысқан батыр ұлдардың көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы қажет. Сондықтан жақын арада ұжыммен бірлесіп, мектеп дәліздерінің бірінде кешегі күннің батырларына арнап мұражай ашуды жоспарлап отырмыз. Онда ауылымыздан соғысқа аттанған әрбір батыр ұлдар жайында мәліметтер, олардың жеке заттары және де сонау батыр бабаларымыз киген сауыттардың үлгілері қойылатын болады. Бүгінде бұл жұмыстар басталып та кетті. Қазіргі таңда оқушылармен бірлесіп, батырлар киген сауытты темірден тоқып жатырмыз» -деп мектепте атқарылып жатқан жұмыстарымен де бөлісті.

Виль Равильұлымен тілдесу барысында ата-бабалары қазақ жеріне қалай келгендігі жайында сұрап көрдім. Сонда ол «Кеңес үкіметінің қолдан жасаған ашаршылығын тек қазақ халқы басынан өткерген жоқ. Ол алып мемлекеттің әр аймағында болған тарихи оқиға. Менің аталарым 1940 жылдары өз отбасын аштықтан аман сақтап қалу үшін Ташкентке қоныс аудармақшы болған. Алайда, қазақ жеріне келгенде вокзал маңында нан саудаланып жатқанын көрген. Әбден аштықты сезінген атам мұндағы жағдай келген жағынан  жақсы екенін түсініп, пойыздан түсіп қалған. Сөйтіп, жергілікті қазақ жұртымен жақсы араласып, бір үйдің баласындай өмір сүріпті. Сол үрдіс міне, ұрпақтарына дейін жалғасып, бізде қазақ жұртымен бірге тату тәтті өмір сүріп келеміз. Қиын сәттерде өзге ұлт деп жатсынбай, өз бауырындай көріп қамқорлық танытқан қазақ ұлтына айтар алғысым шексіз. Тіпті кейде таныстарыма «Түрім орыс ұлтына ұқсас болғанымен, жүрегім нағыз қазақ» деп қалжындап қоямын.

Жалпы алғанда өз басым қазақ елінің тарихына қатты қызығамын. Тарихи орындарда болған тылсым дүниелер адам баласын өзіне баурап алатыны сөзсіз. Мәселен, «Ақыртас» тарихи орнын алайық. Бұл жер мені қатты қызықтырғаны соншалықты, Ильфат балам екеуміз кішігірім зерттеу жүргізіп, ол жайында бейнеролик түсіргенбіз. Барлық жинақталған мәліметтерді әлеуметтік желіге орналастырдық. Ондағы мақсатымыз -қазақ тарихын дәріптей отырып, өзгелерге азғантай болса да мәлімет беру. 2014 жылы «YouTube» каналынан арнайы парақша аштық. Қазір барлық жұмыстарымызды сонда салып отырамыз. Бүгінгі күнге дейін 130-ға жуық бейнероликті орналастырыппыз. Желі қолданушылары мәліметтерді қызу талқыға салып, ойларымен бөлісіп отырады. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының айтқан аңыз-әңгімелерін таспаға түсіріп, оны да жүктедік. Біздің парақшадан желі қолданушылар өзіне керек бір-екі мәлімет таба алса, көздеген мақсатым орындалды» -деп ежелгі қазақ халқының жеті ата, ауыз әдебиеті, ауа райын болжауға қатысты біз біле бермейтін дүниелерге тоқталды.

Иә, Виль Баязитовпен әңгімелесу барысында көптеген қызықты деректерге қанық болдық. Кең даланы мекен еткен бабаларымыздың салт-дәстүрін, тарихи жәдігерлерін жинақтап, дәріптеп жүрген татар ұлтының біртуар азаматына біз де алғыс айтқымыз келеді. Бастаған ісіңіз өз мақсатына жетіп, нәтижесін берсін демекпіз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.  

Поделиться ссылкой: