ЕДІЛБАЙ ТҰҚЫМДЫ ҚОЙЛАРДЫҢ ЕКІНШІ «ОТАНЫ»

2 559 Views

Асыл тұқымды мал – табыс көзі

Ауыл шаруашылығындағы аса маңызды мәселенің бірі және бірегейі мал тұқымын асылдандыру жұмысы болып табылады. Оның қай салаға болсын тигізетін әсері мол. Мәселен, қой шаруашылығын жан-жақты әрі қарқынды дамыту үшін асылдандыру ісі ауадай қажет. Асылдандыру-селекциялық жұмысы ғылыми негізде жүргізілген жерде ол өзінің нәтижесін бермей қоймайды. Осы саладағы зоотехник мамандар мен ғалым селекционерлердің тәжірибесі осыны көрсетті.

Мәселен, азықтандырылуымен бағып, күтілуі бірдей жағдайдағы қой асылдандырылған қойдан бір жарым есеге дейін өнімді аз беретініне менің көзімді жеткізген ғылым докторы, 250-ден аса ғылыми еңбектің авторы, Солтүстік Қазақстанда еділбай тұқымды қойларды асылдандыру-селекциялық жолға қойып, одан айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген ғалым Рашид Қазиханов болды. Қожалық шаңырақ көтерген 1996 жылдан бастап еліміздегі ең етті көп беретін қойдың тұқымын іздестіріп келді. Оны орталық Қазақстаннан тапты да. Ол осы етті-майлы бағыттағы еділбай тұқымды қойлары болатын. Шаруашылық алғашқы кезден-ақ, осы еділбай тұқымының қошқарлары мен ұрғашы тоқтыларын сатып әкеле бастады.

Бұл жұмысты алға апаратын асылдандырушы мамандар, селекционерлер қажет болды. Оның үстіне «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қыркүйектегі №1061 Қаулысымен бекітілген ереже талаптарына сай шаруашылықта зоотехникалық және мал дәрігерлік білімі бар мамандардың болуы шарт еді. Осыны ескере отырып, қожалық жетекшісі малдың шығу тегін, өнімділігі мен сапасын, асыл тұқымды екенін ажырата алатын, осыған есеп-сұрыптау жүргізе алатын зоотехник Нұржан Мырзалиевті, білікті мал дәрігері Қабыл Әбдуәлиевті және Шеңгелбай Әбдірайымовтарды жұмысқа алды.

Маман кадрлар келген соң жұмыс жоспарлы түрде жүргізіле бастады. Сөйтіп, шаруашылықта асылдандырудың жаңа жүйесі қалыптасты. Мал тұқымын сұрыптау, селекциялық-зоотехникалық қадағалау жұмыстарының ретке келтірілуінің нәтижесінде 2002 жылдың 26 қыркүйегіндегі Үкімет қаулысының талаптарын орындап, шаруашылық Қазақстан Ауыл шаруашылығы Министрлігінің 2003 жылғы 30 желтоқсандағы №АТШ-125 бұйрығымен арнаулы асылдандыру (статусына) мәртебесіне ие болды.

Асылдандыру жұмысы да ең алдымен аса құнды тұқымдық малдардан бастау алуы керек және бұл жұмыстарды ғылыми негізде жүргізу өте қажет болатын. Осынау талапты жете түсінген шаруашылық жетекшісі 2003 жылдың 1 қаңтарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы ЖОО Ғылым Академиясының ака демигі Рашид Қазихановпен шартқа тұрып, бірлесіп жұмыс істей бастады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заң талаптары аясында еділбай қой тұқымының селекциялық-асылдандыру жұмыстарына ғылыми түрде жетекшілік жасаушы болып 2003-2007 жылдарға арналған бағдарлама бойынша жергілікті климатқа бейімделген жоғары өнімді еділбай қойының жетілдірілген жаңа типті етті-майлы тұқымының екі апталық ізін қалыптастырып шығару жобасы қолға алынды. Селекциялық жұмыс сала мамандары мен ғалымдардың жоспарына сай әрі олардың үздіксіз бақылауымен ұзақ мерзімде жүргізілетін және ықтияттылықты талап ететін төзімділік пен парасат-пайыммен баға беретін жұмыс. Осыған орай профессор Рашид Қазиханов селекциялық жұмысты үш кезеңге бөлді. 2003-2007, 2008-2012, 2013-2017жылдар аралығына асылдандыру жұмысы белгіленді.

Көп жылғы тәжірибе көрсеткендей ерекше сұрыпталып таңдалған қойлардың ғана селекциялық белгілері одан әрі қарай дамытылды. Төлді көп алу үшін саулықтарды күйекке алдын ала дайындаудың жолдары да қарастырылды. Дәлірек айтқанда қазақ «Шелді мал -төлді» демей ме? Ең алдымен малдың өрісін тауып, оларды шұрайлы жайылымдарға шығару, жайылымды құнарлылығына қарай ауыстырып отыру, оның күзгі, көктемгі, жазғы, қысқы өрістерін белгілеу зоотехник мамандарға жүктелді. Ал, малдың ауруға шалдықпауының алдын алу үшін дәрігер мамандар аурудың алдын алу мақсатында дәрі егіп отыруды, әсіресе, саулықтардың арасынан жұқпалы ауру шықпауын баса қадағалауға алды. Төлді көп алу үшін саулықтарды ерте қоздату керек деген шешімге келген мамандар осы бағыттан айнымай селекциялық, малдәрігерлік, зоотехниялық талап нормаларын қатар жүргізіп отырды. Иә, ерте туған төл көктем мен күздің құбылмалы ауа райына төзімді келеді. Қозылар ерте жетіліп, енесінен ерте ажыратылады. Сұрыптау (банитировка) жұмысы кезінде мамандар 4-5 айлық қозылардың орташа 42-48 келі салмақ тартатынын анықтады. Бұл еділбай қойларынан алынған ең алғашқы нәтиже болатын. Бұл көрсеткішке мал соңында жүрген малшыдан бастап бәрі қуанды. Өйткені марқа қозының мұндай салмақ көрсетуі бұл өңірде бұрын-соңды болмаған құбылыс еді.

Бұл ғылымда жан-жақты зерттеліп іс жүзінде дәлелденген. Енді ерте туған қозыларды сол туған жылы етке өткізу биологиялық тұрғыдан алғанда өте тиімді болып табылады. Өйткені еркек қозыларды қысқа қалдыру зоотехникалық тұрғыдан алғанда да қолайсыз әрі оның экономикалық тиімсіз жақтары тағы бар. Дәлірек айтқанда мұндай қозылардың қыс мезгілінде қосқан салмағы оған жұмсалған шығынды өтемейді.

Осыған орай «Шәушен» шаруа қожалығы мұндай төлдерді енесінен бөліп алып, зоотехникалық-мал дәрігерлік талаптарға сай жабдықталған қора-жайларда семіртіп бағу технологиясын өндіріске енгізді. Сонымен жаңа технология Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің бұйрығымен Патентке ие болып, жаңа ғылыми жоба ретінде өндіріске енгізу құқына ие болды.

Алынған төлді аман өсіру, қозыны дер кезінде енесінен бөлу, саулықтарды күйек алу науқанына дайындау, тіпті малды жайып бағудың да өзіндік ерекшеліктері көп екенін қожалықта еңбек етіп жүрген әр шопан, әр маман жақсы түсінеді. Сондықтан болар бізде мұндай саңлақ малшыларды «дала профессоры» деп атауды Қазиханов мырза өзінің лексиконынан тастамайды. Ғалым көп уақытын малшылар арасында өткізеді, олармен осы жылдар ішінде сырлас, мұңдас болып кетті десем асыра айтқандық болмас. Мал бағудың сырына қанық аға шопан (қазір зейнеткер) Тұман Зиябаевтан үйренетін тәжірибе көп. Лесбай Айтжанов туралы да соны айтуға болады. Григорий Максимович Урбанцев қой жылқы малының мінезін бір кісідей біледі. Ал, Қабыл Абдуллаев пен Шеңгелбай Әбдірайымов жылқы табынына немесе қой отарына келгенде оларды мал екеш мал да таниды, шүйіркелесе қалады. Бұлар, әділетін айту ләзім, қожалықтың аяғынан тік тұрып кетуіне өзіндік үлесін қосқан еңбек майталмандары.

Қанша дегенмен табынның асылдануы, отардың жаңалануы бұл профессор Рашид Қазихановтың еңбегі. Ол қазақтың құйрықты, қылшық жүнді, заводтық желісі (№0041 және №0098) оңтүстік типтегі өте ірі денелі, етті әрі майлы қошқарларын өмірге әкелді. Қошқарлардың тірідей салмағы 102 келіге дейін жетіп, олардан қырқылған жүн 3,1 келіні көрсетті. Көп жылдар бойы жүргізілген селекциялық-асылдандыру жұмысы өз нәтижесін берді. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрлігінің сынақ комиссиясынан өтіп, опровациялық экспертттердің оң бағасына ие болды. Бұл нені көрсетеді? Қазақстан ғалымдарының жаңа жетістікке жеткенін білдіреді. Егер осыған дейін Рашид Қазиханов Ақмола облысындағы Атбасар ауданындағы «Бастау» ЖШС-де осы қойлардың солтүстік типін қалыптастырған болса, енді «Шәушен» шаруа қожалығында оның оңтүстік типін дүниеге әкелді. Ғалым осы екі шаруашылықпен ұзақ жылдар бойы қатар жұмыс жүргізіп келеді. Көріп отырсыздар ғалымның жұмысы нәтижесіз емес.

Ең бастысы «Шәушен» шаруа қожалығы еділбай тұқымды қойлардың «екінші отанына» айналғандығында. Енді еліміздің және жақын шетелден «Сұмқайты» даласында өсірілген еділбай қойларын сатып алуға келетіндер қатары көбейетініне шек келтірмейміз. Қазірдің өзінде асыл тұқымды еркек қошқарлар сатып алуға тілек білдірушілер қатары жыл өткен сайын қөбейе түсуде.

Cайрамбай ДӨНЕНБАЕВ,

«Шәушен» шаруа  қожалығының

басшысы, Қазақстанның  Еңбек Ері.

Сурет интернеттен алынған.

Поделиться ссылкой: