БАҒА ЖЕТПЕС ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТАНЫСТЫҚ

790 Views

БАҒА ЖЕТПЕС ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН ТАНЫСТЫҚ

Музей – адамның рухани және шығармашылық қасиеттерін шыңдайтын, адамды табиғат және өткен тарихпен, өнермен байланыстыратын бірден-бір мәдени орын. Оқушыларға кәсіптік білім беруден бөлек, жан-жақты жетілген, мәдениеті жоғары, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру маңызды. Осы тұста көне тарихымыз бен өткенімізден сыр шертетін музейдің балалар тәрбиесіне тигізер ықпалы зор.

Елбасымыздың «Ұлы даланың жетің қыры» атты бағдарламалық мақаласына орай, туған жеріміздің құндылықтарын насихаттау барысында №2 мектеп директорының орынбасары, сынып жетекшілері және қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні мұғалімдерінің бастауымен ауданымыздағы тарихи өлкетану музейіне бардық. Онда бізді музей меңгерушісі Есназар Құрымбаев пен экскурсавод Бауыржан Толыбаев қарсы алды.

Музей «Археологиялық», «Этнографиялық» және «Тарихи зал» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Есназар ағай мен Бауыржан ағай музей ішін аралата жүріп өз өлкемізден табылған, ата- бабаларымыз қолданған көптеген бұйымдардың қалай әкелгендігі жайында сыр шертті.

Ежелгі Құлан қалашығының үлкен сызбасы, «Жібек жолы» бойындағы ІІ-ХІІ хан сарайының макеттері, Құлан өңірінен яғни «Құлан төбеден» табылған қазан ыдыстар мен тас мүсіндерді, қыш құмыраларды көріп, тамашаладық. Екінші бөлім – «Этнография» бөлімінен, өз ауылымыздан шыққан Смайл Ырғалбеков ағамыз жасаған сырға, білезік, сақина сынды түрлі бұйымдарға таң-тамаша болдық. Сондай-ақ, асқабақтан жасалған құмыралар мен мес ыдыстарды көріп қайран қалдық. Мұражайда оқушылар қолынан шыққан, газеттен жасалған себеттер мен тостағаншалар да қойылған екен. Кезінде ата-бабаларымыз қолданған киіз үй жабдықтары, қол диірмен, пешке ысытып қойып үтіктейтін темір үтік пен қолөнер шеберлерінің бұйымдарына куә болдық.

Үшінші бөлімде белгілі қоғам қайраткерлері, еліміздің біртуар азаматы Тұрар Рысқұловқа арналған арнайы бұрыш бар екен. Сонымен қатар, тарихи залда басқа да ірі тарихи тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданымыздың бетке ұстар азаматтары мен азаматшаларының кәсіптен нәсіп тапқан еңбектерінің жемісі мен суреттері, ордендері қойылыпты. Ауған соғысының ардагері, ауылымыздың тұрғыны Қылыш ағамыздың суретін музейден көріп, кеудемізде бір мақтаныш сезімі пайда болды.

Музей бізге үлкен әсер қалдырды. Жан дүниеміз рухани байып, өз ауданымыздан табылған жауһар жәдігерлер мен көпке үлгі боларлық ата-апаларымыздың еңбектерін, жеткен жетістіктерін көріп, марқайып қайттық. Ондағы көне жәдігерліктер өткен заманның ізі, болмысы туралы бізге, бүгінгі ұрпаққа паш етіп тұрғандай. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын танудан, адамды ардақтаудан басталады» деген. Сондықтан өз өлкеміздің тарихымен, атақты тұлғаларымен танысып, білу – біз үшін басты міндеттердің бірі.

Аружан БАЙҒҰТТЫ,

№2 шағын орталықты орта

мектебінің 8 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: