Ауданда билер кеңесі құрылды

748 Views

Қандай дау-дамай болмасын бір ауыз сөзбен шешімін тапқан халықпыз. Бұрын орын алған олқылықтарды сыртқа шығармай, ауыл арасында ақсақалдардың айтуымен шешіп, мәмілеге келіп жатушы едік. Бірақ, бұл дәстүр өткен заманның еншісінде болатын. Сондықтан да, бүгінгі қоғам бұл үрдіске «бағынбайды» деуге толықтай негіз бар. Себебі, соңғы кездері «әділдігін айтар» деген үмітпен сотқа жүгініп, даудың бәрін заң тұрғысында шешуді жөн көретіндер арамызда көбейген. Оған статистика мәліметтері де дәлел бола алады.

Осыны ескерген Елбасы елімізде билер институтын құруды жөн санап, жергілікті билікке бірнеше тапсырма берген болатын. Бүгінде бұл тапсырма өз деңгейінде орындалып, еліміздің әр облыстарында, аудандарында, ауыл аймақтарында билер кеңесі құрылып, өз жұмыстарын жыл басынан бері бастап кетті. Аталмыш кеңес біздің ауданда да құрылып, оның құрамына әр салада беделді жұмыс атқарған ақсақалдар кірген. Нақты атап айтар болсақ, аудандық билер кеңесінің тізгіні ұзақ жылдар бойы басшы және партия қызметінде істеген Ілес Бекебаевқа сеніп тапсырылды. Осы кеңестің құрамына Жарылқасын Дидай, Гаухария Ыхласова, Үтілда Тойғанбеков және аудандық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев енді.

 Біз аудандық билер кеңесінің төрағасы Ілес Бекебаевты әңгімеге тартқанымызда, ол осы күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталды.

 «Өткен жылы Елбасы бастасымен Жамбыл облысының ардагерлері  алғашқылардың бірі болып, «Билер кеңесін» құру мәселесін қолға алған болатын. Осылайша, облыс көлемінде билер кеңесі құрылып, қазіргі таңда нәтижелі жұмыстар атқаруда. Біздің аудандағы билер кеңесі жыл басынан бері жұмыс істеп келеді. Кеңес мүшелері әр салада қызмет атқарған азаматтар. Атап айтқанда, біздің кеңес құқық қорғау, медицина, дін саласының мамандарынан құралған. Жуырда Жамбыл облыстық Соты жанындағы «Бітімгер» медиация орталығының жетекшісі Лариса Сафонова берген арнайы сертификатқа ие болдық. Аталмыш сертификат ауданда билер кеңесі ретінде жұмыс істеуімізге толықтай мүмкіндік береді. Қазіргі қоғамда сан түрлі даулар бар. Солар­ды сотқа жеткізбей шешіп, дауласқан қос тарапты мәмілеге келтіру біздің тікелей міндетіміз» — дейді төраға.

Қазақта: «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген халық мәтелі бар. Осы нақылды басты назарға алған билер кеңесінің жұмысы қайта жаңғырып, нәтижелі қызмет атқарады деген сенімдеміз.

Аудандық билер кеңесінің кеңсесі аудандық Ардагерлер үйінде орналасқан. Шешімін таппаған мәселеңіз болса, билер кеңесі мүшелерінің көмегімен түйінін тарқатуыңызға толықтай мүмкіндігіңіз бар.

Ж. САДУАҚАС.

СУРЕТТЕ: билер кеңесінің мүшелері.

Поделиться ссылкой: