Қазақтың «Амалы» – татулықтың қамалы
14 ViewsҚазақстанның батыс аймағындағы облыстар Көрісу мерекесін өте жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл мерекеге оңтүстік өңірлердегі жұртшылықта ерекше ден қою үстінде. Онысы өте дұрыс деп…
— деді аудан әкімі Қайыңды жұртымен кездесуге барғанда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстағалы аймақ пен өңір және елді-мекендердегі әкімдердің жұмыстарына өзгерістер қажет екендігін алға тартқан еді. Дәлірек айтар болсақ, әкімдердің халықпен кездесулері тым азайып кеткенін сынға алып, осы олқылықты дереу ретке келтіруді тапсырған болатын. «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау. Жергілікті басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек» — деген еді. Бүгінде Мемлекет басшысының осы тапсырмасы өз деңгейінде орындалып, облыс пен аудан басшылары шалғайда жатқан ауыл-аймақтарды аралап, жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын біліп, елдің тыныс-тіршілігімен етене жақын таныса бастады. Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың елді-мекендерді аралап, ауылдардың жағдайымен жақын танысып, тұрғындармен кездесуі осының айқын дәлелі болады.
Өткен аптаның жұма күні аудан басшысы Жамбыл облысы жергілікті атқарушы органдарының жұмыс алгоритмін басшылыққа ала отырып, Қайыңды ауылдық округіне қарасты ауылдарға барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ауылдардағы түйінді мәселелерді халықтың өз аузынан естіп, ұсыныс-талаптарын тыңдады. Қайыңды, Мамайқайыңды, Сөгеті ауылдарындағы су қоймасы, мектеп, балабақша, медпункттердің жұмыстарымен танысып, ауыз су мен жолға, білім және денсаулық саласына айрықша көңіл бөлу керектігін білді. Әкім әлеуметтік нысандарды аралап болғаннан соң округ тұрғындарын жинап, кездесу өткізді.
Кездесу барысында алдымен ауыл әкімі Азамат Асанбай соңғы үш айда атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Округ әкімі есепті баяндамасында атаулы әлеуметтік көмек, денсаулық, спорт, білім, көріктендіру және абаттандыру, сонымен қатар «Жастар жылындағы» жастармен бірлесе ұйымдастырылған жұмыстарға толығымен тоқталды. Кейіннен аудан басшысы сөз алып, жиылған жұртқа ортақ мәселелерді ортаға салды.
– Біз үшін бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқаты аса маңызды. Сондықтан да мен бүгін өздеріңіздің ауылдарыңызды аралап, елді-мекеннің тұрмыс-тіршілігімен жақын танысудамын. Іс сапар барысында Қайынды ауылдық округіндегі барлық ауылдардағы жолдың сапасы сын көтермейтіндігіне көзім жетті. Сонымен қатар, білім сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер, тұрғындарды қоғамдық көліктермен тасымалдау, халықты жұмыспен қамту жұмыстары бұдан былай менің басты назарымда болады. Бүгін біз сіздермен жақын сұхбат құрып, ауылдағы мәселелерді шешу жолдарын анықтау үшін келіп отырмыз. Мәселен, ауылдарыңыз аудан орталығынан шалғай орналасқан. Сондықтан менің ойымша ауылға тәжірибелі дәрігер керек секілді. Мұны біз алдағы уақытта шешуге тырысамыз. Егер де мұнан басқа ұсыныстарыңыз бар болса, мен тыңдауға дайынмын» — деп тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.
Ең алғашқы сауалды ауыл тұрғыны Сайлау Әбішов қойды. Ауыл ағасы биыл ауылда қай көшелердің жолдары жөнделетінін білгісі келетінін айтты. Оған аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Дауытбеков: «Біз ағымдағы жылы Қайыңды округіне қарасты 3 елді мекендегі үш көшенің жолына асфальт төсетуді қолға алатын боламыз. Жалпы алғанда 6 көшенің жолын жобаға беріп отырмыз. Ал, ауылға әкелетін басты көшені 2021 жылы жөндеу жоспарымызда бар» — деген жауап қайтарды. Ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мейірқұл Іскендіров ауылда көгілдір отын мен ауыз су мәселесі шешімін тапқанын айтып, аудан басшыларына алғысын жеткізді. Ауыл ақсақалы аудан әкімінің денсаулық саласына саласына байланысты айтылған ұсынысына ризалығын білдіре келіп: «Жасымыз келгендіктен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздайтыны белгілі. Ал, ауыл шынымен де аудан орталығынан алыс орналасқан. Сондықтан мен өзіңіздің «ауылға тәжірибелі дәрігер керек» деген сөзіңізді қолдаймын. Егер де осы мәселені шешіп берсеңіз, өзіңізге дән риза болар едік» — деді.
Кездесуде мектептің қоршауын ауыстыру, шағын бизнес, бала бақшаға бөлек ғимарат салу мәселесі сөз болды.
Ж. БАЗЫЛБЕКОВ.
СУРЕТТЕ: аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың
Қайыңды ауылы ардагерлерімен кездесу сәті.