Аудан имамы Түркістандағы форумға қатысты

731 Views

Өзегімізге “құрт” түскелі, шыққан түбімізді ұмытып барамыз. Мұсылманшылығымыз Махамбет ақын айтқан деңгейде де емес, діл тұрмақ, тілге де жетпей тұр.Мұның бәріне дін атын жамылған топтар айыпты. Осындайда құрдымға кетпей тұрып, ұлттық құндылықтарымыз бен имандылығымызды сақтап қалуға міндеттіміз. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Отанға қызметтің мінезден емес, иманнан екенін айтқан. Бұл сөздің төркіні – Пайғамбарымыздың с.а.у “Отанды сүю – иманнан” деген хадисте. Күні кеше Түркістан қаласында “Түркістан – түркі мұсылман өркениетінің тұғыры” атты аймақтық форум болып өтті. Форумға Т.Рысқұлов ауданының бас имамы Сұлтаншәріп Жадыраев қажы қатысып келді. “Нұр-мүбәрак” университетінің ректоры Мухаммад әш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад әл-Жунди керағар ағымдардың дінді ылаңдап жатқанына алаңдаушылық білдірді. Адасқандардың қателіктерін саралады. Құранда үкім ретінде түсіріліп кейін күшін жойып өзгеріске ұшыраған аяттарға қарап-ақ, пәтуаларды да заманға сай лайықтауға болатынын айтты. Әлбетте ол өзгертулер шариғат шеңберінен шықпауы және дінге кір келтірмеуі керек. Сондай-ақ, профессор Алла Тағаламыздың адамдарды ең көркем әрі жақсы қасиетті етіп жаратқанын атап өтіп, зұлымдықтың дін мен мұсылмандарға мүлде жат екенін бұқараға жеткізу жайына тоқталды. Әйтпегенде, жанынан үкім шығарып, пәтуа бергіш шейхсымақтар шариғатты өздеріне ыңғайлауын тоқтатар емес.

Ал, “Нұр-мүбәрак” университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев ұлы далада дін негізін қалаған тұлғалардың еңбектерін жаңғырту – руханиятты оятатын тетік екенін тілге тиек етті. Мектептердегі гуманитарлық пәндерге ұмытылып бара жатқан ұлы тұлғалар жайлы деректерді енгізу керектігін алға тартты. Түптеп келгенде бұл іс жүзеге асса, балалар ғұламалардың ұстазға құрметін үйреніп мұғалімдерге жақсы болар еді. Ал, дін тарихын зерттейтін ғылыми кадрлар жоқтың қасы. Оларды кезең-кезеңімен даярлау жүріп жатқанын жеткізді. Бабалар қалдырған бай әрі бар мұраның өзін зерделеу ерен еңбек пен уақыт талап ететінін ескертті. Ал, теолог-ғалым Мұқан Исахан дін мен дәстүр сабақтастығының ғасырлар бойғы ұстаным болғанын, бүгін сол нанымды жаңғыртатын уақыт жеткенін, қазақи қалпымыздың ұлттық болмысқа лайық болуы үшін діни діңгегімізді бекемдеуге кірісу керектігін айтты. Бабалар салған сара жол дінмен бекіген. Қай салада қандай негіз қалыптасса, сол бойынша жаңғыру жұмыстары жүргізілу қажет деген пікір білдірді.

ҚМДБ Төрағасының орынбасары Алау Әділбаев дін тарихатын түлету ғалымдар мен насихатты жеткізуші имамдар көтеретін жүк екенін еске салды. Бүгінгідей келелі кеңестер жиі өткізілсе, үлкен пайда беретінін айтты. Әр жиынға бір-бір жаңалық ашылса тарих түлеп қана қоймай, “бір кем дүние” бүтінделетініне сенім білдірді. Ол үшін Мүфтият тарапынан жоспарлы жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті.

Фархат қажы ШЕРАЛИЕВ.

Поделиться ссылкой: