Әкім шалғайдағы ауылдарды аралады

1 000 Views

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деген қағиданы бүгінгі әкімдер ұмытса керек. Олардың халықтың қалың ортасына баруы тым сиреп кетті, сондықтан күн құрғатпай тұрғындарды аралап, олардың мұңы мен мұқтажын біліп отыруы тиіс» екенін айырықша тапсырған болатын.

Айтылған сыннан әкімдер қорытынды шығара бастады. Дәлірек айтқанда, облыс әкімдігінің жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмін басшылыққа ала отырып, өзінің жұмыс кестесін бекітті. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов алғашқы сапарын шалғай жатқан Қайыңды ауылдық округінен бастап еді, енді айдың аяғына таман кестеде көрсетілген тәртіп бойынша Ақниет ауылдық округіне келді. Бұл аймақ та аудан орталығынан шалғай жатыр. Арақашықтығы шамамен 45-50

 шақырымдай болып қалады. Аймақтың атауы да, ауылдың аты да өзгерген. Қазір бұрынғы Новосель Ақниет ауылдық округі деп аталса, Юбилейное

 ауылы заманымыздың дара тұлғасы Қонаевтың атымен аталады.

Бұл астықты өңір. Сонау, 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі бүкілодақтық бастама кезінде өмірге келген «Подгорный» астық кеңшары нарықтық қатынастардың аумалы-төкпелі жүгін көтере алмай тарап кеткен. Қазір оның орнын «Раушанбек», «Ермахамбет» сияқты шаруа қожалықтары басқан. Иә, кейінгі кезде игерілмей жатқан жерлердің біразы «Шәушен» сияқты бақуатты шаруашылықтың иелігіне көшкен. Жер – Анада мін жоқ, 65 жылдан бері диқандардың қырманын астыққа толтырып келеді. Ауданымызға келгеніне екі айдан жаңа асқан аудан әкімі ұшы-қиыры жоқ егінжайды аралап көріп, жап-жасыл боп жайқалып өсіп келе жатқан астыққа көңілі толды. Бірақ, Әбілхайыр мен Қонаев ауылдарын аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайының әлі де кемшін тұстары бар екенін өз көзімен көрді.

Әбілхайыр елді мекенінде он сегіз түтін бар. Ауыл келешегі жоқ ауылдардың тізіміне кіретін болған соң мұнда инфраструктураға жататын әлеуметтік-мәдени ғимараттар мен мекемелер жоқтың қасы. Елді мекен Ақниет ауылдық округіне қарайтын болған соң тұрғындар зейнетақысын алуға немесе дәрігерлерге қаралу үшін де Қонаев ауылына келеді. ұ л ж е р д і ң х а л қ ы н ы ң о к р у г орталығына көшуге ниеті жоқ. Өйткені мұндағылардың бәрінің қора-қора малы бар. Бұл олар үшін тіршілік көзі. Аудан әкімі сонда да әбілхайырлықтардың талап-тілегін мұқият тыңдады. Олардың ауыз су мен жол мәселесін демеушілік жолмен шешудің жолдары бар екенін естен шығармады. Ал, Қонаев ауылы 2011 жылға дейін тоқырауға ұшырап, тозып кеткен екен. Оны көше бойындағы сылағы түсіп, терезелері үңірейіп қаңырап бос қалған тұрғын үйлер мен бұрынғы шаруашылық кеңсесінің ескі ғимаратынан анық байқауға болады. Дегенмен, соңғы кезде мемлекеттің қаражатымен б о й  көтерген жаңа мектеп пен амбулатория ғимараттары ауылға рәң беріп тұр. Бұрынғы мәдениет Үйі жанынан ағайынды Бөкетовтер «Жастар» жылына орай ауыл жастарына арнап футбол алаңын салуда екен. «Раушанбек» шаруа қожалығының жетекшісі Мәди Бөкетов ауылға кіреберіс тұстағы арканы яғни, ауылдың атауы жазылатын көрсеткіш тақта мен Дінмұхаммед Қонаевтың портреті салынған билвардты да жасатып жатқанын айтты. Әкім осы маңда пайдалануға жарамсыз болып қалған спорт зал бар екенін, оны жөндетуге аса көп қаражат кетпейтінін айта келіп, оны жөндету керектігін алға тартты. Елді мекенге ауызсу осыдан екі жыл бұрын келіп қойған, тек «көгілдір отын» ғана кіргізілмепті.

Аймақтың осы және басқа да көкейтесті проблемалары аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен болған кездесуде егжей- тегжейлі айтылды. Әкім халықты ашық әңгімеге шақырды. Ол ауылда қордаланып қалған мәселелердің үлкен-кішісі жоқ екенін ерекше ескертіп өтті. Осы ауылдан ашылған «Ғибрат- Шәушен» серіктестігі яғни, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаев өзінің қамқорлығын елді мекенге 50 орындық балабақша салып беруден бастайтын болыпты. Бұл шынында да игі бастама.

Мектептің мәжіліс залында өткен кездесуге ауыл халқы көп жиналды. Алғашқы сұрақты осыдан біраз жыл бұрын көрші өзбек елінен қоныс аударған қандасымыз Әбілбек Әбдірахманов қойды: «Біз осы елді мекенге 2003 жылы 20-30 отбасы көшіп келіп едік. Жергілікті өкімет бізге мемлекеттің жерін бергізді, бірақ жер жоқ болған соң жер үлесімізді әлі күнге дейін ала алмай отырмыз. Сұрастырып көрсек біраз жерді С.Дөненбаев алып қойыпты, ал, Германияға көшіп кеткендердің жері мен бұл дүниеден өтіп кеткен кейбір кісілердің жерін де басқа біреулер пайдаланып отырса керек. Сондықтан күнкөрісіміз әзірге малмен ғана болып тұр, алайда жайылымдық жер де жеткіліксіз. Қожалықтар ауыл іргесіне дейін егін егіп тастаған, сонда жекешенің малы қайда жайылады?».

Осынау орынды сауалды шешуге болатынын, ол рас бұған дейін көп ауыс- күйіс болғанын, бірақ көшіп кеткендерді әлі де анықтауға болатынын әкім анық айтты. Бұл мәселені шешуді әкім өзінің көмекшілеріне тапсырды. Иә, ауылда тоғыз мыңнан аса уақ мал, 800 ірі қара бар. Жақында облыс әкімдігі әр аулада қанша мал асырауға болатынын, егер жекеменшік иесі мөлшерден тыс мал ұстаса оны сыртқы жайылымда ұстауы керектігін ескертті.

Тағы бір мәселе ауылда дәріхананың жоқтығы, кейбір науқастарға тегін таратылатын дәрі-дәрмекті алу үшін жұрттың аудан орталығына баратыны кәдімгідей сөз болды. Әкім аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Г.Үкібаеваны орнынан тұрғызып, осы сұраққа жауап беруін өтінді. Ол. «Қазір бізде мемлекеттік дәріхана деген атымен жоқ, бәрі жекеменшікке көшкен. Ал, тегін дәрі-дәрмек алушылардың тізімі бізде бар» деді. Осы кезде залда отырған қожалық жетекшісі Есен Бекенов: «Бұл мәселені мен қолға алып жатырмын. Дәріхана салып жатырмын, фармацевт те бар, өзімнің келінім» деп мәселенің түйінін айтты.

Кездесуде ауыл тұрғындары М.Рысқұлов, М.Дәрібаевтар сөз алып жол мәселесін мен мал ұрлығы жайында айтты. Жиында айтылған барлық проблемаларды шешуге болады. Оның ең күрделісі ауылға газ әкелу мәселесі. Әкім: «Биыл оны кіргізудің жобалық құжатын (ПСД) жасаймыз, ал, алдағы жылы оны кіргізуді ойластырамыз» деді. Аудан әкімінің Ақниет ауылдық округіне сапары осымен аяқталды. Жұрт өздерінің көкейлерінде жүрген көптеген мәселелерге қанағаттанарлықтай жауап алды, сөйтіп, олардың келер күнге деген сенімі молая түсті деп ойлаймыз.

С.ҚОЖЕКЕ. Қонаев ауылы, Ақниет ауылдық округі.

СУРЕТТЕ: аудан әкімі Е.Садырқұлов Қонаев

 ауылында, залдан көрініс.

Поделиться ссылкой: