ҚАЗАҚСТАН – достықтың берік тұғыры
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Мамыр мерекесі 1990 жылы Еңбекшілердің ынтымақтастық күні ретінде тойланды. Тәуелсіз Қазақстанда мейрам 1996 жылдан бастап тойлана бастады. 1 мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойып, Еңбекшілер күнін тойлаудан бас тартты. Осылайша, 1 мамыр – «Қазақстан халықтарының бірлігі күні» болып белгіленіп, күні бүгінге дейін елімізде жалпыхалықтық мереке ретінде тойланып келеді.
Жыл сайынғы дәстүр бойынша аталған мереке аудан орталығы мен аудан елді мекендерінде жаппай аталып өтті. Аудан орталығындағы алаңға бұл күні құландықтар көптеп жиналды. Жиналған халық «Қазақстан – достықтың берік тұғыры» атты мерекелік іс-шараны тамашалады. Алаң ерекше сән мен салтанатқа бөленді. Құландықтардың жүздерінен қуаныш лебі еседі. Мерекелік серуен мен сейілге ұлты орыс, қарашай, татар, украин, чечен, қырғыз және тағы басқа ұлттың өкілдері қатысуда. Алаң төріне «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің композициясымен ашылған концерттік бағдарлама этномәдени бірлестік мүшелерінің қойылымдарымен жалғасты. «Достық, Бірлік, Ынтымақ» жасөспірімдер шеруінен соң қазақ, өзбек, ұйғыр, татар билерімен жас бишілер шығып, жиналған көпшіліктің көңілін бір марқайтып тастады.
Қалыптасқан дәстүр бойынша аудан әкімі Ерболат Садырқұлов аудан жұртшылығына ыстық лебізі мен құттықтауын жеткізген соң, шара концерттік бағдарламамен одан әрі қарай жалғасын тапты.
Осылайша, әртүрлі этномәдени орталықтар өздерінің ұлттық биін билеп, әншілер ән шырқап, орталық алаң ән мен жырға бөленді.
Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Сондықтан, бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор екендігі айтпасақ та түсінікті. Әрине, көпұлтты мемлекетімізде әр азамат қай ұлт, қай дінде болғанына
қарамастан, мемлекеттің басты байлығы болып саналады. Тәуелсіз Қазақстанның рухын асқақ етер ел азаматтары арасында өзге ұлт өкілдерінің болуы да – заңдылық. Олардың бүгінгі ұрпағы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ауданымыздың әлеуетін арттыруда абыройлы қызмет етіп жатқаны да жасырын емес. Сондықтан болар елордада халықтар Ассамблеясы құрылып, оған Қазақстандағы барлық ұлттар біріккен. Сонымен, «Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір» ұлт пен ұлыстың Қазақ елі Отанына айналып отыр. Мұның барлығы – халқымыздың берік ынтымағы мен достық пейілінің кеңдігінің арқасы. Бүгінде мемлекетіміз ынтымақ пен бірліктің берік тұғырына айналды деуге болады. Әрине, еліміз тыныш, жұртымыз аман болса, біз үшін басты құндылық та – осы болмақ! Мамыр мерекесі тағы да бір жолы халықтар достығының шынайы көрінісін паш етті.
Салтанат ҚАРАСАЙ.
СУРЕТТЕ: аудан жұртшылығы
1 Мамыр – Бірлік мерекесін тойлауда.