Жасампаздықтың жаңа белестері
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» аясында межелі міндеттер іске асырылып, өз нәтижесін беруде. Солардың көбісі халыққа арналып, олардың әлеуметтік жай-күйінің жақсаруы, әл-ауқаты деңгейінің жоғарлауына бағытталған. Осыған байланысты қазір мемлекет тарапынан сан түрлі бағдарламалар қолға алынып, халыққа барынша қолдау көрсетілуде. Соның бірі нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы. Аталмыш бағдарлама аясында ауданның жұмыссыз тұрғындары әлеуметтік сала бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына қатысуына болады. Қайта оқыту курстарында шаштараз, электрмен дәнекерлеуші, аспазшы сынды әр түрлі мамандықтар бойынша білім алып, кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға толықтай мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, ауданымызда жұмыссыздарға және өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтарға төмен пайыздық мөлшермен несиелер берілуде. Бұл жұмыстар кәсібінен нәсібін табам деген жандарға таптырмас мүмкіндік.
Еліміздегі жастар және нысаналы топқа жататын азаматтар да мемлекет назарынан тыс қалмай, оларға арналған бағдарламалар іске асырылып келеді. Мәселен, арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын аяқтаған жастар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда 6 ай мерзімге дейін тәжірибе жинақтау мақсатында жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл бағдарламаға жасы 29- дан аспаған және оқу аяқтағанына 3 жыл болмаған жас мамандар ғана қатыса алады. Ал, нысаналы топқа жататын азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына және ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберіліп, бүгіннің өзінде жұмыспен қамтылуда.
Мемлекеттік қолдау шараларының тағы бір жаңа түрі төрт немесе одан да көп балалы отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен аспайтын (20789 теңгеден аспайтын) азаматтарға атаулы әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екі нысан бойынша беріледі. Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек отбасында еңбекке қабілетті мүшесі жоқтарға беріледі. Аталмыш бөлімге зейнеткерлерден және мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құралған отбасылар жатады. Ал, шартты атаулы әлеуметтік көмек берілгенде арнайы шарт қойылады. Дәлірек айтар болсақ, отбасындағы еңбекке қабілетті азамат міндетті түрде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы керек. Осылайша мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға тиісті жауап қайтарып, өз үлесін қосуы тиіс. Сонымен қатар біздің орталықта жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Оған оқыту курстарынан өткен немесе бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқуды аяқтаған азаматтар қатыса алады.
Міне, Елбасы бастамасымен қолға алынып, көрсетіліп жатқан көмек түрлері дәл осындай. Мұның бәрі аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жай- күйінің жақсаруына, өмірде кездесетін түрлі қиындықтардан арылуға, әрбір азаматтың өмірге деген белсенділігін арттыруға арналған.
С.КҰЛМАНОВ,
аудандық халықты жұмыспен
қамту орталығының басшысы.