Шоқ тілді Шона
42 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
Адам баласы күніне қанша сөз айтады екен? Бәлкім, мың, мүмкін, миллион, тіпті, одан да көп шығар? Оны ешкім санап та, статистиканы есептеп те көрмеген болар… Бірақ, таң атқаннан түн қарайып батып, көзі ұйқыға кеткенше адамдар бір- бірімен тілдесумен боламыз. Тіпті, кейбіреулер ұйқы үстінде де сөйлеп жатады… Бір ауыз сөзбен біреулердің көңілін көтеріп, енді біреуінің ашу- ызасын тудыра аламыз. Бір ауыз сөзбен талай жүрекке жол тауып, ал кейде бәріне жек көрінішті де бола аламыз. Жылдар бойғы достықты да бір ауыз сөз тоқтатып, ұзақ уақытты қамтыған қастықты да бір ауыз сөз жоя алады. Бір ауыз сөзбен адамдарды ренжітіп, көңілін қалдыра да, сол бір ауыз сөзбен жігерін жанып, үміт отын ұялата да алады екенбіз… Сонда, бір ауыз сөздің өзінің осыншалық құдіретті болғаны ма, қалай? Ендеше, сөздің қасиеті мен құдіреті қайда жатыр?
Кейде ашуға беріліп, өзінің не айтып, не қойғанын білмей қалатын адамдар да бар. Ашумен айтылған сөз атылған оқ секілді: біреудің жүрегін жараламай қоймайды. Ал, кейде бәз біреулер әзілдедім деп өзгенің көңіліне қалай оқ қадам, мұң ұялатып қойғанын өздері де сезбей қалады. Сөйтеді де «аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кейпін киеді. Ал кейде бір жиындарда әлдекімнің айтқан бір ауыз қанатты сөзі тарихта жазылып, жылдар бойы сақталып, ауыздан ауызға тарайды. Осылайша, әрбір сөзіміз ісімізге, ісіміз мінезімізге, ал мінезіміз тағдырымызға әсер етіп жатады. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Сөйлесең, біреуге не өзіңе пайдасы тиетін сөз айт, немесе үндеме» — деген екен. Расында да, аз сөз – алтын, көп сөз – күнәға батыратын көмір секілді…
Сөздің қасиеті көп қой, мәселен, баяғының батырлары сөзге тоқтаған. Атақты «Қобыланды жырында» Қобыланды батырдың бел омыртқасы сынып, төсек тартып жатқанда, сүйікті жары намысына тиетін сөз айтқанда, батыр орнынан тұрып, жауға шауып кеткен делінеді жырда.
Баяғыны былай қойып, қазіргі тіршілікке оралсақ, бір танысымнан естіген тағы бір оқиғаны айтып берейін. Бір қыз болыпты, жасы жиырма беске таяған болуы керек, әзілдеп аузына түскен сөзді айта салады екен. Біреу «қашан тұрмысқа шығатын жоспарың бар?» десе, «мені не күйеу алмайды, не Құдай алмайды» деп қалжыңдап жауап бере салады екен. Бір күні әлгі қыз тұрмысқа шығады. Үйлену тойында жол-көлік апатына ұшырап, бірден тіл тартпай кетіпті. Сонда әлгі сөзін естіген таныстары «міне, бір күнде екеуі де алды» деп еске алыпты…
Жоғарыда айтқан мысалдың мәні: адам әр сөзін байыппен ойланып сөйлегені абзал. Қалжыңдадым деп біреудің көңіліне қаяу салу немесе әзілдедім деп артық айтудың қажеті жоқ. «Жындының сандырағы келеді» демекші, айтқаныңыз айналып алдыңызға келмесіне кім кепіл? Сондай-ақ, мүмін әйелдерге мейлі әзілдеп болсын күйе жағу – исламда кешірілмес күнәға жатады. Осыны қаперіңізде ұстаңыз, ардақты ағайын.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» деген сөз бар. Жылы сөз кез келген а д а м ғ а ж а ғ ы м д ы ә с е р е т е д і . Керісінше, қатты сөзді адамдардың ұнатпағаны бір бөлек, дәл солай қатты жауап қайтарып, өзіңізге тіл тигізетіндер аз емес. Әр сөзіңізді сабырмен саралап, ақылмен талдап сөйлесеңіз, бейбіт ғұмыр кешерсіз деген ойдамын. Сөзімнің соңын «Сөз кілт секілті. Ретін тапса, кез келген жүректің құлпын ашуға да және кез келген ауызды жабуға болады» деген Омар Хайямның ойымен аяқтағым келеді…
Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ.