Қойшының әңгімесі
Мен ол кісіні кейде көшеде, көбіне мешітте жолықтыратын едім. Жасы тоқсанның екеуіне келіп қалса да елпілдеп, жас балаша бірінші өзі сәлемін үзбей беретін. Онысына ыңғайсызданып қаласың, қанша дегенмен үлкен кісі емес пе. Не десеңіз де «кішіпейілділік кісінің келбетін ашады» деген үлкендердің сөзі рас-ау. Бірде ол:
– Қалай, нағашы? Үй ішің, бала-шағаң аман ба? Жұма қабыл, ниетің кәміл болсын!,-деді сол баяғы жаймашуақ қалпымен пайғамбардың сәлемін беріп. Мен де қалыстығымды айтып, сәлеміне сәлемімді білдіріп қалбалақтап қалдым. Намаз басталғанға дейін біраз уақыт бар еді. Енді ол әңгімесін әріден бастады: -Сенің әжең Тұмаркүл мен үлкен апаң Наркүлдің, қоңсы кемпірлер Үрзәдә мен Рәпияның менің шешем Толқынмен жасы құралыптас болатын. Мен сол қожай ауылында туыппын, кіндігімді сенің әжең кесіпті. Тоғыз айлығымда әкем қатты ауырып, қаза болған соң сол сендердің ауылдарыңда Нысан атамның айтуымен екі класс қана оқып, хат танып, сонда қалып қойыппын. Сондықтан сен де, сол құлын қуалап өскен «Әулие бұлақ» пен «Құркүнгей» де маған тым ыстық көрінеді. Жаңатұрмыстан кеткенімізге отыз сегіз жыл болыпты. Содан бері Каменкада тұрып жатырмыз, бірақ…-деп қария кірпігіне ілінген жасын көрсеткісі келмей теріс айналды.
Мен тоқсан екіге келген жиен-атамның жүрек толқуын ұқтым. Сол сәттен бастап Еңсебек кәрие маған біртуған бауырымдай болып кетті. Содан кейін мен ол кісіні ауданымыздың 80 жыл толуына орай кітап жазу үшін Қарақыстақ ауылдық округіне барғанда бір жолықтырдым. Ал, жақында жолым түсіп, арнайы іссапармен Каменка ауылына барғанымда ауыл әкімі Ораз Тәнекеев тылда еңбек еткен байырғы ардагерлердің бірі ретінде осы Еңсебек Барыбасов атамды ұсынғанда қуанышымда шек болған жоқ. Әкім сөзге келмей әкімшілік ауласында тіршілікпен жүрген сол кісінің ұлы Бақытбекті шақырып алып: «Мына ағаңды атаңа алып бар» деді. Бақытбектің жасы елу сегізге келіп қалыпты. Өзінің еті тірі, жүрісі ширақ екен төменгі көшелердің біріндегі еңсесі биік шатыр тамның жанына барып мәшинесін тоқтатты. Үйден еңсегей бойлы Еңсебек атамның төбесі көрінді. Ол кісі шау тартқанына қарамай еңсесін тік ұстап, есіктен еңкейіп шыға берді де мені құшақтап, бетімнен сүйді: «Е…нағашым келіп қалыпты ғой, кәне шәй қойыңдар» деді салған жерден. Біз ол кісі екеуіміз күншуаққа орындық қойып алған соң әңгіменің тізгінін ағыттық.
-…Өзің білесің, менің балалық шағым Жаңатұрмыс ауылында өтті. Соғыс басталғанда мен небәрі он екі-он үш жастағы бала едім. Бірақ қилы заман бізді «бала екенсің» деп, басымыздан сипамады. Әлі есімде осы Келістің (Ленин орденді механизатор) әкесі Нүсіпәлі ақсақалмен бірге өгізбен соқа тарттық. Қара борбай, әлі де сіңірім қатаймаған бала емеспін бе, атан жілікті, мойны жуан жануарға шамам келмейді. Сонда атам бір мейірімді жан еді, маған ұрыспай, зекімей-ақ, жаймашуақ күйде барып айдаудан шығып кеткен өгізді жөнге салатын. Егін көп те емес «Мөңкедегі» жеті төбеде. Ілгеріде қалмақпен бе, әлде қырғызбен бе соғыс осы шиде болса керек, содан қалған-ау, сірә, жеті қарауыл төбе әлі бар. Кейін «Былабай» мен «Жарарықтың» аралығынан 70 гектар тың жер көтерілді.
Мен өзімнің қатарым Кемелбектің (ол кісіні жұрт Батыр деп те атайды, шамасы Досқожа батырдың ұрпағы болған соң ба) інісі Жақсылықпен бірге соғыс жылдары радуан арба да айдадым. Сол жылдары ауылымызға Қапқаздан келген қарашайлар қаптап кетті. Өздері діні мұсылман болған соң ба иманжүзді халық екен. Мен оларды радуан арбамен бидай піскенде егістікке апарып, қайтар жолымда солардың буып берген масағын қырманға әкеліп, тасып жүрдім. Әлгі масақты зілдей ауыр тісті таспен жаншыған соң одан түскен дәнді шалдар желге қаратып суырып, жинап алатын. Сұран кісі бригадир. Бір күні пойызжол жақтан қарайған адамның сұлбасы көрінді. Қолорақпен астық орып жатқан жұрттың назары түгелдей сол жаққа ауды. Өйткені бәрінің де майданға кеткен еркеккіндігі бар. Сөйтсек, менімен түйдей құрдас Үшкемпір деген баланың ағасы Тұрар екен. Жақындап келгенде байқадық, бір аяғы жоқ, қолтығында балдақ. Алыстан көпке қол бұлғап қояды. Шамасы ауылды сағынған болуы керек жалғыз аяқпен – ақ, әудем жерге кеп қалды.
Иә, бұл соғыс дегенді қойсаңызшы, «қара қағаз» келгенде ел улап-шулап қалады. Тұрар аға сияқты балдақпен келгендердің ішінде Шолпамбай, Әрнебай деген кісілер де болды. Олар бір-бір аяғын майдан даласында қалдырып, елге оралды. Сол кезде «Ойранды» мен «Сарманқұлда», «Құркүнгей» мен «Тоқсамбайда» отырған қойшылардың отарларындағы саулықтарды иіріп алып, қыз-келіншектер, бала-шаға түгел қой сауатын. Оны біз сыр зауытқа баяғы радуан арбамен таситынбыз. Жақсылық құрдасым екеуіміз бір-екі жыл Хантауға барып шойын жолда жұмыс істедік. Соғыс та аяқталды. «Бәрі де майдан үшін! деген ұран қалып, енді бесжылдықшылар, стахановшылар қозғалысы басталып кетті. Сол кезде әйелдер де қой қырқатын Сенің Рахилә деген әпкең қолқайшымен күніне 40-50 қой қырқып, стахановшы атанған.
Мені әскер қатарына 1954 жылы алды. Үш жыл Сухумиде әскери борышымды өтеп, елге келген бетте Сұрат ауылының Сағымбүбі деген қызына үйлендім. – Ол кісі қазір қайда?-дедім жұлып алғандай.
– Аяғы мертігіп, төсек тартып жатып қалды. Үйде,-деді түк болмағандай. Иә, расында Сағымбүбі апа үйде жатыр екен. Біз Еңсебек кәрие екеуін суретке түсіріп алдық.
Еңсебек кәрие әңгімесін одан әрі қарай жалғап: -Сонымен колхоздың бастығы Бексейіт Махатов маған бір отар қой берді. Сағымбүбі екеуіміз содан зейнетке шыққанша қой бақтық. Архабаев Метіқұл пермеміз. Жазда «Қарақыстақ» пен «Сусамырға», қыста құмға көшеміз. Сол жылдары өзім сияқты Шалдамбай Құрманалиев, Әбітқан Молдақұлов, Әбік Ноғайбаев сияқты қойшылармен қоңсылас болдым. 1981 жылы «Путь к коммунизму» колхозына келдім де тағы да қой бағып кеттім. Сөйтіп, 1991 жылға дейін қой соңында жүріп, зейнетке шықтым. Құдайға шүкір, «мал баққанға бітеді» деген сөз рас екен. Үш ұлым мен екі қызым бар. Құдайдың берген немерелері мен шөберелері шаңырағымды құтханаға айналдырды. Осыған да тәубе!,-деп сөзін аяқтады Еңсебек кәрие .
Иә, Еңсебек ата шопанның құтты таяғын ұстап, жалаңаяқ жар кешіп, қақаған қыста қар кешіп, желдің өтінде, шілденің шыңылтыр аптабында қой бақты. Сөйтіп, колхоздың қорасын қойға, шарасын майға толтырды. Бүгінде жасы 92-ге келген қойшы қарт соның бәрін ертегі көргендей есіне алып, немере-шөберелеріне жыр етіп айтып отырады. Біз де Еңсебек қарияның әңгімесін естіп, оны оқырман қауымға жеткізгенше асықтық.
С.ҚОЖЕКЕ. Каменка ауылы.
СУРЕТТЕ: тылда еңбек етіп тер төккен
ерлі- зайыпты Сағымбүбі апа мен Еңсебек қария.