Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Жуырда аудандық білім бөліміне қарасты Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде әлемдік маңызы бар іс-шаралардың бірі ұйымдастырылды. Дәлірек айтар болсақ, мектеп оқушылары әлемнің 60-тан астам елі қатысатын «Тimss» халықаралық зерттеуіне қатысып, бақтарын сынап көрген еді. Аталмыш байқауда мектептің 8-ші және 4-ші сынып оқушылары ауызша және жазбаша түрде берілген тапсырмаларды орындап, сынға түскен болатын. Осы бір сәтті біз ұтымды пайдалана отырып, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің қарамағындағы «Ақпараттық-талдау орталығы халықаралық салыстырмалы зерттеулер» департаменті директорының орынбасары Айгүл Даниярқызы Байгуловамен тілдесіп қайтқан едік.
— Айгүл Даниярқызы жалпы өзіңіз қызмет ететін департамент қандай жұмыстармен айналысады?
— Біздің орталық негізінен ақпараттандыру және талдау жұмыстарымен айналысады.Орталықтың қарамағында статистика бойынша көптеген мәлімдемелер жасалады. Мұнан бөлек Қазақстанда өткізілетін барлық халықаралық зерттеулерді біз ұлттық үйлестіруші ретінде елімізде ұйымдастыруға өз ықпалымызды тигіземіз. Жалпы алғанда біздің орталықта 6 зерттеу түрі бар. Кішкентай бүлдіршіндерден бастап, 60 жасқа дейінгі қарияларымызға арналған арнайы зерттеулерді жүргізіп отырамыз. Сол зерттеулердің бірі бүгін осы өздеріңіздің аудандарыңызда өткізіліп жатыр. «Тimss» халықаралық зертеуі 4 жылда бір рет өткізіледі. Оған мектептің 4 және 8-ші сынып оқушылары математика мен жаратылыстану бағытындағы пәндерден тест тапсырмаларын орындап, өздерінің академиялық білімдерін саралай алады.
— Білуімізше «Тimss» халықаралық зерттеуіне бізден бөлек 60-тан астам өзге мемлекеттер де қатысады екен. Аталмыш зерттеуге қандай мемлекеттер қатысады және олардың арасында қазақстандық оқушылардың әлеуеті қай деңгейде?
— Өте орынды сұрақ. Бұл байқау халықаралық деңгейде 1995 жылдан бастап өткізіліп келе жатыр. Бірақ, біздің ел осы бір байрақты бәсекеге 2007 жылдан бері қатысуда. «Тimss» халықаралық зерттеуінің биылғы айналымы есеп бойынша төртіншісі. Яғни, елімізде «Тimss – 2019» зерттеуінен бөлек алдында үш кезең өткізілген болатын. Мәселен, соңғы өткізілген «Тimss – 2015» нәтижелерін айтар болсақ, еліміздің оқушылары 64 мемлекеттің ішінен 4 және 5 орындарды иеленді. Бұл жерде Англия, Австралия және Германия секілді озық мемлекеттер артта қалды десек болады. Ал, алдымызды ораған мемлекеттер қатарында Сингапур, Ганконг, Финляндия секілді елдер бар. Айта кету керек, үшінші айналымға еліміздің 134 мектебі қатысқан болатын.
— Осы алдыңғы орынды еншілеген мемлекеттермен тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді ме?
— Негізі жақсы ұсыныс айтып отырсыз. Бірақ, өкінішке орай мұндай жұмыстар атқарылған жоқ. Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің орталық халықаралық зерттеулерді өткізу, ұйымдастыру, сараптап қорытындысын шығарумен ғана айналысады Ал, өзге елдермен тәжірибе алмасып, оны біздің мектептердің жүйесіне енгізу өкінішке орай біздің құзыреттілігімізге жатпайды.
— Келесі сұрақ өзіміздің өңір жайында болмақ. Жалпы «Тimss – 2019» зерттеуіне облыс көлемінде қанша мектеп қатысуда? Сонымен қатар, ол мектептер қалай таңдап алынады?
— «Тimss – 2019» зерттеуіне Жамбыл өңірінен 17 мектеп қатысуда. Атап айтар болсақ, Тараз қаласы – 4, Байзақ ауданынан – 4, Жамбыл ауданынан – 3, Мойынқұм және Т.Рысқұлов секілді аудандардан 1 мектептен таңдап алынды. Таңдап алу жүйесіне тоқталатын болсақ, мектептерді біз таңдамаймыз. «Тimss» халықаралық зерттеуінің негізгі орталығы Германияның Гамбург деген қаласында орналасқан. Біз сол орталыққа еліміздегі барлық мектептердің тізімін берген болатынбыз. Олар зерттеуге қатысатын мектептерді компьютер арқылы кездейсоқ таңдап алады.
— Түсінікті. Енді осы соңғы сұрақ болсын. «Тimss» халықаралық зерттеуін елімізде өткізу қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?
— Бізде жалпы ішкі бағалау бар. Ел ішінде түрлі олимпиадаларды, қызықты байқауларды, сапалы сынақтарды өткізіп келеміз. Бірақ, әлемдік кеңістікте біздің оқушыларымыз қаншалықты бәсекеге қабілетті екендігін анықтау үшін осындай халықаралық зерттеулерге қатысқанымыз дұрыс деп есептеймін. Бұл біздің еліміздің дамып өсуіне, өркендеуіне үлкен үлес қосатыны анық. Бір сөзбен айтқанда, «Тimss-тің» бізге берер тиімді тұстары өте көп.
— Сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.