Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Атаулы мереке қарсаңында «Құлан таңы» газетінің тілшілері жыл сайын арнайы бет әзірлеуді дағдыға айналдырған. Биыл да сол дәстүрге сай Нұрдәулет Жамалбеков басқаратын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің негізгі жұмыс барысымен тілшіміз танысып, сұхбаттасып қайтқан еді. Ендеше, сөз тізгіні әріптесімізде.
Ұжымдық жиында маған осы тапсырма жүктелген соң материалды оқырманға қалай жеткізудің тәсілін ойлап біраз отырдым. Содан соң Нұрдәулет Сүйерханұлының қызметтік телефонына қоңырау шалып, мақалаға тұздық болып қалады-ау деген қажетті мәліметтерді сұрадым. Нұрекең сөзімді қуаттап, барлық дәйектерді түстен кейін «тастай қылып» қоюға уәде берді. Және ол уәдесін орындады да.Келісілген межеде бардым. Біраз отырып тілдестік. Есесіне, көлемді материалдар топтамасын дайындауыма көптеген мәліметтер алып, келесі бір сұрағымды қояйын деп отырғанымда, Нұрекеңнің қабинетінің есігі баяу ғана қағылды. Келген әдіскер қызметкер екен. Ол «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің арулары Тараз қаласында өткен кезекті бір байқаудан жүлделі II орын жеңіп алғанын айтуға келіпті.
Нұрдәулет Сүйерханұлы қатты қуанды. Менде разы болдым. Шынтуайтында би деген ғажап өнер ғой…
Ләззат Жайсаңбаева жетекшілік жасайтын «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің бишілері 2017 жылы ел астанасында өткен халықаралық мамандандырылған «EXPO» көрмесінде өнер көрсетіп, сол жылы Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен «Анадолы күндері» атты халықаралық мәдениет және өнер фестиваліне арнайы шақырту алғанын біз жақсы білеміз. Сол кезде биші қыздардан сұхбат алып, газетке де жазғанбыз. Міне, «Әдемі-аудың» тағы бір толқыны облыстан жүлдеге ілігіп отыр. Қыздар мен оның жетекшісіне тек қана «Браво!» дейміз.
Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйі жанында 50 үйірме, 10 әуесқой клуб («Балалар», «Жас жеткіншек», «Ақ әже», «Ақ босаға», «Демалыс», «Мұрагер», «Тоғызқұмалақ», «Теннис», «Футбол», «Қолөнер» сынды әуесқой клубтары), 5 халықтық атағы бар ұжымдар («Сұлутөр» халықтық фольклорлық ән-би ансамблі, «Сударушка» халықтық фольклорлық ансамблі, «Әдемі-ау» халықтық ән-би мәдениет саласын ілгері дамытуға мемлекеттік бюджет есебінен 247,9 млн.теңге қаражат бөлінген екен. Біз мұны ұлтымыздың мәдениеті мен руханиятына жасалып жатқан үлкен қолдау деп ұғамыз.
ҚЫСҚА НҰСҚА
2019 жылдың I тоқсанында 201 іс-шара өтіп, көрермен саны – 19820-ға жеткен. Ұйымдастырылған ілкімді шаралардың тұтастай дерлігі әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ бетінде жарияланған. Алаш зиялысы Жүсіпбек Аймауытов «Мәдениет дегеніміздің өзі -ұлтты өліп-өшіп сүю» дейді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары барынша ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып жүр деп айтуға да толық негіз бар. Өнерпаздарымыздың кез келген байқаудан олжасыз қайтқан кезі жоқ. Мәселен, Нұрдос Базарқұлов басшылық ететін Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Ермахан Сегізбаев Ақтөбе қаласында өткен «Шырқа гитара» атты республикалық байқауында жүлделі III орынды жеңіп алса, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Тыңжан Сайырманов дәл осы байқауда дипломант атанды. Басқар Битанов атындағы халықтық Жамбылым» атты эстрадалық әншілер конкурсында дипломант атанды.
Журналист болған соң, біз ауылдық округтерге жиі бас сұғамыз. Шыны керек, сонда ауылдағы ағайын көбіне-көп ауылдық клуб мәселесін сөз етіп жатады. Өзгені айтпай-ақ, өзім туып өскен Көгершін ауылындағы мәдениет үйінің жай-күйін айтсақ жеткілікті болатын шығар. Ілгеріде аудандағы ең көрікті мәдениет үйінің бірі саналған Көгершіндегі нысанның бүгінгі келбеті адам айтса нанғысыз. Яғни, қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ қалып тұр. Біз осы сұрақты аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысына қойдық. Оған Нұрдәулет Жамалбеков былай жауап берді. «Елдімекендерді мәдениет нысандарымен қамтудың 2019-2021 жылдарға арналған картасы аясында 6 ауылға яғни, Жаңатұрмыс, Қызылшаруа, Көгершін, Ақыртөбе, Өрнек және Абайға 90 орындық клуб құрылысын жүргізу жоспарланған. Біздің тараптан ұсыныстар беріліп жатыр. Бұл бір жылда шешіле салатын жұмыс емес. Ұзақ процесті талап етеді. Өзіңіз мысал еткен Көгершін мен Жаңатұрмыс ауылдарына 90 орындық мәдени нысан құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттар дайындалған. 2020 жылы құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады» деп сендірді сала басшысы.
БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Өткен аптада аудандық «Сұлутөр» кинотеатрында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мұрындық болуымен оқушылар арасында Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы болып өтті. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеру мақсатында ұйымдастырылған байқау екі кезең бойынша өткізілді. Байқау шартында ұлтымыздың қайраткерлері Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Дөнентаевтың 125 жылдығы мен ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай қабырғалы қаламгерлердің прозалық және поэзиялық шығармаларынан үзінді оқу межеленген. Қазылар алқасы байқау қатысушыларын көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дұрыс дыбыстауына, көркем мәтінді таңдау талғамына, сахналық образ және оқу шеберлігіне қарап бағалады. Нәтижесінде Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушысы Салтанат Талғатқызы жүлделі III орынды жеңіп алса, жүлделі II орынға Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектептің оқушысы Жәнібек Әмреев ие болды.Ал байқаудың бас жүлдесі Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінің оқушысы Қарлығаш Алатауоваға бұйырды.
АУДАНДЫҚ КІТАПХАНА ОҚЫРМАН СҰРАНЫСЫНА САЙ ЖҰМЫС ЖАСАП КЕЛЕДІ
ҚЫСҚА НҰСҚА
2018 жылы Қорағаты, Көкдөнен, Қарақыстақ ауылдық модульді, Құмарық ауылдық модульді балалар, Мақпал ауылдық кітапханаларында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылды. Бұл орталықтар egov.kz порталы арқылы ауыл тұрғындарына әр түрлі анықтамалар, атап айтсақ, балабақшаға тіркеу, мекен-жайлық және сотталмағандығы туралы іс-қағаздарын ұсына алады. Биыл тағы да 7 кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылады деп жоспарлануда.
Кітапхана ісі – әлеуметтік ең мәнді игіліктердің бірі. Кітапхана қызметкерлерінің басты міндеті -оқырманды кітап оқуға баули отырып, оларды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету. Осы ретте, біз аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің көп функционалды ақпараттық интеллект орталығы ретінде ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқандығын айтуымыз керек. Өзге ақпаратты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаеваның өзінен сұрағанды жөн көрдік.
«Кітапхана жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшарт жасау арқылы шығармаларын цифрландырып, олардың электронды нұсқаларын облыстық кітапхана сайтына жіберіп отырады. ОКЖ бойынша барлық 31 кітапхана қомпьютермен қамтылып, интернет жүйесіне қосылған. Өткен жылы аудандық орталық кітапханада Коворкинг орталығы ашылғанын білесіз. Аталмыш орталықтың ашылуы оқырмандар үшін де жағымды жаңалық болды дей аламын. Өйткені, кітапхана тек кітап беретін орын емес, сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін таптырмас зияткерлік демалыс орнына айналып отыр» дейді кітапхана директоры.
Былтыр Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, респуб ликалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, жерлесіміз Хамит Есаманмен «Құландағы қара өлең» атты кездесу кеші ұйымдастырылған болатын. Қатыстық. Көрдік. Өте әсерлі кеш болды. Жалпы аудандық орталық кітапхана қызметкерлері кез келген іс-шараны жоғары деңгейде өткізе біледі. Бұл ретте әдіскер Ұлжан Нұрхожаева, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің меңгерушісі Ғалия Үсербаева, кітапханашылар Айгүл Жиенбаева, Рыскүл Байғамұтова, Маржан Демесинова, Алтын Рысбекова, Ғалия Үсербаева, Гүлнора Базарбаева, Жанат Баягизова, Гүлжамал Жарқынбаева, Сәуле Әзімжанова, Эльвира Дюсембинова, Рита Аубакирова, Рабиға Таспауова, Айгерім Баймұратова, Гүлмира Жаманбаева, Алия Искакова, Меруерт Токиевалардың атқарып жүрген еңбектері ұшан-теңіз екенін жазып өтуге тиіспіз.
Өрелі өнерпаз
Сөз басында Рысбек Қадырқұловтың есімін атаған едік. Ұжымдағы әріптестері де мойындайды, бүгінгі таңда ауданымыздағы өнерпаздардың ішінде Рысбектің шоқтығы биік. Оған ешкім талас тудырмайды. Себебі, ол – нағыз кәсіби әнші.
Сондықтан оның мақтау қағаздарын тізбелеп жазуды құп көрмедім. Есесіне өнер жайында мазмұнды сұхбат өрбіді. Рысбекке «Өзіңізді Құлан жұртшылығы кәсіби әнші ретінде жақсы таниды. Дегенмен, біз сіздің сазгерлік өнеріңіздің бар екенін де білеміз. Сахнаға шығарда қайсысын атағанды жөн көресіз? деген сұрақ қойып едім. Ол: – Мен кәсіби әншімін. 10 жасымнан бастап, сахнада ән шырқап келемін. Сондықтан болар, аудан жұртшылығы әншілік қырымызды жоғары бағалап жатады. Құдайға тәубе деймін. Ол мен үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Енді сазгерлік жөнінде бірер ауыз сөз айтайын. Дана қазақ «Жігітке жеті өнерде аз» демей ме? Менің ойымша, мұндай үрдіс шығармашылық адамына тән құбылыс деп есептеймін. Мәселен, сіз журналистсіз. Күнделік не болмаса өлең жазасыз делік. Дұрыс па? Әншілік пен сазгерлікті де солай қабылдасақ ұтымды болар еді,-деп жауап қайырды.
– Сұрағымды неліктен бұлай қойғанымның себебін айтайын сізге. Қазіргі уақытта тыңдарманның кімнің әнші, кімнің сазгер, кімнің ән өңдеуші екенін білмей қалғаны жасырын емес. Қазақ эстрадасында бір-біріне ұқсас әндер көбейді. Бұл пікіріммен келісерсіз…
– Иә, бұл ойыңызбен толықтай келісемін. Кім екенін атамай-ақ қояйық, осыдан біраз жыл бұрын бүгінгі таңдағы танымал әншілеріміздің біріне «Өзі жазады, өзі айтады, өзі тыңдайды» деген сын айтылып еді. Қайткен күнде де жазушы Рақымжан Отарбаев ағамыздың «Қазірде жас әнші көп. Өңшең – жұлдыз. Қазақ аспанына қалай сыйып жүр деп таң қаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі -сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон. Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау.Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!» деген сөзінің шындыққа айналғанына көзіміз жетіп отыр,-деді ол.
– Айтпақшы, жақында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық творчестволық бірлестігінің мүшесі атаныпсыз? Құтты болсын!
– Үлкен рахмет. Сіз айтқан «Бейбітшілік әлемі» – ол халықаралық масштабта жұмыс жасап жатқан қоғамдық ұйымның бірі. Құдай қуат берсе, әлі талай жетістіктерге жетемін деп ойлаймын.
Арнайы бетті әзірлеген Марат ДИХАНБАЙ.