Халықтың әл-ауқатын көтерудің бір жолы – кооператив құру

774 Views

 Апта басында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев арнайы іссапармен ауданға келді. Ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану салаларына жауап беретін аймақ басшысының орынбасары әрбір ауылдық округ тұрғындарымен кездесіп, жеке дара тілдесті. Аталмыш

 к е з д е су ле р г е облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев пен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов және бірқатар қаржы институттарының өкілдері қатысты. Жамбыл облысы бойынша ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен арнайы жоба құрылған болатын. Бүгінде аталмыш жоба аясында жұмыс тобы құрылып, шалғай жатқан ауылдарды аралап, тұрғындарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, жұмысшы топтың басты мақсаттарының бірі – елдімекен тұрғындарын өзін-өзі жұмыспен қамтуына, кәсіп ашудың көзін табуға ықпал жасау.

Мұратхан Жүнісәліұлының бастамасымен жүргізілген алғашқы жиын Тереңөзек ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінде өтті. Оған Тереңөзектен бөлек Ақыртөбе, Қайыңды, Өрнек ауылдық округінің тұрғындары қатысты. Аймақ басшысының орынбасары алдымен ауылдық округ әкімдерінен елді мекендегі ауланың, халықтың, ірі қара малдың оның ішінде аналық бастың санын сұрады. Ондағы мақсаты — әрбір ауылда сүт және ет бағытында кооператив құру жұмыстарын зерделеу болатын.

Негізінен кооператив құру жұмыстары елімізде 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Облыс бойынша мысал келтірер болсақ, аталмыш жұмыстарды жүргізу бойынша Жуалы ауданы алдыңғы қатарда келеді екен. Бұл жайында тұрғындарға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев мәлімдеді. «Бүгін біз аудандарыңызға облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен келіп отырмыз. Жуырда Асқар Исабекұлының бастамасымен облыс тұрғындарының тұрмысын, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында арнайы жоба құрылған. Жобаның негізі мақсаты әр ауылдық округте кем дегенде бір кооператив құру. Сондықтан қазір мен сіздерге облыс көлемінде құрылған кооператив жұмыстарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстыруды жөн көріп отырмын. Елімізде аталмыш жұмыстар 2016 жылдан бері іске асырылып келеді. Алғашқы жылы облыста — 6, 2017 жылы — 22, 2018 жылы – 55 кооператив өз жұмыстарын бастады. Осы күнге дейін сүт бағытында 6756 бас сиыр алынса, ет бағытында — 10019 бас ірі қара сатып алынды. Кооператив жұмыстарын жүргізу үшін керек құрал-жабдықтардың болуы маңызды. Сондықтан бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар өз деңгейінде жүргізілді. Мәселен, 2017-2018 жылдары 11 танкер, 4 сүт тасымалдайтын автокөлік, 1 рефрежиратор, 1 инкубатор, 1 құрама жем цехы мен 3 мал сою пункті талапқа сай толығымен жабдықталды. Кооперативтер тек сүт және ет бағытында ғана емес, өзге де бағытта құруға болады. Мысал ретінде айтар болсақ, біз қозыларды өсіру және дайындау, мал азығына қажетті (арпа, сұлы және көпжылдық шөптер өсіру) және құрама жем өндіру, инкубаторлық өндірістік станция желісін құру және бройлер, үйректер мен қаздардың етін өндіру, ешкі шаруашылығын дамыту және маусымаралық көкөністерді дистрибуциялауға арналған бағыттарға қолдау көрсете аламыз. Әрбір ауылдық округ өз мүмкіндіктеріне қарай, осы бағыттардың бірін таңдауы қажет.Сондықтан, кооператив құруға ниет танытып отырған азаматтарға бастағалы отырған бизнестеріңізді бағамдап, жоспарлап бізге нақты ұсыныспен келсеңіздер деймін. Сіздерге есігіміз әрдайым ашық» деп жиылған жұртты белсенді болуға шақырды.

Басқарма басшысының сөзін аймақ басшысының орынбасары да жалғап «Халықтың әл-ауқатын көтерудің бірден-бір жолы – кооператив құру. Сондықтан да аталмыш жұмысты қолға алуға ниет етіп отырған азаматтар әуелі өз пайдасын ойламай, ауыл тұрғындарының жағдайын бірінші кезекке қоюы керек. Бұл ұжымдық жұмыс болғандықтан, ауыл болып бірге атсалысу керек. Сонда ғана шалғайда жатқан өңірлерді дамыта аламыз. Ол үшін мемлекет те өз тарапынан көптеген қолдауын көрсететін болады. Бастысы тынбай еңбектенсеңіздер болғаны» деді Мұратхан Жүнісәліұлы.

Жиын барысында тұрғындарға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры», «ТАРАЗ» микроқаржы ұйымы, «ҚазАгроКепіл» АҚ-ның қаржы кеңесшілері тұрғындарға өз тараптарынан көрсетілетін жеңілдіктер мен қолдауларды баяндап берді.

Айта кету керек, дәл осындай форматтағы жиын Көкдөнен, Құлан және Луговой ауылдарында да өтті.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: