ТУРИСТІК КЛАСТЕРДІ ҚАЙТСЕК ДАМЫТАМЫЗ?..

779 Views

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылдың тамыз айында Бурабай баурайында берген сұхбатында «Біздің есімізге «ә» дегенде не түседі? Қожа Ахмет Яссауидың кесенесі, Арыстан баб, Отырар түседі. Оның тарихы бар. Батыс Қазақстаннан келсек, Маңғыстаудың өзі далада жатқан мұражай сияқты. Шығысқа барсақ, қазір дүние жүзіне белгілі болып келе жатқан Берел. Құндылықтарды қазып көрсетіп жатырмыз. Оңтүстікке барсақ, Алтын адамның шыққан жерлері бар. Сондай дүние жүзіне көрсететін киелі жерлер бар» деп Отандық туризмді дамытуға терең мән беру керектігін ескерткен болатын. Сондай-ақ, өткен жылдың қыркүйегіндегі Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке «Туризмді дамытудың 2023 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді» тапсырған еді.

Бүгінде әлем экономикасының 10 пайызын осы туризм саласы құрайды. Туризмді дамыту мәселесін Елбасы бекерден-бекер көтеріп отырған жоқ. Әлем елдерінің тәжірибесі бізге де керек. Осы мақсатта 2017 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамы құрылды. Негізгі міндет — Қазақстанның туристік әлеуетін шетелде насихаттау және елдегі туристік салаға инвестиция тарту десек, Ұлттық Компанияның жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай туризм индустриясының Қазақстандағы жалпы ішкі өнім үлесі 1%-дан 8%-ға дейін өсуі тиіс екен.

Туризмді дамытуда бізге алысқа бармай-ақ, көрші мемлекеттерді қызықтыра алсақ та аз табыс түспейтін секілді. Мәселен, 146,9 миллион халқы бар көрші Ресей мемлекеті адам саны жағынан әлемде 9-орында тұр. Осыдан-ақ, көрші елдің біздің елге ғана емес әлемдік туризмге де қосар үлесі салмақты екенін аңғарамыз. «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Ресейлік туристер кем дегенде жиырма шақты елдің бюджеттеріне түсетін қаржыны тұрақты түрде қамтамасыз етеді екен. Ал, Euromonitor International «2023 жылға қарай Ресейден жыл сайын 41,5 миллион турист басқа елдерге аттанады» деп болжайды.

– Ресей – Қазақстан туризмі үшін мақсатты нарық болып табылады. Статистика комитетінің мәліметі бойынша 2017 жылы Ресейден Қазақстанға 1,7 миллион адам келіп, 2016 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,7%-ға өскен. Ал 2018 жылғы алдын ала берілген мәліметтер бойынша Ресейден келген адамдар саны 1,74 миллионға жетіп, 1,7% өсімді көрсетті.

«Ресейлік турист үшін демалу орнын таңдауда ең бастысы баратын орынның қауіпсіз әрі танымал болуы маңызды» деген пікір қалыптасқан еді. Десек те, кейінгі жылдардағы тенденцияларға сай, туристер үшін алатын тәжірибелер, әсерлер мен эмоциялар жүйесі де, яғни «travel experiences» демалатын жерді таңдауда шешуші фактор болып табылады. Сондықтан, еліміз жаңа эмоция мен жаңа әсер беретін қызықты туристік өнімдерді ұсынатын, белсенді демалысқа арналған жаңа бағыт ретінде ресейліктерге таныстырылатын болады, — дейді «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамының өкілі Даниель Сержанұлы.

Тұрар Рысқұлов ауданын еліміздегі тарихи өңірлердің бірі ғана емес бірегейі десек, қателеспейміз. Ежелгі Ұлы Жібек жолының бойында қоныстанған ортағасырлық қалалар мен табиғаты көз тартар көрікті жерлері қазір де Жібек жолын алмастырған «Батыс қытай – Батыс европа» автодәлізінен алшақ емес. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі тарихи туризмнің тамырын тереңге тартып, ауданның туристік аймаққа айналуына таптырмас мүмкіндік. Ол үшін әрине аудан аумағында орналасқан туристік нысандарды түгендеп, олардың бүгінгі көрінісіне, бет-бейнесіне талдау жасап, кем-кетікті қайта қалпына келтіру керек секілді. Бұл бағытта аудан әкімдігі қандай жұмыстарды жүйелеп, алдыға қандай мақсат қойып отыр? Біз осыған зер салып көрдік.

Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінде тарихи орындардың тізбесі (Ескерткіштер, киелі мекендер, табиғаты әсем жерлер, тау, жылқымен саяхат, аңшылық, балықшылық туризмі мен автораллии саяхатына қолайлы орындар) ауылдық округтер бойынша түзіліп, «Туристік картасы» дайындалыпты. «Аудан аумағындағы туристік нысандар орнатуға мүмкіндігі бар тарихи, киелі, табиғаты әсем орындардың фото-аннотациялары облыстық кәсіпкерлік және индустриялды – инновациялық дамыту басқармасының туризм бөліміне өткізілді. Бүгінгі күні де әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы туристік кластерлерді іске қосып, туристік саяхаттарды дамытуға қолайлы орындар туралы мәліметтер берілуде» дейді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі.

Демек, туристік кластерді дамыту жолында әкімдіктің жүйелі жоспары бар, мақсаты айқын. Туризмді дамытуға көзқарас түзу секілді. Енді тек жоспар жолға қойылып, мақсат орындалса дейміз.

 Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.

 

Поделиться ссылкой: