Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Бүгінде ауруханаға мүлдем бас сұқпайтын, ақ халатты абзал жандарға қаралмайтын жан жоқ шығар, сірә! Ауырған жеріне дауа іздеп, дәрігерден демеу күтетіндер қаншама?.. Кезінде осынау сырқаттанушылардың көптігінен ұзын сонар кезек қалыптасып, ауырып тұрған науқас одан әрі қиын жағдайға түсіп жатушы еді. Ал, қазіргі таңда біздің көзімізге бұрынғыдай кезекте тұрған жандар жойылғандай көрінді. Оның бірден-бір себебі – еліміздегі медицина саласының цифрландыру жүйесіне ойысуынан орын алып отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында медицина қызметіне терең үңіліп, аталмыш салаға сапалы өзгерістер қажет екендігіне ерекше тоқталған болатын. Елбасы өз сөзінде «Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады. Ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс. Бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді» деген болатын. «Елбасы тапсырмасы ауданымызда қалай жүзеге асырылуда?», «Цифрландыру жүйесі бойынша қандай жұмыстар іске асырылып жатыр?» деген сауалдарды басты назарға алып біз Луговой ауылдық емханасына арнайы барып қайтқан болатынбыз.
Бүгінде Серік Қосшығұл жетекшілік ететін шағын емханада 40-тан астам адам қызмет етеді. Күніне олар 75 адамды қабылдап, емдеу шараларын жүргізуге қауқарлы. Қазіргі кезде 6 тәжірибелі дәрігер, 29 орта буынды мейірбике емханаға тіркелген 9960 адамға қызмет көрсетеді. Емхана қажетті кабинеттер және құрал — жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ақ халаттылар тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ана мен бала өмірін қорғап, ерекше санатқа жататын аурулардың алдын алуға арналған іс шараларды арнайы жоспарға сәйкес жүргізіп келеді. Бұл жайында бізге аталмыш емхананың аға мейірбикесі Қалдыкүл Нұрсейітова мәлімдеп берді. Медицина маманының айтуы бойынша емхана қызметкерлері компютерлік қондырғылармен, кең жолақты интернет желісімен де толықтай қамтылған екен. «Біздің емхана мамандары қазіргі таңда цифрландыру жүйесі арқылы жұмыс жасап келеді. Олардың ішінде ауруларды басқару (ПУЗ), «Дамумед», автоматтандырылған ақпараттық жүйе (АИС) сынды бағдарламалармен жұмыс жасаудамыз. Бағдарламаларды толықтай меңгерту мақсатында 5 дәрігер мен 13 орта буынды мейірбикелеріміз оқу курстарына барып қатысты. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, біз ҚР-ның Денсаулық сақтау министрлігінің № 666 бұйрығын негізге ала отырып, науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту жұмыстарын да цифрландыру жүйесі арқылы жүргізіп отырмыз» деп атқарылған жұмыстармен бөлісті.
Қалдыкүл Нұрсейітовамен тілдескенен кейін, сан түрлі бағдарламалармен тікелей жұмыс жасап отырған қызметкерлердің өздерімен де сөйлестік. «Бағдарламалармен жұмыс жасау ыңғайлы. Арнайы мамандардан дәріс алып үйрендік. Жасыратын несі бар, алғашында заманауи қондырғыларға, бағдарламаға үйренісе алмаймыз деп қорыққан болатынбыз. Уақыт өте келе үйрендік. Соның нәтижесінде науқастарға қызмет көрсету сапасы да артып келеді. Бастысы қағазбастылықтан бірте-бірте арылып келеміз» деді емхананың акушер маманы Мира Рысалдиева.
Иә, іссапар барысында медицина саласына цифрландыру жүйесінің енгізілуі оң нәтиже беріп отырғандығын аңғардық. Сағаттап уақытынды алатын кезектердің болмауы, дәрігердің қағазбастылықтан құтылуы, ақ халаттылардың науқастарға көбірек көңіл бөлуінің барлығы цифрландыру жүйесінің артықшылығы дер едім.
СУРЕТТЕ: Луговой ауылдық емханасының бір топ қызметкерлері жалпы тәжірибелі дәрігер Айгерім Шайлаева, акушер маман Балжан Оразалиева және медбике Гүлзат Сулейманова жұмыс үстінде.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.