АУДАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ САЙЛАУДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТАДЫ ДЕП СЕНЕМІН

994 Views

9 Маусым күні елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіндігі белгілі. Саяси науқан қарсаңында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Тілепов Манарбек Әмреұлымен газетіміздің тілшісі әңгімелесіп, пікір алмасып қайтқан еді. Басылымның бүгінгі санында сіздердің назарларыңызға әріптесіміздің сұхбатын жариялап отырмыз.

– Манарбек Әмреұлы, мінеки, жаз мезгілінің алғашқы айы маусымда келіп жетті. Бұл дегеніңіз – Қазақстандағы кезектен тыс өтетін Президент сайлауының жақындап қалғанын білдіреді. Саяси науқанға дайындық барысы қалай жүріп жатыр?

Сайлау жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы базасында 2019 жылдың 22-24 сәуірі күндері аралығында аудандық сайлау комиссиясы мүшелерінің және мамыр айының 2-сі мен15-і аралығында учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларының қатысуымен оқыту – семинары өткізілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 25 сәуірінде аудан әкімінің төрағалығымен ҰҚК және ІІБ қызметкерлерінің және УСК төрағаларының қатысуымен сайлау кезіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша жиын ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының қашықтықтан оқыту жобасы бойынша 105 (УСК төрағалары, төрағаның орынбасарлары, хатшылары) адам тестілеуден өтті. Материалдық техникалық жабдықтау бойынша мәселелер жоқ. Барлық учаскелік сайлау комиссияларына канц тауарлар, арнайы журналдар, ҚР Конституциясына сәйкес “Сайлау туралы» Заң кітапшалары, күнтізбелік-баннер, маңдайшалар және бағыттаушы жазбалар толықтай таратылды. Облыстық сайлау комиссиясынан 15 үлкен және 35 кіші жәшіктерге тапсырыс берілген. Бөлінген 7 тұрақты, 22 тасымалдағыш жәшіктер сайлау учаскелеріне толықтай таратылды. 35 сайлау учаскелері телефон нүктесімен қамтамасыз етілді. Интернет жүйесімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар 100% аяқталды.

– Өз сөзіңізде 15 үлкен, 35 кіші жәшік деп қалдыңыз. Олар қандай мекемелерге қойылған. Жалпы, сайлау комиссиясының құрамы жөнінде не айтасыз… – Алдымен Тұрар Рысқұлов аудандық сайлау комиссиясының құрамы жөнінде қойған сұрағыңызға жауап беріп өтсем деймін. Комиссия құрамы 7 адамнан тұрады. Және олардың функционалдық міндеттері бекітілген. Ал жалпы аудандағы сайлау учаскелерінің саны – 35, оның ішінде ашық учаскелер – 34, жабық уча­ске – 1. Ашық учаскелер орналасқан мекемелер яғни:

-Мектептерде-25

-ауылдық әкімдік ғимаратында-1

-мәдениет үйінде-5

-ауылдық клуб-2

-жеке ғимаратта-1 -әскери бөлімде 1-еуі орналасқан. Соңғы аталғаны жабық учаскеге жатады. Содан кейін айта кететін тағы бір жайт, бір мекемеде орналасқан сайлау учаскелерінің саны — 2. Учаскелік комиссия мүшелерінің жалпы жиынтық саны 237 адам. Оның 68,4% сайлау комиссияларында бұрыннан жұмысын жалғастырып келе жатқандар. Ең бастысы, аудандық сайлау комиссия тарапынан барлық жұмыстар жасалып, сайлау учаскелері кабина, урналармен толығымен қамтамасыз етілді. Аудан әкімі қол қойған сайлаушылар тізімі ағымдағы жылдың 20 мамырында аудандық сайлау комиссиясына ұсынылды. Сайлаушылар тізімі барлық УСК-на жолданды. Бүгінгі күнде УСК тізім бойынша қосымша нақтылау жұмыстарын жүргізуде.

– Түсінікті. Ал сайлаушылар арасында мүмкіндігі шектеулі азамат тарымыз бен азаматшаларымыз да жоқ емес. Оларға қандай жеңілдіктер жасалған?

Ауданда жалпы саны 1692 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде I топқа — 120, II топқа — 785 азаматтар мен азаматшалар енген. Әр сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, кабина қойылып, пандустар жасалды.

– Сайлау учаскелерінде дауыс беру әдеттегідей сағат таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады ғой. Сайлаушы қандай да бір жағдайға тап болды делік. Орталық сайлау комиссиясы тарапынан мұндай мысалдарға қандай қарекеттер қарастырылған?

– Иә, осы жерде мен сізге Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Үндеуін көрсетейін. Мінеки, Үндеуде былай деп жазылған. «Сіздің сайлаушылар тізімінде болуыңыз конституциялық сайлауға қатысу құқығыңызды іске асырудың кепілдігі болып табылады. Ал сайлау учаскелерінің шекаралары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында 24 сәуірге дейін жарияланады». Аудандық газет уақытында жариялады. Ол міне алдымызда тұр. Ары қарай оқиын. «Егер сізге кеш дегенде 10 мамырға дейін сайлау күні өзіңіздің тіркелген жеріңіздегі сайлау учаскесінде дауыс бермейтініңіз белгілі болса, сіз уақытша болатын жеріңіздегі әкімдікке өзіңіз дауыс беретін сайлау учаскесінің сайлаушылар тізіміне сізді енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз. 25 мамырдан ба­стап, сіз тіркелген жеріңіз бойынша сайлау учаскесіндегі тізім бойынша өзіңіз туралы деректердің дұрыстығын тексере аласыз. Қателіктер жіберілген немесе сайлаушылар тізіміне енгізілмеген жағдайда, сіз учаскелік сайлау комиссиясына өтінішпен жүгіне аласыз. Аталған комиссия өтінішті келіп түскен күні қарайды.

Сонымен қатар, елді мекеніңізден тысқары жерге баратын болсаңыз, сізге дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі еліміздің кез келген учаскесінде дауыс беру мүмкіндігін береді. Есептен шығару куәлігін сіз 25 мамырдан бастап 8 маусым күнгі 18.00-ге дейін жазбаша өтінішіңіздің негізінде және сіздің жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды көрсете отырып, өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан ала аласыз. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәлігіңіз бен сіздің жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды көрсеткен кезде сізді болатын жеріңіз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді.

Ал егер сіз сайлау күні денсаулығыңыздың жағдайына немесе отбасының сырқат мүшесін күтуіңізге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болсаңыз, сіз 9 маусым күнгі сағат 12.00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына үйіңізде дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтініш беруге құқылысыз. Сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда тұратын сайлаушылар да бұл құқықты пайдалана алады. Учаскелік сайлау комиссиясы жазбаша өтінішіңіздің негізінде сіздің үйіңізге дауыс беруді ұйымдастырады. Сайлау комиссияларының міндеті – барлық сайлаушыларға дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету» деп жазылған Үндеуде.

– Келесі сұрақ. Аумақтық сайлау комиссиялары қызметінің негізгі бағыттарын айтып берсеңіз…

– Әрине. Комиссия ең әуелі әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында сайлау туралы заңнаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады. Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдарын тіркеп, оларға тиісті куәліктер береді. Төмен тұрған аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының қызметіне басшылық етеді, олардың шешімдерінің күшін жояды және тоқтата тұрады. Орталық сайлау комиссиясының шешімдерін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде құрылған барлық сайлау комиссияларының орындалуын ұйымдастырады. Сайлау комиссияларының қызметі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлардың жасалуын бақылайды. Сондай-ақ, сайлауды әзірлеу мен өткізуге байланысты мәселелер бойынша сайлау комиссияларының мемлекеттік органдар мен ұйымдардың есебін тыңдауға хақылы. Сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтердің өзектілігі мен анықтығын, дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерінің уақытылы әрі дұрыс жасалуын және олардың барша жұрттың танысуы үшін ұсынылуын бақылайды. Сайлау туралы заңнаманы түсіндіруді ұйымдастырып, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

– Соңғы сұрақ. Аудан жұртшылығына яғни, сайлаушыларға айтар тілегіңіз бар ма?

– Сайлау күні әрбір сайлау учаскесінде музыкалық концерттер ұйымдастыру жоспарланып қойған. Сондай-ақ, алғаш дауыс берген сайлаушыларға аудандық сайлау комиссия атынан естелік сыйлықтар табысталатын болады. Қадірменді жерлестер! 9 Маусым күні сіздерді сайлау учаскелерінде күтеміз. Белсенділік танытыңыздар. Себебі, әрбіріңіздің дауысыңыз өте маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет. Сұхбаттасқан Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: