31 МАМЫР – ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ ҚАРАТӨБЕ ҚАСІРЕТІ немесе әулет көрген нәубет

1 077 Views

Таубалдының қыстауы «Қозының шыңырау құдығына» тиіп тұр, Ойрандының мал айдайтын жолында. Кеңес өкіметі орнағалы «Ақтікен» мен «Молалы», «Ойранды» Ақтоған артеліне біріккен. Кедей өкіметін жақтаушы Төреқұл, Құлжабай, Мықыштар отызыншы жылдың күзінде колхозға мүше болып кіріп, өздеріне Орақбайдың Мырзатайын бастық қып сайлап алды. Баяғы Сыпатай батыр Тілеміске берген «Үш Ойрандыда» бұл кезде екі жүзге жетеқабыл түтін бар еді, бәрі де алғашында союзқосшы, одан соң артель, кейін колхоз болып, бір қорадан мал, бір ұжымнан кісі шығарып, ұйымдасып жұмыс істей бастаған. Сол отызыншы жылдың көктемінде «Ақтікенге» он екі атсоқа түрен түсіріп, отыз гектар жерге тұңғыш рет бидай екті. Сол күзде ақтікендіктер қырмандарын қызылдап, қара борбайларының қарындары бұлтиып шығып қалған. Үш ауылда сол кезде бір отар қой бар болатын. Отыз бірінші жылдан отыз екінші жылға ауатын күзде халықтың еккен астығы қуаңшылыққа ұрынып, шықпай қалды. Ал, қорадағы малды Голощекин келіп: «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен тартып әкетті.

Таубалдының төрт ұл, бір қызы бұл кезде ел қатарына қосылып қалған. Үлкен ұлы Пірімқұл мен Әлімқұл ғана үйленген. Дәулет отыздың омыртқа жасына келсе де әлі сүр бойдақ. Бұлардың үшеуі де кеңес өкіметі орнағанға дейін байлардың малын баққан тақыр кедей еді. Ел қатарлы егіншілікпен де айналысқан емес, сол баяғы, ұстағандары шопанның құтты таяғы. Қу құдай оны да көп көрді ме, бір күні өкімет байлардың малын тәркілеп, оның артынша аша тұяқ пен қыл құйрықты түк қоймай тартып әкетті. Шіркін, қандай жылқылар еді, бәрін «індет келді» деп, атып тастады, бір обаға апарып көмді. Осының бәрін ағайынды үшеуі өз көздерімен көрді. Амал қанша, үшеуі де хат танымайды. «Бақ» десе бағады, «шап» десе шабады.

Осылай онсыз да жүдеп-жадап отырған қараша үйге аштық деген пәле сумаңдап кіріп келді. Алдымен қаңтарда түскен қардың артынан жаңбыр жауды. Ел: «Құдайдың күнінің несі бұл?» деп айтып үлгергенше суық та кеп түсті. Сөйтіп, аша тұяқ өріске шыға алмай, шықса төрт тағандап, төрт аяғы төрт жаққа кетіп, тырайып жатып қалды. «Жұт жеті ағайынды» деген осы екен, ел енді ауқат іздей бастады. «Өлген малдың еті харам» деп молдалар жегізбесе де, кейбіреулер оған да көнбей, жей бастап еді, ел ішін індет жайлады. Енді ауру адамға келді. «Үш үйге бір қап жүгері не болады?» деп Әлімқұл мен Дәулет бала-шағасы көп Пірімқұлды ауылға тастап, өздері табыс тауып келу үшін Қарабалтаға жаяу аттанды.

Екеуі үш қонып қырғыздардың қаласына өліп-талып әрең жетті. Барған соң жұмыс таппай тағы бір күнін өткізді.Базарға барып еді бір арбакеш:

– Әй, атаңнын аусы урайын қасақтар, мында келгіле. Сілерге жумыш керек би?

– Иә, иә, -деді екеуі де жерден жеті қоян тапқандай шұрқырасып.

– А н д а , м ы н а а р а б а ғ а ж ү к тартасыңар, ақысына бир қап таары беремин,—деді қалпағы миығына түскен орта жастағы қырғыз. Кешкілік екеуін әлгі қырғыз күйкентайдың күркесіндей сиырдың терісімен жабылған ұяға әкеп кіргізді. «Момыны ичкиле» деп талқан ботқа әкеліп алдарына қойды. Әлімқұл соның өзіне көзі жайнап қуанып кетті де ағаш қасықты ала сап, асыға асап-асап жіберді де артынша аузы күйіп, ағып жатқан ағын суға қарай жүгірді. Дәулет ашқарақтық танытқан жоқ, Әлімқұл келгенде барып, екі езуі екі құлағына жеткенше бір күліп алып, арпа ботқаны үрлеп-үрлеп жей бастады. Әлімқұл ғой әлі боқтанып отыр: «Әкеңді ұрайын шүлдірлек, ыстық деп айтса қайтеді?,-дейді кейіп. Дәулет болса:

– Ә л е к е , а у ы л д а м ұ н д а й б о т қ а д а жоқ қой. Дәтке-қуат қылайық, жаңағы бір қап тарысын тездетіп тауып, а у ы л д а ғ ы П і р і м қ ұ л мен Дәулетиярға алып б а р м а с а қ , о л а р д ы ң күндері не болады? Ә л і м қ ұ л о л а р д ы ойлағанда ас батпай қалды :

– Оның рас бауырым, ертең әлгі қырғыздан қ а н ш а к ү н ж ұ м ы с істейтінімізді сұрайық, а қ ы м ы з д ы б е р с е ауылға барып қайтып келейік дейік. Екеуі осы байламға тоқтап, бір кезде маужырап ұйықтап бара жатты. Өйткені олар көрген жол азабы, бүгінгі қап тасығаннан әлдеқайда қиын еді.

Олар ертесіне де, екінші, үшінші күні де әлгі қырғыз бәйкені көре алмады. Оның орнына аузы келсаптай шойын желке біреу келіп:

– Әй, туғандар бүгиннен баштап мен сілерге бастықпын. Сыдық байкем Пішпекке кетті, так што ни-ни,-деді сұқ саусағымен едірейген ерінін тіреп. Жаңағы обыр мінезді Өкірештің шаруасын бітіреміз деп екеуі үш күнде арбадан шыққан аттай болып қалды. Үш күннен соң жирен мұртын сәт сайын қайыра беретін Сыдық бәйке де келді. Келді де тамағымызды оңдады. Ол біздің түрімізден шошыған-ау, шамасы. Жаңағы дәу үш күн бойы бізге ұрпақ шылап беріп, әбден жұтатқан ғой. Сыдық туғанның жаны ашыды ғой деймін, келген күні-ақ, ешкінің майына көктүйнек қуырып берді. Әлгіні майлы демесең, ішіңе тұрмайтын ауқат екен. Әлде құрғақ құрсақтың әбден шытыр мен бидайық жеп қыртысы кетіп қалған ба, әйтеуір әлгі тамаққа әрең үйреністі. Дәулет пен Әлімқұлдың еңбек ақы жөнінде, ауылға барып ашыққан бауырларын тойындырып келу туралы айтқан уәждеріне қожайын келісіммен жауап берді. Мезгіл екі аптаға таяғанда бұлар ауылды бетке алды. Келер кездегідей емес, бұл жолы тың адамдарша сау аяңмен талай жолды артқа тастады.

Шалдуардан өтіп, Меркіге де жетті. Бірақ, Ақтоғанға дейінгі жол бұл екеуі үшін бас аяғы бітпес қасіреттей көрінді. Өйткені жол бойы кездескен, ашыққан адамдардан аяқ алып жүре алмайсың. Бәрі де нан сұрайды, ал, аш өзектеріне шикі тары түссе бірден өліп кететінін ол байғұстар білмейді ғой. Бірақ, бәрібір қолдарын жайып, нан сұрайды. Бір үзім нан бұларда да жоқ. Бірақ тартылған талқан үлестіріп келеді. Бір кезде ол да таусылды. Бұл уақта Дәулеттер Тілеміс батырдың кесенесінен асып та кеткен. Енді олар қадамдарын жиілетті. «Қозының шыңырауындағы» жылғаға да келіп жетті-ау, әйтеуір.

– Бауыр…е…м,- деп, өздеріне қарсы жүгірген Пірімқұлдан олар алғаш қатты секем алып қалды. «Біреу-міреу шейіт болған ба?» деп те ойлады. Олай ойламасына қоя ма, көздеріне әлі сол«Қара төбеде» жатқан адам өліктері бедірейіп қарап тұрғандай көрініп, жандарын түршіктіреді. Алдымен Әлімқұл жөн сұрасты:

– Піреке, бала-бақыр аман ба? Түрің түлен түрткендей ғой, түге…

– Әй, Әлекем-ай, несін сұрайсың тірі мен өлінің ар жақ бер жағындамыз. Азық әлдеқашан таусылған. Бірақ, құдайдың көзі бізге түзу қарап тұр ма деймін, әзірге аманбыз. Осы сөзді айтқанда Дәулет пен Әлімқұл анадан жаңа туғандай жадырап сала берді. Әкелген бір қап тарыларын үйге кіргізіп, бес бірдей ашыққан ұл мен інісіне, құр сүлдесі қалған жеңгелеріне тары көже істеп берудің қамына кірісіп те кетті. Бұл күнді екеуі бауырларының жанында өткізіп, ертеңіне қайта сапарға шықты.

Екеуі тоңның астында түс көргендей болып келеді. Кешегі көргендері көзінің шарасын керіп, көңілдің қапасын сөккендей ме, екеуі де біріне бірі ине жұтқандай көпке дейін сөйлемеді. А қ т о ғ а н ғ а ж а қ ы н д а ғ а н д а Қ а р а төбені айналып өтейін десе алды көл де, төменгі жағы саз бен ну қамыс. Сөніп қалған жүректі, өліп қалған сүйекті тірілтетін бұларда құдырет жоқ. Амалсыздан мәйіт иісі мүңкіген қасіретті төбеден жүректері жылап әрең-әрең өтті. Әлімқұл: «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп келеді. «Осыдан ана жаққа аман-есен барып қайтсам, жандарыңнан бір қарыс аттап алысқа кетпеспін»…

Бұлар әдеттегідей көп мехнат көріп Қарабалтаға үшінші түнемелге жетті. Келсе Сыдық қожайын бұларға жаңа жұмыс дайындап қойыпты:

– Ал, туғандар жолға қамданғыла. Тоқмоқтан қой айдап келебиз,-деді салған жерден. Бұл екеуіне қой малы бесенеден үйір. Қожойын да жыланның жымын білетін адам ғой, өткенде екеуінің қой баққандарын естіген, енді міне, алыс жолға жұмсағалы отыр. Бір түнеп алып екеуі екі қырғызға еріп, тұяқтары тағаланған төрт атқа мініп, жолға шықты. Мал айдаушылар айдан аса мезгіл жүріп, қойды Қарабалтаға айдап әкелді. Сөйтсе бұл қойлар байлардан тәркіленіп алынған екен. Жол-жөнекей малды жайып, асықпай көшкенін Дәулеттер енді түсінді. Қой келген күннің ертесіне-ақ, Голощекин жолдастың бұйрығымен ет комбинатында сойылып, вагондарға тиеліп, батысқа жөнелтілді.

Әлімқұл мен Дәулет орындаушы ғой. Сыдық байкеден екі қап бидайын алып, «ауыл қайдасың»деп тартып отырды. Бұл жолы Сыдық байкесі екеуіне бір ат берген. Атқа артылған екі қап дәнді қалай да ауылға ертерек жеткізу үшін асығып келеді. Меркіге бұлар ертеңіне кеш бата ілікті. Бірақ, тоқтамады. Түн жамылып жүріп отырып ескі қыстауға келіп жетті.

Дәулет айдың жарығымен келіп, қараша үйдің есігін аша бергені сол еді ар жақтан бір жаман иіс мүңкіп ала жөнелді. «Әлеке…бізді қара басты, бауырларымыз …» деп танауын басып далаға ата жөнелді. Екеуі үйді тінтіп жүріп сегіз адамның мәйітін тауып, далаға шығарды. Екеуі де түнімен өкіріп жылап, таң алакеуімнен қора маңындағы ескі арбаға мәйіттерді салып, Қаратөбеге қарай шыққан. «Қаз өтсе іні қалады,аң өтсе ізі қалады. Бір тал шаштың да көлеңкесі болады, бір тамшы судан да күннің көзі көрінеді» деуші еді Күләсіл әже. Сол айтпақшы күні кеше ғана сыңғыр күлкісімен Пірім ағаның жанын жұбатып, алаңсыз ойнап жүрген бес бірдей ұлы міне бақилық боп өздерімен бірге қайтпас «сапарға» аттанған әке-шешелерімен бірге жатыр. Сегізінші мәйіт Дәулетияр бауырларыныкі. Ол не көрді? Қыршын кетті-ау, қыршын кетті-ау.-деп екеуінің көз жасы көл болып боздап келеді.

Дәулет пен Әлімқұлдың көз жасы құрғап қалғалы қашан? Бойдан қайрат, буыннан күш сарқылғандай күй кешіп жүріп екеуі сегіз мәйітті жер қойнына тапсырды. Дәулеттің Мырзатай мешітінен алған дәрісі бар емес пе, бейіт басында бауырларының әруағына бағыштап құран оқып, бата жасады. Содан соң екеуі де қасіретті «Қаратөбені» тастап, Меркінің базарына барып бір ешкі сатып әкеп, сойып, құран оқытты. Иә, тұрымтай тұсымен болып, ел қайғының қара суын жұтқан заманда молда іздеп қайда барасың, артель белсендісі боп жүрген Мықыш кеп қалып, қатым құран оқыған болды. Сөйтсе, ол кісі істі болған екен. Көрші «Прогресс» колхозында бастық еді. Ашыққан елге колхоздың бір сиырын сойып, 20 центнер астығын таратып жібергенін бір жетесіз жоғарғы жақтағыларға жеткізіп қойыпты. Дәл бүгін НКВД оны ауылдағы үйінен абақтыға әкетпекші екен. Байғұстың жүзі төмен. Төмен болмай қайтеді ату жазасына кесіліпті.

Дәулет Мырзатай бастыққа барып ағасы Әлімқұлға жұмыс сұрады. Өзі аялдамай Меркіге жүріп кетті. Сонда бұрынғы танысы Әлімді жолықтырады. Ол ауылдасы болған ауаткомның төр ағасы Шыңғожа Омаровқа жолығып, жұмыс сұраған екен өзін Қарабайдың балалар үйіне арба айдаушы етіп, ал, қарындасы Кеукерді (Гауһар) еден жуушы етіп жұмысқа тұрғызыпты. Дәулет бұған ерекше қуанды. Өзі тағы да сол Қарабалтаға жұмысқа кететінін Әлімге айтып еді ол: «Қарындасым, сен осы Дәулеттің қолынан ұстасаң жаман болмайсың» деп екеуін таныстырып тұрып, «енді үй болыңдар» деген. Дәулет Қырғызстанда бір жыл шамасы жүріп қайтып келді. Содан кейін Кеукерге үйленді.

Иә, әулет көрген нәубет аз болған жоқ. Ел басына төнген зұлмат та өте шықты. Айтпақшы, Мықыш кісі сауатты еді ғой, сонау Сталиннің өзіне шағым хат жіберіп, ату жазасын 20 жыл «Итжеккенмен» ауыстыртыпты. Сөйтіп, Мықыш ата Ресейдегі Жаңасібір жақта айдауда он екі жыл жүріп, елге оралыпты. Келген соң ауыл мешітіне имам болыпты.

Автордан: Иә, 1928-1932 жылдардағы Сталин мен Голощекиннің қолдан жасаған нәубеті яғни Қызыл империяның «ұр» да «жық» саясаты сол зұлматта Қазақстандағы бір миллион 750 мың адамды аштықтың құрбаны етті. 1928 жылы елде 6 миллион 509 мың ірі қара мал бар еді, содан небәрі 965 мың бас қана қалды. Сол нәубет жылдары 112 миллион пұт астық (үш жыл ішінде) шетке сатылып кетті. Голощекин көпекөрнеу елді аштан қырды. Қазақтардан тартып алған малдың еті бекерден бекер вагондарда жатып іріп-шіріп, сасып кетті. Жылқы малын қолдан атқызып жіберді. Бұл расында да асқан жауыздықтың ең сорақысы еді.

С.ҚОЖЕКЕ.

Поделиться ссылкой: