БАСТЫ БАҒЫТ – ЗАМАНАУИ МӘДЕНИЕТКЕ ҰМТЫЛУ
Рухани жаңғыру төңірегінде аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ бір нәрсе анық — ол – алға қойылған мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі керек. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың мақаласында ап-айқын айтылған. Біз ұлттық кодты сақтаумен бірге бірегейлікті яғни салт-дәстүрімізді, тіліміз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен музыкамызды, жалпы ұлттық рухымызды мәңгі сақтауымыз керек.
Осылардың біреуін екіншісінен бөле жарып қарауға болмайды. Мәселен, тіл болмаса ұлт жойылады. Ресейде аз халықтар мен ұлттар, ұлыстар орыстандыру саясаты салдарынан тілін жоғалтты. Сібірде өткен түркі тілді халықтардың симпозиуымынан оралған Шерхан Мұртаза: «Сібірдегі аз ұлттардың атынан сөйлеген бір жазушы көзіне жас алып тұрып: «Мен бір нәрсені анық білемін. Тілің жоғалса…ұлтың да, ұлысың да жоғалады екен. Тілдеріңді сақтаңдар!» деп еді. Тіл, діл яғни ұлттық сана, жазу болмаса ондай халықтың мәдениеті де болмайды. Біз осы мәдениет саласында жүрміз. Бірақ сөйлеу мәдениеті дегенді білеміз бе? Арамызда ана тілін шұбарлап сөйлейтін ағайындар да кездесіп қалады. Заманауи мәдениетке ұмтылып келеміз, бірақ сол еуропалықтар мәдениетін үйренеміз деп, олар киген тізесі жыртық шоқпытты киетініміз не осы? Сол да мәдениет болып па, тәйірі. Біз олардың Бетховен, Шопен, Паганини сияқты ғұламаларының атын Құрманғазы, Ықылыс, Қорқыт сияқты алыптарымызбен қатар қойып, ұялмай айтуымызға әбден болады. Еуропа мәдениеті дегенде ерекше бір кішіпейілділік пен ізеттілікті аңғаратын сияқтымыз.
Осынау ізгілік пен инабаттылық қазаққа тән қырық парызда бар ғой. «Қызға қырық үйден тыю» да сол қазақы мәдениеттен пайда болған. Кішінің үлкенді сыйлап, қыз бен ұлдың ата-анасының жолын кеспеуі, сөз сөйлеу үшін үлкеннен рұқсат сұрауы, руына қарай салтқа сай киінуі сияқты көптеген әдемі әдет-ғұрыптардың қазіргі заманауи мәдениетімізге бағыт-бағдар беретін тұстары көп-ақ. Осы тұрғыдан алғанда аудандағы мәдениет саласының қызметкерлері өзгелерге үлгі болуы тиіс деп ойлаймын. Олардың бойынан жұрт жаман қылық байқай қалса жиіркенеді. Сондықтан қазіргі заманның мәдениет қызметкерлері барлық жағынан өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Бұл біздің рухани жаңғыруымыздың бір парасы деп ойлаймын.
Заманауи мәдениеттің өлшемдері көп. Біз ұлттық мерекелерімізде неге ұлттық киімдерімізді киіп көшеге шықпаймыз? Иә, Наурыз мейрамында ішінара ұлттық киім киетіндер бар, бірақ көп емес. Мен ойлаймын мұғалімдер де мәдениетімізді өркендетуге өз үлестерін қоса алады. Мәселен, халықтық педагогикадан дәріс бергенде ұстаз әйел болса, камзол киіп, сабақ өткізсе шәкірттерінің жүрегіне ұлтқа деген сүйіспеншілік ұялатар еді-ау. Ауданымызда ұлттық қолөнермен айналысатын адамдар бар. Солар жасаған ұлттық өнер туындыларын сувенир ретінде сырттан келген қонақтарға неге ұсынбасқа. Бізде құдайға шүкір дендросаябақ бар. Оған неге жастарымыз ғана баруы керек, демалыс күндері үлкендер де барып отбасымен дем алса болады ғой. Ендігі бір кем дүние –көше мәдениеті. Біз өзіміз күнде жүретін көшелерге, қоғамдық орындарға барғанда бейберекет темекі тартып, кез келген жерге қоқыс тастап, түкіріп кете береміз. Осы да мәдениетке жата ма? Неге ауыл әкімдері сол кір-қоқысты, сансыз қағаздар мен баклашкаларды жинап алу үшін қоғамдық негізде ақы төлеп адам ұстауы керек? Егер біздің санамыз алда жүрсін десек, осындай жаман әдеттен арылайық, ағайын!.
Заманауи мәдениет төңірегінде көп нәрсе айтуға болады әрине. Алайда сана жаңғырмай, адамдар жаман әдеттен арылмай оған жетуге болмайды. Ал, заманауи мәдениет әр отбасынан, ошақ қасынан басталатынын ұмытпайық.
Нұрдос Базарқұлов,
аудандық мәдениет Үйінің директоры, мәслихат депутаты.