Ќаламы ќарымды журналист

1 396 Views

Журналистиканы тәмамдап, жазу­шы­­лық шыңға жеткен қазақтың қабыр­ғалы қаламгерлерінің бірегейі Әзілхан Нұршайықовтың «Журналистер – төрт маторлы ұшаққа ұқсайды. Олар: әрі ақын, әрі тарихшы, әрі суретші, әрі ға­лым. Осы төрт «матор» жердегі жазу­шыны көкте самғатады» деген өнегелі сөзін оқыған кезде менің көз алдыма ауданымызға ғана емес облысқа, тіпті, республикаға белгілі журналист, ақын, жазушы, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының ие­гері, ауданның Құрметті азаматы Қожеке Сейсен Шәмінұлының шығар­ма­ла­ры оралады.

Сейсен аға өте еңбекқор журналист. Өз басым оның осы қасиетіне қайран қаламын. Ма­қа­лалары қандай керемет. Сөзді қалай құбылтады. Тәнті бо­ла­сың. Кәсіби журналист екені бірден аңғарылып тұрады.

Сейсен аға айтады: Маратжан, ме­нің ең алғашқы жұмысым кор­рек­тор­лықтан басталды. 1969 жылы Жаңатұрмыс ауылындағы орта мектеп­ті тәмамдаған соң, бірден аудандық газеттің редакциясына келдім. Ол кез­де аудандық газетті Оспанбек Хатиев басқарушы еді. Ауылдың комсо­мол жастарын басқарып жүрген жерім­нен редакцияға жұмысқа алып кел­ген сол кісі болатын. Аудандық га­зет­те Рахметілдә Құдабаев, Есен Төреқұлов, Мұрат Ахалиев, Әбдіжақып Туғанбаев, Кәріпжан Нүсіп сияқты білік­ті журналистермен бірге жұмыс істе­дім. Құдабаевтан очерк жазуды, Туғанбаевтан аударма жасауды, Төреқұловтан ресми материалдарды әзірлеу­ді, Ахалиевтен сын мен кор­рес­­пон­денцияларды жазуды, ал, Кәрекең­нен өлең шығаруды үйрендім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті (КазГУ) журналистика факульте­тінің түлегімін. Аудармашы, аға әдеби қызметкер, ауыл шаруашы­лығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары сияқты  қызметтік баспалдақтардан өт­тім. Сыни материалдарым, фельетон­да­рым, шалғайдағы қыстаудан жазған очерктерім газетте ұдайы жарияланып тұрғандықтан, сол кездегі облыстық «Ақ жол» газетінің редакторы Арғынбай аға Бекбосынов газетке шақырып, Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандары бо­й­ын­ша меншікті тілші міндетін маған жүктеді. Бұл тоқсаныншы жылдар­дың басы, дәлірек айтқанда, 1992 жылдың қаңтары болатын» дейді.

За­ма­нында шыншыл журналистің «Құландағы құйын» атты фельетоны мен «Ара» журналында жарияланған «Жетеу­дің хаты» атты сыни мақаласы ау­дан, облыста ғана емес, республика көле­мінде резонанс тудырды. Мұндай мақа­ланы тегеурін мінезді Темірбек Қожакеев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов, Қалижан Бекқожин сияқты бір­туар тұлғалардан дәріс алған Сейсен Қожекенің жазуы заңды да. Меніңше, Сейсағаң 70 жасқа таяса да ақиқаттың қызыл шо­­ғын ақ арымен көсеп келе жатқан шыншыл журналист. 

Мектепте оқып жүрген кезімде журналист болуды армандадым. Басқа-басқа емес, ҚазҰУ-ға оқуға түсу біз үшін аласармастай арман бола­тын. Кәріпжан Нүсіп пен Сейсен Қожеке аға­ларымыздың әрбір жазған мақа­ласын оқи отырып, шабыт алатын едім. Арма­ным орындалып, өзім қалаған оқу ордасын да бітіріп шықтым. Бала кез­ден өлеңдерін жаттап, мақалаларын көз майымыз тауысып оқыған Сейсағаң­мен бірге енді әріптеспіз. Біз үшін бұ­дан асқан бақыт бар ма, сірә.

Сейсен аға айтады: -Өзімді ауда­ны­мыздағы қазақ тілінің көркеюіне үлкен үлесін қосқан жанның бірімін деп есептеймін. Шамамыздың жет­кенінше, мемлекеттік тілге көшпей отырғандармен аяусыз күрес жүр­гіз­дік. Уақытымды босқа сарп ет­пей, елге таныла қоймаған азамат­тар­дың өмірін зерттедік. Ол Тұрар Рысқұлов­тың үзеңгілес жолдасы, Әулиеата уезінің азық-түлік эмис­са­ры Жүсіп Сатыбалдиев пен қалмақ­тар­мен болған шешуші шайқаста мың­басы болған Таңабай батыр еді. Біздің бастамашылдығымызбен Карақыс­тақ ауылындағы екі көшеге ұлт мақ­та­ныш­тарының есімдері берілді. Сондай-ақ, Меркідегі Нововоскре­сенов­ка ауы­лы­ның Андас батыр деп аталуына се­беп­кер болып, Меркі ауданы ең алғаш құ­рылғанда ауаткомның төрағасы бол­ған Шыңқожа Омаровқа да бір кө­ше­нің аты берілуіне ықпал еттік. «Ленин жолы» ауылына өзім көптеген жылдар бойы қызмет атқарған облыстық «Ақ жол» газетінің атын бергіздік,-дейді қа­ламгер жас журналистермен өрбі­ген шы­ғармашылық әңгіме барысында.

Сейсағаң­ның бұл еңбегін жергілік­ті билікте жоғары баға­лады. Яғни, марапаттады. Атап айтсақ, белгілі журналист Тұрар Рысқұлов және Меркі ауданы әкімдерінің Құр­мет гра­мотасымен, «Нұр Отан» партия­сы облыстық филиалының Құрмет Грамота­сымен, Жамбыл облыстық мәс­­лихатының Құрмет грамотасымен және облыстық  «Ақ жол» газеті бас ре­дакторының алғыс хатымен наг­рад­талған.

Сейсен аға айтады: -Менің журна­листиканы таңдап, өлең жазуыма се­бепкер болған қазір жасы тоқсаннан асқан балалар ақыны, білікті педагог-ғалым Әдібай Табылдиев еді. Біздің ауылды шайырлар мекені десе де бо­лады. Табиғат тамыршысы атанған лирик ақын Қуандық Шолақ пен ай­тыс­кер ақын Асхат Қылышбек те осы ауылда туып өскен. Мен де өлең жаза­мын. Алайда жазған өлеңдерім әзірше баспасөз беттерінен ғана орын алып жүр. Жалпы жиған-терген өлеңдерім баспадан «Айкөл» деген атпен жарық көр­ді. Менен: «Жетпіс жасқа таяп қа­лыпсың, не бітірдің?» деп сұрай қалса:

– Жиырма жыл бойы аудан мен туған ауылымның тарихын зерттеп, «Құлан тарихы» (1998 ж), «Қожай қы­зыр, береке»(2008 ж), атты тарихи-ше­жіре кітаптар мен «Темірқанат» (2010ж), «Аты аңызға айналған», «Қос май­данның жауынгері», «Жарлысудың жам­позы» (2016 ж) атты кітаптарым жа­рық көргенін айта аламын.  Жақында «Айбозым» атты өлеңдер жинағым да бас­падан шығып қалар.

Марат Диханбай.

 

Поделиться ссылкой: