Ағаш көшеттері отырғызылды
64 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
немесе В.И.Казакеев туралы бір үзік сыр
2003 жылғы болған жер сілкінісінен кейін біраз жұрт жылы орнын тастап, жаңа қонысқа көшті. Солардың бірі біздің Валодя Казакеев болатын. Ол балық аулауды және аңшылық жасауды жүдә ұнататын. Оны өзінің «хоббиі» санайтын. Қыста базарда тұрып қымбат құлақшын, ал, жаз шығысымен үй іргесіндегі жеміс-жидегі мен өрігін, қызанағы мен құлпынайын велосипедіне артып ап орталық базарға келетін.
Бүгін түлен түрткендей Валодя базарда жоқ болып шықты. Дүңгіршегіне қатар қоңсысы: «Ол кісіні бір тапсаңыз үйінен табасыз, «новостройкада» тұрады, бірақ сотка ұстамайды» деді. Біз Құлан қамалы қалашығы маңындағы төрт көшені түгел сүзіп шықтық. Өзі ұлты орыс ешкім қалмапты, көшедегілердің көпшілігі оны танымайтын болып шықты. Әйтеуір базарда ойыншық сататын Андрей ұшырасып қалып, бізге дәл жол сілтеді. Астана көшесіндегі 17-ші үйдің бір жапсарынан жаңа қоныс алғанына алты жылдың жүзі болып қалған бір кездегі аудандық газеттің атақты журналисі Владимир Казакеевті үйінен әрең таптық. Зейнет демалысына шыққанына он бір жыл болып қалған, жасы биыл 75-ке келген қарт қаламгер әлі бүгіле қоймапты. Бауы мен бақшасы көздің жауын алады. Әйелі Райса Николаевна екеуі шие теріп жүр екен. Өрігі де пырдай болып пісіп, түсіп жатыр. Екі зейнеткердің еңбегі зая емес көк пиязы да, қызанағы да күтім көрген. Бауға қарасаң да, бақшаға қарасаң да тап-тұйнақтай. Валодя қолында қаламсабы жүрсе де аң аулап, қыста сусар бөрік, ал, жазда көкөніс сататын кәсібін әлі қоймапты.
Райса ғой көрген жерден: «Ә…Кожакеев! Это ты?» деп жыға танып жатыр. Валодя екеуіміз құшақ айқастырып көрістік. Бау ішінде отырып, өткенді есте түсірдік. Владимир Ивановичтің есте сақтау қабілеті әлі жақсы екен: -Сейсен ты помнищь?, -деп әңгімесін бастап алды да кідірмей сөйлеп кетті: -Мен редакцияға ойламаған жерден келдім. Аягөзде үш жыл әскери борышымды өтеп келген соң әскери комиссариатқа есепке тұруға бас сұққаным сол еді жардай болып алдымнан сыныптасым Әлібек Бахитов шыға қалды. Жөн сұрастық. Ол мені өзі істейтін жерге жұмысқа шақырды. Бұрын қолыма қалам ұстап көріппін бе, ал, анау: «алғашқы кезде корректор боласын, кейін ар жағын көре жатарсың» деп қоярда қоймай сол кездегі редактор Оспанбек Хатиевтің алдына мені сүйрегендей етіп әкелді де, бір-ақ күнде жұмысқа кіргізіп тынды. Алғашында бір жылға жетер-жетпес уақыт корректор болдым. Кейін әдеби қызметкерлікке ауыстым. Тұңғыш мақаламда өзімнің ұстаздарыма алғысымды білдіргенім сол еді, кейін соған 12 рубль қаламақы келді. Сондағы қуанғанымды айтпаңыз… Редактордың орынбасары Антон Филипович Левченко болатын. Әріптестерім қабырға газетіне маған мынадай өлең шығарып іліп қойыпты:
Новичок у нас Володя,
Корректуре славоват.
Но уже сегодня видно,
С делом справляется солдат! Сол бір көгілдір көктем күндерін Валодя әлі ұмытпапты. Аяғында солдаттың керзі етігі, үстінде галифе. «Мені тілшілікке үйреткен Канстантин Михайлович Арбузов болатын. Өзі бір адамға деген мейірімі мол жан еді. Сөйтіп, Рахметілдә Құдабаев пен Есен Төреқұлов, Алексей Балашов пен Мұрат Ахалиев сияқты сақа журналистермен иық түйістіріп 27 жыл «Коммунистік еңбек» газетінде жұмыс істедім» дейді самайын ақ шалған журналист.
Біз оны алда келе жатқан журналистер мерекесімен құттықтадық. Ұлы Андрей қаза болыпты, көңіл айттық. Сергейі ғой әлі үйленбепті. Бұлар қыздары Наташамен бірге бір шаңырақтың астында тұрып жатыр екен. Жиені Кирил академияда оқыса, Андрейден қалған немересі Данил азаматтық авиацияны тамамдапты. Бірақ, неге екенін қайдам Владимир Иванович 65 мың теңге зейнетақы алады екен. Қазір ол қолына қалам ұстамайды. Өйткені, басы ауырады. 75 жас оңай ма, кейде қан қысымы да көтеріліп кететін көрінеді. Дегенмен, ол әріптестерді жиі көріп тұратынын, өзі жұмыс істеген газет ұжымын ұмытпайтынын айтты. Міне, қарт әріптестің бүгінгі хал-жәйі.
Сейсен Қожеке.
Суретте: өз бауының жемісін теріп алып
отырған қарт журналист Владимир Иванович Казакеев.