Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады» деген еді.
Біз осының байыбына терең үңіліп, жете түсініп жүрміз бе? Елбасы айтқандай туған жеріне, өскен ауылына, қала мен өңіріне көмек қолын созып жүрген жандарды қаншалықты қолдап, қандай құрмет көрсете алдық? Құрмет дегеннен шығады, соңғы кездері осы «Құрмет» сөзінің құнын түсіріп жібердік. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әр сөздің баламасы, антонимі бар. Құрметтінің антонимі құрметсіз екені даусыз. Қазақ осы құрметті сөзін көпше түрде қолданып келді. «Құрметті қонақтар, құрметті көпшілік, құрметті әріптестер» деп жалпыға бірдей айтылатын сөзді соңғы жылдары жекешелеп алдық. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңынын 6-бабына сәйкес, облыстық мәслихаттың шешімімен облыстың немесе ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріледі. Жыл сайын бұл атақты алу үшін бірнеше адам таласқа түседі. Соңында «Бәленше ақша ұсыныпты, түгенше танысын салыпты» деген алыпқашпа әңгіме желдей еседі. Мейлі ғой, алсын, қызғанбайсың. Бірақ бұл атақтың төркініне үңілсек, санаулы адам «Құрметті» де, қалғанымыз «Құрметсіз» болып шығамыз. Нақтылай кетсек, ауданда 64 мыңнан аса халық тұрады. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, аудандық мәслихатта 2000 жылдан бері тіркелген «Құрметті азаматтардың» тізімі 135-ке жеткен. Елу бір адам ауданның «Құрметті азаматы» атағына үміткер.
Жуырда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырманның «Құрметті азамат» атағын беруді доғарсақ қайтеді» деген жазбасы жарияланды. Халық қалаулысы «Бұл атақтың құны түсіп кетті. «Жер сатушы» атанған әкім де, парақорлығының исі мүңкіп тұрғаны үшін қызметінен түсірілген судья да, тіпті өңір басшысына «оңды» бата берген дарынсыз журналист те, облыс әкіміне кандидаттық диссертация жазып берген ғалым да «Құрметті азамат» атанғанын жұрт күлкі етіп айтып жүр. «Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей, жуырда бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталып, түрмеде бірнеше жыл отырып шыққан шенеунікке де бір ауданның «Құрметті азаматы» атағы беріліпті деп естідім… Сондықтан осы, құны қалмаған атақты беруді тоқтатып, оның орнына бәленбай ауданның және бәленбай облыстың «Құрметті меценаты» немесе «Атымтай жомарты» деген жаңа атақ енгізсек қалай болады? Мұндай атақты туған ауылдарына миллиондаған теңгенің әлеуметтік-мәдени ғимараттарын салып берген кәсіпкер азаматтарға және басқа да байларға берсек… Бәлкім, сонда жергілікті басшыларға әркімді салып, атақ сұраушылық мүлдем тыйылар. Ал жаңа атақтың жөні бөлек қой. Даңғой ағайындарға атақ керек болса, атамекендеріне қол ұшын берсін» деген уәж айтады. Орынды уәж, орынды ұсыныс.
Расында туған жеріне, туып-өскен өлкесіне өлшеусіз еңбек етіп, атымтай жомарт атанып жүрген жандар бар. Оны алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өткен жылы «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған жарлысулық кәсіпкер Сайрамбай Дөненбаевтың туған ауылын түлетіп, өз қаржысына заманауи үлгідегі мешіт, интернат, балабақша, ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш салып бергенін кезінде жарыса жаздық. Сайрамбайдың есімі бүгінде алты алашқа мәлім. Оған халық қалаулысы ұсынған, біз сөз еткен әлгі атақ қажет те емес шығар. Десек те, «Құрметті азаматтың» орнына «Құрметті меценат» атағы берілсе, атақ алуды арман еткен көп адам «Құрметтінің» құнын түсініп, елі үшін еңбек етер, бәлкім.
Мереке Ержанұлы.