«Берекенің» берекелі өнімі немесе төртеу түгел болса төбедегі келеді

922 Views

Біз Көкдөнен ауылына барғанда екінтінің кезі еді. Бағытымыз «Береке-20» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егінжай алқабы болатын. Жолай ауылдық округ әкімдігіне соғып, ауыл әкімі Төлеген Атабаевқа жолықтық. Келген шаруамызды айтып, жөн сұрап едік: «Қазір ауылдағы барлық диқаншылар егінді төкпей-шашпай жинап алу жолында бел жазбай еңбек етіп жүр. Мен олармен сәт сайын хабарласып, жұмыстың жайын біліп отырамын. Сіз іздеген «Берекенің» басшысы қазір ауыл шетіндегі астық қоймасында. Әлгінде ғана сөйлескен едім, қаласаңдар жолбасшы болайын» деп ізеттілік танытты. Ауыл іргесіндегі астық қоймасына лезде жетіп алдық. Серіктестіктің басшысы Мақсат Сартаев қоймадағы қызу еңбектің бел ортасынан табылды.

– Халқымыз «Диқанның қазынасы – жер» деп бекерге айтпаған. Серіктестікке қарасты 5747 гектар жердің 1400 гектары егістік. Біз соның 800 гектарына егін ектік. Қалған 600 гектарын пар айдап, келер жылдың өніміне дайындап қойдық. Онсыз болмайды. Пар айдап, ылғал сақтағанның өзінде күткен өнімге қол жеткізе алмадық. Арпа орта есеппен гектарына 15 центнерден айналды. Бидайды енді орып бастадық. Әлі орылатын 200 гектар алқап бар. Шамамен гектарына 20 центнерден айналып жатыр. Кемі 30-40 центнерден өнім аламыз деп болжап едік. Алайда, алаңдайтын түк те жоқ. Жаратқанның бұнысына да шүкір. «Еге білсең егін тасқа да бітеді» деген халық даналығын қаперде ұстап, агротехникалық шараларды әлі де жетілдіре түсуді көздеп отырмыз,- дейді Мақсат Әсәділдаұлы.
«Егініне қарай қырманы, күтіміне қарай түсімі» дейді қазақтың тағы бір мақалы. Қоймада шашамен 500 тоннадай арпа тау болып үйіліп жатты. Осы астықты тазалап, ықтияттап жүрген 3-4 жұмысшыны көзіміз шалды. Бұл серіктестіктің негізгі, тұрақты жұмысшылары екен. Қазіргі­дей науқандық жұмыстарда 9 адам жұмыс істейді. Тұрақты 50 мың теңге айлық алатын жұмысшы­лар науқан кезінде 200-270 мыңға дейін қаржы табады. Мақсат Әсәділдаұлы 2007 жылы 96 үйдің жер үлесі­мен құрылған серіктестікті Мелдебек Қазбеков деген азаматтан 2014 жылы қабылдап алып­ты. «Берекеге» келмей тұрып аудан орталы­ғын­да автобөлшектер сатумен айналыстым. Ауыл ақсақалдары менен серіктестіктің жұмысын қол­ға алуымды өтінді. Жұмысты нөлден бастадым. Өзімде бар қаржыға осы астық қоймасын сатып алдым. Серіктестік мүшелері «аяқтан тұрып алғаныңша сенен үлесімізді сұрамаймыз» деп уәде етті. Соған қарамастан алғашы жылдан үлестерін беріп келемін. Қазір үш комбайн, екі камаз, екі К-700, екі Т-150, бір беларус тракторы шаруашылығымды дөңгелетуге жарап тұр» деген серіктестік жетекшісі алдағы уақытта техника паркін жаңалап, егістік жердің көлемін ұлғайтуды көздейді.
Шаруашылық жұмысшыларының дені өз бауырлары екенін айтқан Мақсат Сартаев біз тілдесіп жүрген өзге шаруа қожалық жетекшіле­рі секілді ауыл жастарының қара жұмыстан қашатынын жеткізді. «Жастар техникаға жоламайды. Шаңға түскісі келмейді. Сосын амалсыз жұмысшыларды сырттан іздеймін. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, шүкір төрт құбылам түгел. Бауырларым мен балаларым келіп көмектеседі. Бауырым Сейіт Сартаев әрі механизатор, әрі инженер. Берік Садықов болса серіктестіктің жұмысын қолға алған сәттен қасымда, бір туғанымдай болып кетті. Ұлым Арман студент. Жаз шыға қаланы қиып, шаруаға кірісіп кетеді. Кез келген тракторды тізгіндеп, жұмыстан қашпайды. Дегенмен, алдағы жылдары ауылдың бір-екі жігітін агроном, механизатор мамандықтарына оқытып алуды көздеп отырмын» дейді шаруаның жайын айтып. Осы кезде әңгімеге ауыл әкімі араласып, кейіпкеріміздің атымтай жомарттығын сөз етті. «Бұл кісі ауылдық округтегі ірі ұжымдардың бірі. Біздің тұрақты демеушіміз. «Жомарт жүрек» жобасына ұсынып едік, бас тартты. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларына, ауылдық мешітке ұдайы көмек көрсетіп, ат спорты шараларына демеушілік жасайды» деп Мақсаттың меценаттық қырын таныстырды. «Жаратқан байлық бергенде адамның жомарттығын сынау үшін береді» деуші еді көнекөз қарттар. Меніңше, «Берекенің» басшысы бұл сыннан сүрінбей өткен сынды. Халық даналығына жүгінсек, «Кең болса кем болмайды».

Мереке Сейдашым.

Поделиться ссылкой: