Өрттің шығуына әсер ететін басты фактор – немқұрайлылық

871 Views

Соңғы кездері аудан аумағында өрт оқиғалары жиілегені жасырын емес. Әсіресе, жаз айларында қара түтіннің будақтап көк аспанға жайылуын күн сайын болмаса да, ара тұра көзіміз шалып жүр. Өрт оқиғалары неге жиілеп кетті? Алдын алу шаралары қай деңгейде? деген көкейдегі көп сауалды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандар Сейтімбетовке жолдап, сұхбаттасқан едік.

— Жандар Абдрахманұлы, сізге қояр алғашқы сауалымыз тікелей жұмысыңызға қатысты болмақ. Ең әуелі өзіңіз жетекшілік ететін бөлімнің жұмыс барысын баяндап берсеңіз…
— Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде тікелей өртке қарсы жұмыс атқаратын 25-ке жуық адам бар. Олар бүгінде № 10 өрт сөндіру бөлімінде тұрақты түрде жұмыс атқарады. Ал, төтенше жағдайлар бөлімінде менімен бірге төрт адам қызмет етеді. Дәлірек айтар болсам, бір бас маман және екі аға инженеріміз бар. Алайда, жұмысымыз физикалық тұрғыдан ауыр және өте қауіпті болғандықтан, көптеген адамдар біздің мамандықты таңдай бермейді. Сол себепті де қазір өрт сөндіру мамандары тапшы десек болады. Дегенмен, жұмыс күші жоқ деп қол қусырып отырудан аулақпыз. Әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп келген жас сарбаздарға бар білгенімізді айтып, мамандығымыздың қыр-сырын үйретудеміз. Олар осында бәріне дағдыланып, арнайы курстардан өтіп, қатарымызға қосылуда. Мұнан бөлек аудан әкімінің қаулысына сәйкес әрбір округте өрт сөндіруге қарсы еріктілер тобы құрылған. Олар да бізбен иық тірестіріп, бірге жұмыс атқаруда.
Біздің жұмысымыздың басты бағыты аудан аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу, оның ішінде өртке қарсы қызметті күшейту болып табылады. Сондықтан да бөлім қызметкерлері осы күнге дейін әр түрлі негіздегі жобалар мен іс-шараларды іске асырып келеді. Мысалға айтар болсақ, біздің тарапымыздан ақпараттық-түсіндіру, ескерту, үлестірмелі қағаздарды тарату, оқу-жаттығу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Техникалық базаның да жабдықталуы өз деңгейінде. Бүгінгі таңда екі дана өрт сөндіру көлігіміз бен қосымша құрылғыларымыз барлық талапқа сай.
— Жоспарлы түрде жұмыс жүргізіліп жатқандығы жауабыңыздан анық байқалып тұр. Соңғы уақытта аудан бойынша өрт оқиғалары тым жиілеп кетті. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
— Иә, сізбен толықтай келісуге болады. Алайда, өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғаларының орын алуы сәл төмендеу. Бірақ, былтыр ағымдағы жылдағыдай егіс алқабының отқа орану фактілері тіркелген емес. Ал, биыл өкінішке орай төрт бірдей оқиға тіркеуге алынды. Қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықтау жұмыстарымен аудандық ішкі істер бөлімі айналысуда. Тергеу-тексеру жұмыстарынан кейін нақты жауабы берілетін болады.
Ал, енді өрттің шығу себептеріне тоқталсақ. Ең бірінші оған әсер ететін негізгі фактордың бірі – нем­құ­рай­лылық. Мәселен, қазір жаз мезгілі. Осыған байланысты аудан тұрғындарының басым көпшілігі тау бөктерінде, жасыл желегі жайқалған, көлеңкесі қалың жерлерде дем алуды құп көреді. Одан бөлек табиғат аясында ыстық тағам істеуді жөн көретіндер от жағып, қарапайым заңдылықтарды сақтамай, өздері тұтатқан отты өшіруді ұмыт қалдырып жатады. Оған аптап ыстықты қосыңыз. Осы жәйттердің әсерінен жайылымдық жерлер мен егістік алқаптары отқа орануы мүмкін. Тағы да бір мысал келтірейін. Әрбір адамның санасында «Неге осы үнемі жол жиегіндегі жерлер өртенеді?» деген сауал тұрған болар. Себебі, темір тұлпар тізгіндеген азаматтар жол бойында кетіп бара жатып, темекі тұқылын тастай салуы мүмкін. Өкінішке орай осыған байланысты да өрт оқиғасы орын алып жатады. Сондықтан да, қай жерде жүрсек те, әр нәрсеге немқұрайлы қарамай, жауапкершілік танытуымыз қажет деп білемін.
— Ал, егіншілікпен айналысатын диханшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
— Өрттің алдын алу стандартына сәйкес егін алқабының маңы кем дегенде 10 метр қоршалып жыртылуы керек. Сонда ғана өзге шаруашылықтан келген тілсіз жау сіздің алқабыңызға өтпейді. Сонымен қатар, егін орылуға дайын болған кезде алқап маңында өрт сөндіруге арналған техникалар, алғашқы өрт сөндіру құралдары және ұшқын өшіргіштермен жабдықталуы қажет. Сондай-ақ егін алқабында арнайы соқалы тракторлар кезекшілікте тұруы міндетті. Өкінішке орай, аталмыш талаптарды барлық қожалықтар сақтай бермейді. Дегенмен, ауданымызда өзінікіне өрт түспесе де, өзгенікін өшіруге асығатын шаруа қожалықтары баршылық.
Қазақта «Сақтықта қорлық жоқ» деген сөз бар емес пе?! Сондықтан да, әрқайсымыз қарапайым ережелерді есте сақтап жүргеніміз дұрыс деп ойлаймын. Бұл баршамыз ұстанатын ортақ қағида.
— Ашық әңгімеге өрбітіп, сауал­дарымызға толыққанды жауап бергеніңізге көп рақмет. Жұмыс­та­рыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: