Қарт ананы құттықтады
27 ViewsЖурналистика – жүрекке салмақ салатын мамандық. Неше түрлі кейіпкерлермен тілдесесің. Бірінде қуанасың, енді бірінде кейбір адамдарға қолдың қысқалығынан көмектесе алмай, «өзіңді-өзің жейтін» сәттер көп…
Бізде «Қазақтың қолынан мал бағу ғана келеді» деген түсінік қалыптасып қалған. Бау-бақшамен өзбек ағайындар айналысуы керек те, құс өсіруді еріккеннің ермегі секілді қабылдаймыз. Әйтеуір өзіміздікі санамайтын дүние көп. Айта берсең өзегің талады. Сонда өзгенікі санап, «Өгей баланың күйін кештірген» қазақы қалыбымызға сыймайтын кәсіпті меңгеріп, одан ақша жасау қолымыздан келмей ме? Келсе, неге тың кәсіпке түрен салмасқа. Оған не кедергі?
Мәшһүр Жүсіп «Жігітті кедейлікке апаратын үш тамыр: желкедегі қырсықтық, шынтақтағы маубастық, құйрықтағы жалқаулық тамырлары» дейді. Бізді сол жалқаулық құртатын секілді. Жұмыс істемей ақша тапқысы келетін жастардың көбейгенін қазір екінің бірі айтып жүр. Тіпті өзіміздің ата кәсібімізге балап, меншіктеп алған мал шаруашылығына да қырын қарап келеміз. «Жұмыс жоқты» сылтау қыламыз, қарекет қылмаймыз. Мұның соңы масылдық екені айтпаса да түсінікті.
Масылдықтан, желкедегі қырсықтық пен шынтақтағы маубастықтан, құйрықтағы жалқаулықтан құтылудың бірақ жолы бар. Ол – еңбек. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов елге келіп, тұрғындармен тілдескенде масылдықтан арылу мәселесін үнемі тілге тиек етіп келді. Енді одан қалай арылу керектігін де көрсетіп, жол сілтеп отыр. Сәрсенбі күні аудан тұрғындарының қатысуымен аудандық «Сұлутөр» кинотеатрында өткен оқыту семинарында қарап жатпай қаржы табу жолдары егжей-тегжейлі айтылды. Бүгінде бар қазақтың болмаса да біразының шарбағы қаңырап бос жатыр. Осы бос жатқан қосалқы шаруашылық жерлерді тиімді пайдалану арқылы әр қазақ әлеуметтік-тұрмыстық табысын арттырып, жағдайын жақсартуына болады. Оны семинарға келген түркістандық агроном Серғазы Бекмұрат та, Өзбекстанның Әндіжанынан арнайы алдыртқан агроном Машъал Хушвақтов та, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Ділдәбеков те баса айтты. Айталық ауданда «Анар» өседі десе біреу сенер, біреу сенбес. Біз цитрус өнімдері санайтын Лимон, Апельсин, Бадам өсімдіктерін де бізде өсіруге болады екен. Лимонды жылыжайда өсірсек, Анарға жылыжайдың қажеті жоқ көрінеді. Күтімі дұрыс болса жеткілікті.
Семинарды аудандық кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлан Сапарбеков ашып, Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Ермек Ділдәбеков жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Серғазы Бекмұратқа берілді. Өз тәжірибесімен бөліскен агроном жылыжайда ең алғаш қызанақ өсіріп көрген. «Қызанақ өсіру пайдалы кәсіп болғанмен шығынсыз да емес» дейді ол.
– Қызанақ өсіру үшін бөлме температурасы +18-20 градус болуы шарт. Аумағы үлкен жылыжайды жылытуға аз қаржы жұмсамайсыз. Сосын табысты бизнес түрлерін қарастырып көрдім. Маған лимон өсіру табысты әрі шығынсыз көрінді. Себебі, лимон жылуды аса көп қажет етпейді. Бар-жоғы +2-3 градус бөлме температурасында өсе береді. Оған қоса Қазақстанға импортталатын лимон өнімінің дені көрші өзбек ағайындардан келеді. Оның өзі жеткіліксіз. Егер лимон өсірсем үлкен нарыққа шыға аламын. Осыны ескеріп, 5 сотық жерге жылыжай соғып, лимон өсіре бастадым. Екі-үш жыл өнімі аз болды. Төртінші жылдан бастап әр тал 100 киллограмнан өнім бере бастады. Қазір әр талдан 350 киллограмға дейін өнім алынады. Бес сотық жерге 100 лимон талы егіледі. Лимонның киллограмы Шымкентте 650 теңгеден сатылады. Енді есептеп көріңіздер. Аз ақша емес. Қызанақпен салыстырғанда пайдасы көп. Сондай-ақ, қызанақ секілді лимонды жылда көшеттемейсің. Лимонның өмір жасы жүз жыл. Табиғаты адамға ұқсас. Жемісі тоғыз айда піседі. Тағы бір ерекшелігі жемісі піскен соң алма құсап жерге түсіп қалмайды. Талда үш-төрт айға дейін тұра береді. Шетінен жұлып сатқанға ыңғайлы,- деп жиырма жылдық тәжірибесімен бөліскен маман лимон өсірудің қыр-сырын үйретуге әзір екенін жеткізді. Лимонның сорты көп екен. Тәжірибелі маман Қазақстанның оңтүстік өңіріне бейімделген әрі жемісті түрі «Ташкент F1» сортын егуді ұсынды.
Лимонның емдік қасиетін біле бермейміз. Оның рак, азқазан, жүрек аурулары мен қан қысымына таптырмайтын емдік қасиеті бар. Біз әдетте тұмауратқанда шәйға салып ішеміз, болды. Ал, қытайлықтар лимоннан жүз түрлі өнім өндіреді. Міне, аудан халқы үшін бұл жақсы бизнес болар еді. Жылыжайға қажетті 3 миллион 800 мың теңгені кәсіпкерлер палатасы 6 пайыздық несие көздерін қарастыру арқылы шешіп бермек. Қазір қаржы көзі қарастырылып жатқаны айтылды.
Модераторлық қызметті мойнына алған Ермек Ділдәбеков келесі кезекте әндіжандық Машъал Хушвақтовты да сөйлетті. Ол жүзім өсіруге айрықша тоқталды. Қаласаңыз бадам өсіріңіз, қорықсаңыз күнде көріп жүрген алма өсірсеңіз де болады. Машъалдың бағында жеміс талдарының барлық түрі табылады. Көшетін өзі әкеліп, қалай егу керектігін үйретеді. Күтіміне де көңіл бөледі. Олардың келіп-кету шығынын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз мойындарына алып отыр. Бұдан артық не керек. Тәуекелі жетіп, енжарлық пен жалқаулықтан арылған адам айналысуға болатын кәсіп.
Семинар барысында құс етін өндіру жолдары да жан-жақты сөз болды. Үй жағдайында «Бөдене», «Күркетауық» секілді еті мен жұмыртқасы сұранысқа ие құстарды өсіруге мүмкіндік мол. Абыз Абай айтқандай «Қарекет» қылсақ, берекеті болары сөзсіз. Семинарда тоқсан ауыз сөздің түйіні осы болды.
Мереке Ержанұлы.