Көкдөнендік кәсіпкер қарбыз өсіруді қолға алды

707 Views

Бүгінде қарбыздың жеуге жарамды 500-ге жуық түрі бар. Сондықтан да ол ең көп таралған бақша дақылы ретінде есептелінеді. Тарих беттерін парақтар болсақ, қарбыз өнімін ең бірінші алған мысырлықтар деген дерек бар. Олар қарбызды фараондар өлім құшқанда бірге сақтап қою үшін пайдаланған деседі. Ал, үш мың жыл бұрын адам баласы алғаш рет қарбыздың дәмін татты деген ақпараттар тарихи жазбаларда жиі кездеседі. Қарбыз жайлы әлеуметтік желілерде қызықты деректер өте көп. Тіпті, жапондықтар қарбызды арнайы ыдысқа салып, төртбұрышты пішінде өсіретіні бар. Аталмыш әдіс қарбызды тасымалдауға, сөрелерге сәндеп қоюға өте қолайлы екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Жылуды жақсы көретін қарбыз еліміздің оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде көптеп өсіріледі. Ал біздің ауданға көбіне Шымкент, Шу, Шардара елдімекендерінен тасымалданып, осы күнге дейін саудаланып жатыр. Соңғы жылдары дәмі тіл үйіретін көкөністі аудандық бағбандар да өсіруге ниет танытып келеді. Солардың қатарында Сайлаубек Ілиясов басшылық ететін «Абдулла» шаруа қожалығы да бар. Қожалық қызметкерлері ұзақ жылдар бойы картоп, қызанақ, қауын және қылша егумен айналысып келеді. Мәселен, биыл бағбандар қылшаны – 20 гектар, картопты – 4,5 гектар, қызанақты – 2 гектар алқапқа еккен. Одан бөлек гектарға жуық жерге қауын дәнін жасырған. Ал, қарбызды биыл бірінші рет егіп отыр. Қожалық басшысы оған шаруашылықтың арнайы бес гектар алқабын бөліп берген. Аталмыш ақпараттарды бізге «Абдулла» шаруа қожалығы басшысының көмекшісі Жүнісбек Мамалбеков мәлімдеді. «Бақша дақылдарының ішінде қарбыз өте нәзік болып келеді. Сондықтан да оған айрықша күтім қажет. Биыл қарбызды бірінші рет егіп отырмыз. Мақсатымыз – өзге өңірлерден тасымалданып, ауданымызда саудаланып жатқан өнімдерге нарықтағы бәсекелесі атану. Сәуір айынан бастап алқапқа қарбызды көшет түрінде отырғызып, арнайы мамандардың көмегімен өсірдік. Нәтижесі өздеріңіз көріп тұрғандай жаман емес. Ең үлкен өніміміздің салмағы 12 келіден айналуда. Шамалап алғанда биыл осы алқаптан 200 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отырмыз» деп алдағы жоспарларымен де бөліскен Жүкең, алқап басындағы жұмыстың оңай еместігін де тілге тиек етті. «Жоғарыда атап өткенімдей шаруашылық қарбыздан өзге көкөністер мен жеміс-жидектерді егумен айналысады. Оған жұмылдырылған бірнеше жұмысшылар бар. Мәселен, қарбызға күтім көрсететін жеті адам бар. Олар ауысым бойынша күндіз-түні осында жүреді. Ал, қылшада 40-тан астам жұмысшы қызмет етуде. Оларға еңбек ақылары күн сайын төленеді. Жалпы тәтті түбірді өсіруді соңғы үш жылдан бері қолға алып келеміз. Алғашқы жылы 60 гектар жерге егіп, өкінішке орай өнімді аз алған болатынбыз. Одан кейінгі жылы тәуекелге бел буып, қайта егіп, көздеген мақсатымызға жеттік. Яғни, өнімді өз деңгейінде өндіре алдық. Бірақ тәтті түбірдің айналасында өзекті өртейтін бір мәселе бар. Мысалы, қылшаның әр келісі 20 теңгеден бағаланса, 12 теңгесін мемлекет төлейді. Ал, қалған 8 теңгесін қант зауыты төлеуі тиіс. Неге екені белгісіз қант зауыттары осы 8 теңгені созбақтап, кешіктіріп беріп жатады. Соның кесірінен шаруашылықтың қылшаға байланысты жұмысы тұралап қалатынын айтқым келеді» — деп бірқатар мәселелерге тоқталды.
Бағбандардың басын ауыртатын тағы да бір мәселе – тау суының алқапқа жеткізілуі. Бұл бағытта кедергілер бар ма деп сұрау салғанымызда, бағбандар судың уақытылы жеткізіліп тұрғанын, ол жағынан ешқандай қиындық туындап жатпағанын жеткізді. Сол үшін де ауыл әкімі Төлеген Атабаевқа алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді. Округ басшысы өз кезегінде бағбандардың жұмысына сәттілік тілеп, Көкдөненнің кең алқабында өсірілген қарбызынан дәм татып, жоғары бағасын берді.
Сайлаубек ағаның қарбызы көршілес жатқан елдімекендерде және ауыл арасында тиімді бағада саудалануда. Жуық арада орталық базарға шығар­мақ. Егер де жергілікті өнімнен дәм тат­қыңыз келсе, «Көкдөнендік қар­быз» қайда сатылады деп сұраңыз. Егер тапсаңыз, дәмі тіл үйіретін, шырыны мол қарбыздан дәм тататыңызға сенім білдіреміз.

Ж.БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: