Қайыңдының қадірлі қариясы

668 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы әлі күнге дейін өзіктілігін жойған жоқ. Бұл — аталмыш мақаланың ауқымды мәселелерді қозғағанын, қо­ғам арасында ерекше орын алғанын, шешімі түйіндеулі тұрған жәйттер­дің жауабын табуға бағытталғанын аңғартады. Елбасы аталмыш мақалада ұлттық сананың қайта жаңғыруын, бәсекелестік қабілеттің артуын, ұлт­тық бірегейліктің сақталуын, білімнің салтанат құруын, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын, сананың ашық болуымен қатар, «Туған жерге туыңды тік», «Жаныңда жүр жақсы адам» жобаларының өз деңгейінде ұйымдастырылуын көздеді. Соның нәтижесінде осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай талай іс тындырылды. Елбасы мақаласында : «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деген болатын. Елбасының медиа саласының қызмет­керлеріне тапсырған жүктемесін орын­дау мақса­тында біз ауданнан шалғай орналасқан Қайынды жеріне арнайы барып қайттық. Мақсатымыз – жастарға үлгі болатын, көптің көңілі толатын азаматты тауып, сол жайында басылым бетінде сөз ету. Бірден айта кетейік, кейіпкерімізді көп іздеп, әуре сарсаңға түскен жоқпыз. Ауыл әкімі Азамат Асанбайдың кеңесімен талай жылдар бойы агро салада ауқымды жұмыс атқарған, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен еңсере білген Мейірқұл Скендіров жайында сөз қозғауды жөн деп таптық.
Жасы сексенге жуықтап қалған Мейірқұл ақсақал Қайындының қадірлі қартына айналған бүгінде. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы ауылдағы сан түрлі шаралардың ұйымдастырылуына қол ұшын созып жүр. Жастарға айтар ақылы, көмек сұраған жандарға берер кеңесі таусылмаған жан. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы ағайынды бірінші болып ойлайтын ардақты азаматтардың бірі.
Мейірқұл Скендірұлының өмірі де көпке үлгі боларлықтай. Мәселен, ол еңбекке жастайынан араласып, «Бірлес», «Путь комунизму», «Жаңатұрмыс» колхоздарында түрлі салаларда абыроймен қызмет атқарған. Дегенмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колхоз бен совхоз тараған сәтте жеке дара бөлініп, кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көрген. Бірақ, бар өмірін ауылшаруашылығына арнаған ақсақал кәсібінде осы саламен байланыстыруды көздеп, бірер жыл бұрын туған жерінде «Нұржігіт» шаруа қожалығын құрады. «Кеңес дәуірі кезінде басшылардың бұйрығымен әр түрлі жұмыстарды атқардым. Жоғарыда өздеріңе айтып өткенімдей, ауылдан жырақта жұмыс істедім. Дегенмен, туған жеріме оралып, ауылымның әлеуетін көтеру – басты арманым болатын. Сондықтан ойланбастан, ауылда қожалық ашуды дұрыс шешім деп таптым. Қазіргі таңда қожалықта 850 бас қой және бірнеше жылқы мен сиыр бар. 30 гектардан астам алқапқа бидай мен арпа егіп, ору науқанын сәтті аяқтап үлгердік. Аллаға шүкір, жұмысымыз жоспарлы түрде жүргізілуде» деп, сөз арасында қожалық жұмысын да кеңінен баяндап беріп, ауылды көркейтуде тұрғындардың атқарар рөлі зор екенін тілге тиек етті. «Өзге өңірді мекен етсек те, туған жеріміздің тым құрығанда бір тасын қалау – біздің міндетіміз. Аталмыш патриоттық сезім әрбір адамда болуы керек деп есептеймін. Сонда ғана ауыл дамиды.Өседі.Көркейеді. Біздің Қайынды жері қазір өмір сүруге әбден қолайлы. Тіршілік көзі саналатын ауыз су тәулік бойы ағып тұр. Әрбір үйге көгілдір отын да кіргізілген. Жалпы алғанда, жанға жайлы барлық жағдай жасалған. Ауыл ақсақалдары жастар тәрбиесіне үлкен мән беріп келеді. Дегенмен, ауылымызда әлі де атқарылар жұмыстар баршылық. Мәселен, ауыл жері ауылшаруашылық саласына қолайлы болғандықтан, ауылымызда төрт түліктің терісі мен жүнін кәдеге жарататын шағын цех жұмыс істесе деген арманымыз бар. Сонымен қатар, халық бір сәт тынығатын демалыс орындары ашылса дейміз. Ал ол үшін осы ауылда кіндік қаны тамған кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастарды тартуымыз керек. Себебі, туған жерге туымызды тігу – баршамыз берік ұстанатын қағида» деп өз ойымен бөлісті.
Өмірі өнегелі ақсақалмен әңгімелесу барысында көп нәрсені көкейге түйіп қайттық. Тіпті, ауыл қариясы бала тәрбиесіне қатысты өзінің жеке тәжірибесімен де бөлісті. Бүгінде Мейірқұл ақсақал өмірлік жары Зурахан апамыз екеуі 2 ұл, 2 қыз өсіріп, 9 немере, 4 шөбересін тәрбиелеп отырған жайы бар.
РS: Біз ауылдастары арасында сый- құрметке лайықты, әуелі өзінің емес, ауылының жайын ойлаған, отбасы үшін алып бәйтерекке айналған Мейірқұл ақсақал секілді өнегелі өмір иелерін үлгі етіп, басылым бетінде әлі де мақалалар топтамасын жариялайтын боламыз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: