ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
57 ViewsОРАЗА ДЕГЕН НЕ? Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу. Оразада ішіп-жеу және құмарлық сезімдерден сақтану – парыз. Оразаның уақыты –…
Ауыл шараушылығының кенже дамып келе жатқан салаларының бірі – құс шаруашылығы. Кезінде үйір-үйір жылқы, отар-отар қой баққан қазақ халқы бүгінде аты аталған кәсіптің кең өріс алуына, қарқынды дамуына өз үлесін қосып келеді. Мәселен, соңғы алты айдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде құстардың саны 113 010-ға жетіп, 103,1 пайызға артқан. Бұл — жалпылама алғанда жаман көрсеткіш емес.
Жуырда Ақыртөбе ауылдық округіне ат басын бұрдық. Онда алдымен округ басшысы Айбек Әбішевке жолығып, ауылдың бүгінгі жағдайына қанық болдық. Ауыл әкімінің сөзіне сенсек, соңғы уақытта ақыртөбеліктер кәсіпкерлікпен айналысуға мықтап кіріскен. Бір сөзбен айтқанда кәсібінен нәсібін тауып жүргендердің қатары көбейгендігін жеткізді. Ауыл әкімі бізді Нәсіпхан Омарбековтың үйіне бастап барды.
Нәсіпхан Омарбековты жергілікті жұрт жақсы таниды. Бұрындары елге белгілі болған тіс дәрігері бүгінде зейнет жасында. Бірақ, ауыл ақсақалы зейнеткер атандым деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Керісінше балаларымен бірлесіп, әркімнің батылы бара бермейтін кәсіп бастап, күркетауық өсіруді қолға алған.
— Негізінен біз бұрыннан бері мал шаруашылығымен айналысып келеміз, – деп бастады әңгімесін ақсақал. — Қолымыздағы малды қыста үйімізде ұстап, жазда жайлауға жіберіп отырамыз. Сол себепті де, биыл жаз бойы бос отырмай, кәсіптің бір түрімен айналысуды жөн көрдік. Бірақ өзімізге қолайлысын таңдауды көздеп, ұзақ ойландық. Бір күні ұлдарым маған күркетауық өсіру идеясын ұсынды. Олар интернет арқылы күркетауықтың «BIG-6» деп аталатын ерекше бір түріне қызығушылық танытқанын, сол жайында біраз мағлұмат жинағандарын жеткізді. Оны күтіп ұстау, баптау, тамақтандыру, емдеу әдістерін мықтап зерттегендерін айтып, қолдау көрсетуімді сұранды. Ал, мен өз кезегінде «Болам деген баланың бетін қақпа, белінен бу» деген нақылды берік ұстанып, ұлдарыма өз келісімімді бердім, — дейді қария.
Нәсіпхан ата күркетауықты өсіруді алғаш рет қолға алып отыр. Көктемнің алғашқы кезеңдерінде 200-ге жуық бір айлық балапандарды Алматыдағы арнайы кәсіпорыннан сатып алыпты. Ал, күркетауық жұмыртқалары Алматыға сонау мұхиттың арғы жағында орналасқан Канада мемлекетінен әкелінеді екен. Әр балапанның бағасы – 3500 теңгенің шамасында.
— «БИГ – 6» күркетауығы 150 тәулікте өсіп жетіліп, осы аралықта өзіне керекті салмақты жинайды. Яғни, небәрі бес айда толыққанды дайын болады деген сөз. Біз баптап отырған күркелер төрт айдан асты. Енді қалған жиырма күнде лайықты күтім көрсетсек, өзіміз күткен нәтижеге қол жеткіземіз деген ойдамын. Күркетауықтарымыз қазірдің өзінде аналықтары 11-12, аталықтары 15-16 келіге жетіп үлгерді, — деп ауыл ақсақалы қуанышын жасырмады. Ақсақалдың айтуынша, «БИГ- 6» күркетауығы осы санаттағы ең ауыр салмақ жинайтын құс екен. Оның салмағы шамамен алғанда 20 — 25 келіге дейін жететін көрінеді. Сондықтан да аталмыш күркетауық түрі тек ет бағытында өсіріледі.
— Негізінен күркетауықтар ашық жерде жайылып өседі. Ал, «БИГ- 6» күркетауығын ұстау үшін алақандай алқап болса жеткілікті. Өйткені, олар жайылымдық жерлерді қажетсінбейді. Ашығын айту керек, алғашында кең алқапқа жайып жүретінбіз. Кейіннен олардың имунитеті әлсіз, тез ауырып қалатынын аңғардық. Сол себепті оларға барлық талапқа сай қора жабдықтап шықтық. Құс өсіру кезінде қора ішіндегі ылғалдылықты қатаң бақылап отыру негізгі шарттардың бірі. Одан бөлек күркелерді күндіз ашық жерге шығарып ұстаған абзал. Себебі құс саңғырығынан улы газ бөлінеді. Егер де күркетауықтар жабық қорада ұсталса, уланып қалуы бек мүмкін. Ендігі кезекте тамақтандыру әдісіне тоқталсақ. «БИГ-6» күркетауығы арнайы жеммен өсіріледі. Алғашқы айларында «Старт» деп аталатын жеммен қоректенсе, үшінші айдан бастап бойы өсуі үшін «Рост» деген жем беріледі. Ал, төртінші және бесінші айларында берілетін жем атауы «Финиш» деп аталады. Сонымен қатар, күркелерге арнайы антибиотиктер, витаминдер беріп отыру қажет. Олар құстың дұрыс жетілуіне, өсуіне өз әсерін тигізеді. Ескеретін бір жайт бар. Аталмыш жем мен витаминдердің бағалары қымбаттау. Сондықтан,біз осы тығырықтан шығу үшін жемнен бөлек, көк пияз, укроп өнімдерін және қарбыз қабығын да беріп жатамыз. Оларды күркетауықтар сүйсіне жейді – деп тамақтандыру әдістеріне кеңінен тоқталды.
Кез келген кәсіпкердің алдынан шығатын екі мәселе бар. Оның бірі – өнімді өндіру немесе өсіру болса, екіншісі – оны тұтынушыларға өткізу. Жиырма күнде өнімі дайын болатын Нәсіпхан ағамыздан құс етін қайда өткізетінін де сұрап білдік.
— Қазақ бірінші кезекте қайтсе де қой етін таңдайтын халық. Өкінішке орай біз сол қой етінің асқазанға ауыр болатынын ескере бермейміз. Ал, күркетауық еті диеталық тағамның ең үздігі. Сондықтан біз баптаған құс етіне сұраныс өте жоғары деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені, қазірдің өзінде әр жақтан қоңырау шалып, хабарласып, сатып аламыз деп жатқандар өте көп. Бағасы да көңілге қонымды. Күркетауық етінің әр келісін 2000-2200 теңгеден өткеруге болады – деп жауап берді.
Осылайша, біз арнайы сапар барысында канадалық күркелердің Ақыртөбе жерін жатсынбай, емін-еркін жүргенін өз көзімізбен көріп қайттық.
Иә, күркетауықтарға жем-суын беріп, бетіне қарап отыра алмайсыз. Себебі, кәсіптің қай түрі болмасын қиын болып келетіні айтпаса да ақиқат. Әйтсе де бойында күш-жігері мен ынтасы тасыған, тәуекелге бас ұрған жандар ғана нағыз кәсіпкер бола алады. Ол үшін өз ісіңе деген сүйіспеншілік, төзімділік пен жауапкершілік қажет. Ал, жасы үлкен болса да, Нәсіпхан ағамыздың бұл ісі қолына ұстар күрек таппай жүрген жандарға үлгі болатыны айдан анық. Ал, біз өз кезегінде зейнеткер бастаған кәсіптің келешегі кемел болатынына кәміл сенімдіміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.