Электронды қызмет елге тиімді

607 Views

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал 2020 жылы кемінде 90 пайызы электронды форматқа көшірілуі тиіс» деп тапсырма берген болатын. Ел Үкіметінің 2013 жылдың 18 қыркүйегіндегі №983 Қаулысымен бекітілген тізілімге 741 мемлекеттік көрсетілетін қызметтер енгізілсе, жыл басында өткен Үкімет отырысында соның 454-і электронды форматқа көшірілгені айтылды. Бұл еліміздегі электронды қызметтің 61 пайызды құрайтынын көрсетеді. Егер Елбасы тапсырмасымен салыстыра қарасақ, мелекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру және оны халыққа кеңінен насихаттау жұмыстарының әлі де қарқынды жүргізілетінін аңғарамыз.
Осы мақсатта аудандық мәдениет үйінде «Ашық мемлекет» мемлекеттік көрсетілетін қызметтер жәрмеңкесі өтті. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша тұрғындарға дәйекті әрі нақты кеңестер беруді көздеген аудан әкімі аппаратының және аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің мамандары халыққа электронды қызметтің тиімділігін жеткізді. Жәрмеңкені аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас инспекторы Әлі Жеңіс Бекқұлыұлы ашып, www.egov.kz, Telegram-бот @EgovKzBot, «Digital agent» секілді мобильдік қолданба­ның артықшылықтарына тоқталды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына бүктемелер, egov.kz логотипі бар кружкалар мен блокноттар таратты. Ал, халыққа қызмет көрсету бөлімінің маманы А.Шапатаева бейнеролик арқылы @EgovKzBot мобильдік қолданбаны қалай пайдалану керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, бөлім мамандары @EgovKzBot мобильдік қолданбаны жәрмеңкеге қатысушылардың телефондарына орнатып, пайдалану нұсқаулықтарымен таныстырды.
Жәрмеңке барысында аудан тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойып, тиісті кеңес алды. Бізге Құлан ауылының тұрғыны, зейнеткер Мерейкүл Тойбекованың сауалы өзекті көрінді. Ол күйеуі Алпысбай Кушеповке мемлекет тарапынан берілетін міндетті гигиеналық құралдарды алғысы келетінін айтады. Мерейкүлдің мәселесін мұқият тыңдаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жадыра Санғышова «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, міндетті гигиеналық құралдар (памперстер) мүгедек азаматтарға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде берілетіндігін атап өтті. Сала маманының сөзінен ұққа­ны­мыз Алпысбай Кушеповке мүгедек­тік тағайындалмағандықтан мүгедек­ті оңалтудың жеке бағдарламасы әзірленбеген. Ал, оны дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысымен медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі әзірлейді екен. Сондықтан Мерейкүлге аудандық орталық аурухананың дәрігерлік-консультативтік комиссиясына қайырылуы қажеттігі түсіндірілді. Сол секілді қоғамдық жұмысқа жіберу туралы Қарақат ауылының тұрғыны Бахыткүл Башкееваның, ұлын 1 сыныпқа қабылдау бойынша Шөңгер ауылының тұрғыны Айдос Жырғалбаевтың, баласын мектепке дейінгі білім беру ұйымына тіркеуге қатысты Құлан аулының тұрғыны Акыл Жапатовтың сауалдарына аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы мен білім бөлімінің мамандары жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мереке Сейдашым.

Поделиться ссылкой: