Көкдөнендіктер кәсіп ашқысы келеді, бірақ…

839 Views

ауылда ағын су тапшы

Өткен аптада облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көкдөнен ауылдық округіне барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Ерболат Салқынбекұлы аралаған алғашқы мекеменің бірі — Жақсылық ауылындағы Қызылпан Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектеп ғимараты болды.
Қайбір жылдары республикалық ең үздік 100 мектептің қатарына ен­ген білім ошағының «сүйегі» жақсы болғанымен, ондағы абаттандыру және көріктендіру жұмыстарының көңілге қонымды емес екенін аудан басшысы мектеп директоры Ақбота Стыбаеваға ескертті. 624 оқушыға шақталып салынған мектептің ішкі келбеті де көмескі тартқан. Бірақ бұл жағдай білім алушыларға аса бір кедергі келтірмейді. Өйткені, атақты Қызылпан Сұлтанбеков басшылық еткен атал­мыш білім мекемесінің биылғы түлек­тері ҰБТ-дан өте жоғары балл алған. Нақтырақ айтқанда 12 түлектің 10-ы еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарына грантқа түсіпті.
Келесі кезекті Ерболат Салқынбекұлы Жақсылық ауылдық фельдшерлік акушерлік тірегі ғи­маратына және онымен жапсарлас орналасқан ауылдық кітапханаға бас сұқты. Аталған мекеме қыз­меткерлерімен өрбіген әңгіме ба­рысында аудан әкімі халыққа көр­сетілетін мемлекеттік қызмет стан­­дарттарының нәтижелі жұмысы, «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен сөз қозғады. Көнерген қос ғимараттың да проблемасы жет­кілікті. Медпункта су мәселесі айтар­лықтай өзекті мәселенің бірі болса, кітап­ханада оқитын құнды кітаптар аз көрінеді. Ауыл кітапханашысының сөзінше жақсылықтықтардың кітап оқуға деген талпынысы ерекше. Алайда, тарихи романдардың тым аз екенін айтады кітапханашы. Бұл мәселе төңірегінде аудан әкімі ауыл­дық округтің бас маманы мен аудан әкім­дігі мәдениет және тілдерді дамы­ту бөлімінің басшысына тиісті шара­лар қабылдау керектігін жеткізді.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Көкдөнен ауылдық округіндегі алаш зиялысы Ахмет Байтұрсыновтың есімін еншілеген шағын орталық­ты орта мектеп ғимаратын да аралап көрді. 420 оқушыға арналған білім ошағының көптеген жетістіктері бар екенін біз білеміз. Бірақ дәл қазір оны тәптіштеп жазудың қажеті жоқ шы­ғар. Бір білетініміз, Айгүл Әскербекқызы басшылық ететін бұл мектептің оқу­шыларының кез келгені зерек әрі алғыр.
Білім мекемесінің жаңа оқу жылы­на сақадай сай екеніне көз жеткізген аудан әкімі мектеп директорына мына мәселелерге мұқият қарау қажеттігін айтты. Ол бірінші кезекте, ата-ана­ның қалтасын қағатын түкке пайдасы жоқ ақылы жарыстар болса, екіншісі мектеп асханасындағы көп­теген келең­сіздіктерді болдырмау мәселесі. Сондықтан тегін тамақтандырылатын оқушылар үшін бөлінетін қаржыны тен­дерден ұтып алатын кәсіпкерлердің кәсібіне дұрыс қадағалау қажеттігін сөз етті. Өз кезегінде мектеп директоры бұл пікірді қостайтындығын айтып, бұл мәселе төңірегінде кәсіпкермен етене жұмыс жасайтынын жеткізді.
Содан соң, Ерболат Садырқұлов Мэлс Өзбековтей дарынды сазгер дүниеге келген Көкдөнен ауылындағы бірді-екілі үйді аралап, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жай-жапсары төңірегінде кеңінен сөз қозғады. Сондағы байқағанымыз, Көкдөненнің де, Жақсылықтың да тұрғындары әкімшіліктен қолдау көрсетілсе, кәсіптің көзін табуға дайын. Алайда, қос ауылда егін суаратын судың әжептеуір проблема екенін көз көрді. Оны халық та айтып жатыр. Мәселен, Көкдөнен ауылының тұрғыны Ниетжан Шынасилов есігінің ауласына құлпынай егіп, биыл біраз пайда тапқан. Ауласында әлі де егін егетін жер жоқ емес, бар. Дегенмен, оны кәдеге жаратайын десе, су кедергі. Әйтпесе, Ниетжан көкеміз кәсіпке қырын қарап, жалқаулық танытып отырған жоқ. Не істемек керек? Бұның жауабын аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жілігін жіктеп, тәптіштеп түсіндіріп берді.
Бұдан кейін, Көкдөненде салынып жатқан жаңа медпункт ғимаратына бас сұққан Ерболат Садырқұлов құрылыстың сапасыз салынып жатқанын көріп, құрылысшыларға біраз сын-ескертпелер айтты. Адалын айту керек, медпунктің жаңадан салынып жатыр дегені болмаса, құрылыс материалдарының тым «арзан» екені бірден көзге көрініп тұр. Ерболат Салқынбекұлы сол арада құрылысшының бірін сөзге тартып, сұрақтың астына алды. Ғимараттың іргетасы қисық қаланғанын қатаң түрде ескертіп, бұл жайтты басты назарда ұстау қажеттігін ауылдық округтің бас маманына тапсырды.
Аудан басшысының бекітілген алгоритмге сәйкес жоспарланған жұмыс кестесі ауылдық мәдениет үйінде өткен жиналыспен қорытындыланды. «Осы жиналысқа дейін мен бүгін қос ауылдағы әлеуметтік нысандар мен қоса, бірқатар тұрғындардың үйіне арнайы бас сұғып сөйлесіп, пікірлестім. Сондықтан бүгінгі жиналысымызды екі бағытта өрбітсек. Әуелі облыс әкімі Асқар Исабекұлының тапсырмасы бойынша әрбір аула маңындағы бос жатқан жерлерді қалай игереміз? Мейлі ол егін, мал бордақылау бойынша болса да. Ал екінші мәселе ауылдық округте шешімін таппай отырған түйткілді мәселелерді қозғасақ. Бұған қалай қарайсыздар?» деді Ерболат Салқынбекұлы жиналыстың әуелгі әлқиссасында. Тұрғындар бұл пікірге келісті. Сөйтіп, екі сағатқа созылған жиналыста көптеген пікірлер айтылды. Аудан әкімі дәл осы Көкдөнен ауылдық округін «Пилоттық жоба» ретінде облысқа ұсыным беріп отырғандығын сөз етті. Алдағы уақытта қаржы көзі қарастырылып, іске кіріскен сәтте ауыл тұрғындарының қолдауы аса қажеттігін де сөз қылды. Иә, округте су тапшылығынан проблемалар бар. Аудан әкімшілігі бұл мәселені шешіп беруге әзір. Бірақ, тұрғындар ертеңгі күні бастаған іске толыққанды нүкте қоя алатындай болуы шарт. Ол қадамға жиналысқа қатысушылар сақадай сай екендіктерін білдірді. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында Жақсылық ауылының тұрғыны Әнуарбек Тұрманбетов жас отбасыларға қолдау көрсетіліп, оларға жер телімдері үлестірілсе деген сұрақ жолдады. Көкдөнендік Жомарт Төлеуішов ауылдағы бағдаршамға бейне бақылау қондырғысы орнатылса екен дейді. Қойылған сауалдарға аудан әкімі кеңінен сөз қозғай отырып, нақты мысалдармен жауап берді. Айтылған ұсыныстың барлығы хаттамаға түсіріліп, тиісті сала мамандарына тапсырмалар жүктелді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Мұхаметкерім-тегі қария қорытындылап:

Жүрген жерлеріңіз жазық болсын,
Ар мен абырой өмірлеріңізге азық болсын.
Қатарларыңыз көп болсын,
Уайым-қайғымыз жоқ болсын.
Ағайында осындай тірлік болсын,
Жарасымды бірлік болсын.
Көбейе берсін айлықтарыңыз,
Ұлғая берсін байлықтарыңыз,-деп ақ батасын берді.

Марат ДиханбАЙ.

Поделиться ссылкой: