Жалқаулық жарға жығады

615 Views

Тұңғыш мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз.
Бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвес­тицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керек. Дәл осы бизнес арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандықтардың басым бөлігі табыспен қамтамасыз етіледі» деген еді.
Елбасы тапсырмасын іске асыру үшін ел Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қолға алды. Халық өзінің киер киімі мен ішер асын, сондай-ақ тұрмыстық жиһаздарды өздері өндіре алу керек. «Қарапайым заттар экономикасының» негізгі әрі қарапайым қағидасы осы. Бағдарламаның аты айтып тұр­ғандай қарапайым заттарды өзі­міз өндірмейінше экономикамыз өріс­темейді. Оған алғы шарттар жасалды. Мемлекет тарапынан кешенді шаралар қабылданып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ…
Бізде абыз Абай жиі сөз еткен масылдық психология басым. Оңай олжаға кенелуді қалап тұрамыз. Жұмыс істеуге құлық жоқ. Құлық болса жұмыс көп. Қай кәсіпкермен сөй­лессек те «жұмыс күші жетіспейді» де­генді естиміз. Ешкім бармайды. Жан қинап жұмыс істегілері келмейді. Үйде жатып мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алғанды қолай көреді. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан алынған мәлімет ойлы адамға ой салады. Биылғы жылға бюджеттен 1970411,0 мың теңге қаражат бөлініп, аудан бойынша 2267 отбасының 14447 адамына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Солардың ішіндегі 2751 адамы еңбекке қабілетті екен. Жұмыс істеймін десе екі қолға бір күрек табылары хақ.
Қазір әлеуметтік көмекті алудың да түрлі тәсілін тауып алдық. Табысты азайту үшін ажырасқандар да, ата-анасын тұрғылықты үйінен тіркеуден шығарып жатқандар да бар. Бұл енді қазақы қалыбымызға сыймайды. Ақша табудың адал жолы маңдай тер, табан ақы емес пе? Осы сұрақ кім-кімді де ойландыруы керек секілді.
Үй іргесінде қосалқы шаруашылық жерлер игерілмей бос жатыр. Оны игерудің бір ғана жолы – еңбек. Ауыл халқы үшін мал бағып, бау-бақша өсіру қолдарынан келетін шаруа. Ендеше, кәсіп ашып, оны дамытуға не кедергі? Еңбекқор болып, кәсіп меңгермей табысқа жету мүмкін бе? Елбасы айтқан Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру үшін мемлекет бірігіп жұмыс істеуге дайын. Біз ше?..
Әлемде азық-түлік нарығының басым бөлігі Қытай халық республикасына тиесілі. Қытайдан келетін тағамдардың құрамына пластик, пестицид және канцерогенді химиялық заттар қосылатынын айтып, мамандар дабыл қағып жүр. Егер ұлттық қауіпсіздігімізді ойласақ, Үкімет ұсынған «Қарапайым заттар экономикасына» иек артып, тамақ өнеркәсібін өркендету керек-ау. Малдың терісі мен жүнін кәдеге жаратып, киім өндірісін де дөңгелетуге болады. Жалқаулық жарға жықпасын десек, берекені көктен емес еткен еңбектен тілеген тиімді.

Мереке Ержанұлы.

Поделиться ссылкой: